Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:06, 02 Қараша 2023

Кенжебай Ахметов, қаламгер: Апаттардың алдын алу үшін ашықтық керек

Кенжебай Ахметов
Фото: из открытых источников

Апатты жағдайларды екіге бөліп қарауға болады. Біріншісі, кенеттен келген, яғни ешкім байқамай да қалған, тосын табиғи себептерден орын алатын жағдайлар. Екіншісі, адамның енжарлығынан, немқұрайдылық, айналып келгенде жауапсыздықтың кесірінен орын алатын апаттар. Әлбетте, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Осындай апатты жағдайларда қайғылы қазаға ұшырайтын адамдар да кездесіп жатады. Мұндай жағдай кімге болсын, қай отбасыға болсын оңай тимейді. Сондай кездерде мемлекеттің араласуы заңды, ал қолдау болғаны дұрыс. Бірақ бір ескерерлігі – жаңағы апаттың екі түріне екі түрлі көзқараспен қарау керек. «Ешкім күтпеді, табан асты» деген табиғи апат кезінде ел болып, бүкіл министрліктерге дейін қол ұшын созуымыз керек. Өйткені ол тосын жағдай. Ал мына Митталдың мәселесі айтылған, айтылып келе жатқан, қауіп ықтималдылығы бар дүние еді. Осы оқиға секілді адамның, салғырттықтың кесірінен өндіріс, өнеркәсіп орындарында апат болып жатады. Қарағандыдағы 46 адамның қазасы алғашқы оқиға ма? Міне, көрдіңіз бе, бұны күтпеген жағдай деп айта алмаймыз. Бұл проблеманың көтеріліп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Сол секілді дәл қазір Митталдан басқа да өндіріс орындарын талдап, саралап, түбіне дейін қарап зерттейтін болсақ, көптеген салмақты мәселелердің беті ашылар еді.

Мұндай мәселелер инвестор мен мемлекет тарапынан жасалған келісімшартта назар аударылуы тиіс шаралар назардан тыс қалып қойған кезде пайда болады. «1990 жылдарды болды, 2000 жылдары болды, өтті» деп айтуға, жеңіл қарауға асығатындар көп. Десек те, бұл жеңіл қарайтын нәрсе емес. Сол кезде қандай да бір шикіліктерге жол берілген, өзіміздің елден бе, әлде инвестордан ба, келісімшарт жасалған кезде жағдай қалай болды, барлық қырын қарап, ескеру керек. Негізі мұндай ірі келісімдер барысында тек келетін кірісті ғана емес, қауіптер мен тәуекелдерді де бағамдап алған жөн. Қай жерде не жасауға болмайтынын біліп алу керек. Алдын ала зиянды тұсын біліп алмай, одан сақтанбастан зардабын шегіп отыра беруге болмайды. Біздің қателігіміз де осында. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда өзіміз ұтылмайтын жағдайды қарастырмадық та, басқа жол іздемедік те. Жаңа айтқанымдай, кез келген келісімшартты жасарда оның қазір қандай тығырықтан шығаратынын, осы сәтте не беретінін ғана ойлап шешім қабылдау – қате. Бәрімен қоса алдағы уақыттағы салдарларын ескеру аса маңызды. Ал қазір көріп отырғанымыз кезінде саналы түрде жасалды ма, біліп тұрып жасалды ма, шарасыздықтан жасалды ма, әйтеуір сол шешімнің келісімнің әсері. Сондықтан сол кездегі құжаттарды ақтарып, қарап, сараптап, бірақ біржақты пікір айта аламыз. Неде болса бұрынғы ахуал қалай болды, қандай мүмкіндіктер жасалды, кімнің қателігі, бәрі халыққа айтылуы керек.

Біздегі үлкен бір мәселе – халық пен билік бөлініп кеткен. Бір-бірін түсінуден мүлде қалған, әрқайсысы өзімен-өзі. Бұл мәселені шешудің жолы – халық пен биліктің арасында диалог орнату. Бірігіп барымыз бен жоғымызды саралап, қай жерде тұрмыз, қайда барамыз, не істеу керек деген сұрақтардың басын ашып алуымыз керек. Осылайша ғана қиындықтарды еңсереміз. Түптеп келгенде билік те, халық та қоғам. Қоғам даму үшін түсіністік қажет. Кінә тағу, айыптау емес, салиқалы, сауатты, парасатты әңгімелер айтылса ғана ілгерілеу болады. Мәселен, бізде құрылтай деген өтіп жатады. Оның алдында қоғамдық кеңес деген болды. Сонда осындай мәселелер алға шығады, көтеріледі деп күтетінбіз. Алайда олар да көп жиынның бірі болып қалды. Жылтыр нәрселердің қатарын толтыру ғана.

Егер дер кезінде диалогқа келіп, проблемаларды көтерер болсақ, Митталдағы сынды оқиғалардың алдын алуға әбден болады. Билік мынау біздің қолымыздан келмейді, шамамыз жетпейді, өйткені қаржы тапшы, кадр жоқ деген секілді нақты себептерін ашық айтсын. Істегіміз келеді, бірақ мүмкіндік болмай тұр десін. Сонда халық түсінеді, халық ақымақ емес. Жасаймыз, көреміз, ойланамыз деген әңгімелер болмайды. Бірақ осындай конструктивті әңгіменің жоқтығынан қазір де қасіреттің жай-жапсары ашық айтылмай отыр. Бірақ ұмытпау керек, ашықтық болмай, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бір оқиғаның ізін жапқанмен, ертең екіншісі, үшіншісі қайталанады.