Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 05 Наурыз 2024

Кенже қыздың 21 жыл бұрынғы «еркелігін» Асылов үнсіз көтере ме?

Назарбаева
Фото: из открытых источников

Кәсіпкер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева бизнесімді күштеп тартып алды деген мәлімдеме жасады.

Билік басындағылар ескі Қазақстанның еркелерін сабасына түсіріп, олар заңсыз иемденген активтерді қидай сыпырып қайтарып алып жатқанын айтып жүр. Жаңа Қазақстан елде әділдік орнатып, бұрынғы заңсыз әрекеттердің бәрін жөнге салып үлгергендей лепіреді. Бірақ бұған қарапайым халық сене қоймайды. Жаңа Қазақстанның «жыршылары» мақтауын асырған заңсыз активтерді қайтару жұмысы да жұрт көңілінен шығып жатқан жоқ.

Ал 30 жыл бойы елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған экс-президент әулетінің мұртын балта шапқан жоқ. «Әулетті» әуреге салып жатқанымыздың жалғыз дәлелі – Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалды ғана.

Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Назарбаевтың немере інісі бюджетке тағы 82,6 миллиард теңге қайтарғанын айтты. Ал қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Боранбаев мемлекетке тағы 120 млрд теңге береді деп мәлімдеді. Назарбаев отбасының құрбандыққа шалған «еркек тоқтысы» қазірше қос Қайрат қана болып тұр. Әйтпесе, 30 жылда ойына келгенін істеді деген күдікке ілінген «туыс-туған» өте көп. Солардың ешбіріне Жаңа Қазақстанның тісі батпай отыр.

Мысалы, «фамилиясы көмектесіп», байып кеткен Болат Назарбаев Алматы базарларын уысында ұстады деген ақпарат бар. Ал бұрынғы президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваның «Кенжехан» базарындағы «былығы» жайлы бірнеше мәрте жаздық. Бұдан өзге де қолынан келіп тұрғанда қонышынан басқан күйеу балалар мен құда-жекжаттардың есімі жиі аталады.

Ескі әулеттің өкілдері заңсыздықты заңды жолмен жасап, мемлекет мүлкін қалтаға басқаны аздай, жеке кәсіпкерлердің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алудан да тайынбаған. Бұған дейін Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға осындай айып тағылған. Сатыбалдының өзі де «Хилтон-Алматы» қонақ үйін күшпен тартып алды деген күдікке ілініп отыр. Білетіндер Болат Назарбаевтың да мұндай әрекетке әуес болғанын айтады.

Күші көп кіші қыз

Жақында экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға да осындай айып тағылды. 28 ақпанда Нұрлан Бимурзин есімді кәсіпкер Астанада баспасөз жиынын өткізіп, құны 170 миллион доллар болатын ірі бизнесін «кіші қыз» күштеп тартып алғанын мәлімдеді. 7 мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін қамтитын «ТПК Азия» ЖШС 2003 жылы Назарбаеваның меншігіне өткен. 20 жыл бойы экс-президенттің ықпалынан ығып, тілін тістеп келген Бимурзин жоғын жоқтауға енді ғана тәуекел етіпті.

«2002 жылы бізге әуелі қаржы полициясы қысым көрсетті. Сол кезде Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, қаржы полициясынан қорған бола алатынын, ол үшін бизнестің 50 пайызы берілуі керектігін айтты. Бір жылдан кейін Назарбаева қалған үлесті сұрады. Бұл әңгіме 2003 жылдың қазанында басталды. Олар менің әкем мен серіктесі Медғат Қалиевпен сөйлесіп, активті беру туралы талап қойған. Кейін әкемді Абай мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысынан ұрлап әкетіп, Төле би мен Панфилов қиылысында орналасқан Назарбаеваның кеңсесіне апарған. Әкеме Әлия Назарбаева сұрақты төтесінен қойып, «отбасың үшін алаңдайсың ба, жоқ па» деп сұраған. Әкем олардың қолында билік пен әкімшілік ресурс тұрғанын түсініп, отбасының амандығы үшін келісімшартқа қол қоюға келіскен. 2003 жылы 13 қарашада ол жерге жұбайыммен бірге бардым, онда Әлия болған жоқ, бірақ оның орнына Валентина Рогова (Конституциялық кеңестің төрағасы болған Игорь Роговтың әйелі) болды. Мен үлесімді небәрі 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым», – дейді Нұрлан Бимурзин.

Бимурзин 2024 жылдың 19 ақпанында бас прокуратураға арыз түсіргенін айтты. Ал мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған. Депутаттық са уалдың толық мәтіні мәжілістің ресми сайтында тұр. Онда «компанияны Назарбаева Рогованың заңгерлік көмегімен өз атына жаздырып алғаны жөніндегі куәліктің көшірмесі мен басқа да құжаттарды мен сіздің қолыңызға тапсырған едім. Әлия Назарбаева қол қойған нотариалдық куәліктің және басқа да келісімшарт құжаттарының көшірмесі бас прокурорға тапсырылды» деп жазылған.

Сондай-ақ депутат прокуратура «істі қайта қарау мерзімі өтіп кетті» деген желеумен арызды жауып тастауға әрекет жасап жатыр деген күдігін айтыпты. Ол бұрынғы «бірінші семьяның» озбырлығы мен қиянаттарына қатысты істерді «срок давности» деген желеумен аяқсыз қалдыруға болмайды деп санайды.

Бұл іс қоғамда резонанс тудырып, көп талқыланып жатыр. Әлеуметтік желідегі жұрт бұған аса таңғалмайтынын айтады. Көпшілік біздің елде кейбіреулер «берсе қолынан, бермесе жолынан» деген ұстанымға әбден үйреніп алған деп санайды. Оларға кейде «фамилиясы», кейде «Франклин» көмектеседі деген болжам бар. Қалай болғанда да Қазақстанда кәсіпкерлерге рейдерлік қысым жасайтындардың болғаны анық.

Үндеместен үйдей пәле шықты ма?

Экс-президенттің 3 қызының ішінде ең танымалы Дариға Назарбаева болатын. Үлкен қыздың ойланбай, ойқастап сөйлейтін сөздері БАҚ бетінен түскен емес. Ән айтты, медиамагнат атанды, саясатпен айналысты. Тіпті билік иерархиясындағы екінші адам атанып, сенат төрағасы болғаны бар. Ол жұрт назарында биліктегі ең «жағымсыз кейіпкерлер» тізімінде болды. Ал Динара Назарбаева саясатқа бара қойған жоқ, бірақ Тимур Құлыбаевпен бірге елдегі ең бай отбасы ретінде халыққа жақсы таныс.

Үш қыздың арасында кенжесі көзге көп түспейтін. Қаңтар оқиғасына дейін ол жайлы әңгіме көбіне Қырғызстанмен құдандалығымыз төңірегінде өрбитін. Бірақ Қаңтардан кейін оның біршама былығы су бетіне шықты. Кіші қыз үндемей жүріп, үлкен «бизнес империясын» құрып алыпты. Мысалы, біз бұған дейін Назарбаеваның утилизация бағдарламасы арқылы ұлан-асыр пайда тапқанын және тұтас елдегі пойыз билетін онлайн сатып, мол қаржыға қол жеткізгенін жазған едік. Ол қазір бұл екі майшелпегінен де айырылды. Бірақ 10 жыл бойы оңай ақшаға кенелген кенже қыз бұл үшін аса қайғыра қоймаған шығар.

Ал Бимурзиннің мәлімдемесі мүлде бөлек әңгіме. Бұл Назарбаеваның заңды белшесінен басып, адам өміріне қауіп төндіре отырып, рейдерлікпен айналысқанын білдіреді. Әрине, мұның шын-өтірігін жауапты органдар анықтауы қажет. Кәсіпкер бас прокуратураға арыз жазған, өзінің айтуынша, шағым активтерді қайтару жөніндегі комитеттің қарауында жатыр. Ол мұны egov.kz порталы арқылы біліп отыр. Ал іс қозғалатын-қозғалмайтынынан қазірше хабарсыз. Бас прокуратураға біз де ресми сауал жолдап, істің мән-жайын сұраған едік. Бірақ газет беттелгенше жауап келген жоқ.

«ТПК Азия» ЖШС жайлы ашық дереккөзде ешбір мәлімет жоқ. Бимурзин компанияның 2010 жылы банкрот болып, жабылғанын айтады.

«Компанияны 1999 жылы менің әкем мен Медғат Қалиев құрған. Өз қолымызбен іргесін қалаған фирма еді, 2003 жылы ондағы бар үлесімді аз ғана ақшаға Назарбаеваға бердім. Қалиев өз үлесін тіпті тегін берді. Бұл бізге моральдық және материалдық тұрғыда өте ауыр тиді. Бүкіл қаржымызды осы компанияға салған едік, соның бәрінен айырылдық.

Әкемді ұрлап кеткенін көрген екі куәгер бар, олар айғақ беруге дайын отыр. Сондай-ақ үлесімді беру жөніндегі түпнұсқа келісімшарттарды әлі сақтап жүрмін. Онда Әлия Назарбаеваның қолы қойылған. Дәлел болатын барлық құжат дайын.

Сол жылдары біз сияқты қысымға ұшырап, бизнесі мен мал-мүлкінен айырылған адамдар аз емес деп ойлаймын. Бірақ олар бас көтеруге қорқып отыр. Біз де 20 жыл бойы қорқып келдік, тіпті әлі де қорқамыз. Отбасымыз, жақындарымыз үшін алаңдаймыз. Бірақ қашанғы үнсіз жүре береміз, шындықты айтатын кез келді деп есептеймін. Кәсібі мен мүлкінен айырылған басқа адамдар да жақында шындықты айтып, құқығын қорғауға бел буады деп ойлаймын», – дейді Нұрлан Бимурзин.

Кәсіпкерлердің шулы мәлімдеме жасағанына 6 күн болды. Ал бас прокуратураға арыз түсіргеннен бері екі апта өткен. Бірақ Берік Асылов әлі үнсіз отыр, БАҚ-қа да, арыз иесіне де жауап берген жоқ. Елдегі ең танымал әулеттің өкіліне қатысты рейдерлік жөнінде айып тағылып, қоғам талқысына түсіп жатқанда прокуратураның үнсіз отырғаны ақылға сыймайды. Ал қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов өздеріне мұндай арыз түспегенін айтыпты. Депутаттар да бұл іс түрлі сылтаумен қараусыз қала ма дейді. Біздің ойымызша, Әлия Назарбаева төңірегіндегі көп даудың нүктесін Асылов қоюға тиіс.

Қуаныш Қаппас