Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:39, 20 Тамыз 2024

Кепілдіктер өз күшінде: Сатыбалды босады, «сақалдылар» белсенді

Қайрат Сатыбалды
Фото: Жас Алаш коллаж

12 тамыз күні ақша жымқырды деп алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының тәркіленген дүние-мүліктер тізімі жарияланды.

 15 тамызда экс-президенттің немере інісінен тағы 50 млрд мемлекетке өткені белгілі болды. Кейіннен №2 Өскемен соты Қайрат Сатыбалды келтірілген залалды толығымен өтегендіктен, бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен алмастырғанын хабарлады. Оның бостандыққа шығуы туралы хабар БАҚ-та шыға салысымен Сатыбалдының халықтан, мемлекет басшысынан кешірім сұраған видеосы да тарады. Ол 2,5 жыл ішінде мемлекетке 732,8 млрд теңге қайтарды. Оның ішіне еліміздегі және шетелдегі жылжымайтын мүліктер, құнды қағаздар, компаниялар, виллалар мен қонақ үйлер, қымбат көліктер кіреді.

Ескі мен Жаңа келісімге келді ме?

Қайрат Сатыбалды осы уақытқа дейін жазаның үштен бірін өтеп, тергеу барысында кінәсін толық мойындап, шығынды толық жауып және қылмыстық жолмен алынған мүліктерді әшкерелеуге көмектескендіктен прокурор оның жазасын жеңілдетуді сұраған. Сөйтіп, сот Сатыбалды берген өтініш хатты қанағаттандырып, жазаның қалған бөлігі – үш жыл, үш ай және жеті күнді бас бостандығын шектеуге ауыстырды. ЕндіСатыбалды 10 күн ішінде пробация қызметіне келіп, белгілі бір шарттарды орындап, тұрғылықты жері мен жұмысының ауысқаны туралы хабарлауға міндетті.

«2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қ.Сатыбалды және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд доллардан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Оның ішінде 661,5 млн доллары шетелде табылып, қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды. Қ.Сатыбалдымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Аустрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және т.б. елдерден ақша қайтарылды» делінген антикор хабарламасында. Бұл биліктің Сатыбалдының не үшін шартты жазамен бостандыққа шықты дегенге берілген ресми жауабы. Бірақ...

12 тамыздан бері антикордың тәркіленген дүниенің тізімін беруі, ізін ала кешірім сұраған видеоның тарауы, едел-жедел соттың шешім қабылдауы Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шығуының алдын ала ойластырылған жоспары екенін көрсетеді. Сатыбалдының бостандыққа шығуы қоғам арасында әртүрлі болжамның тууына себеп болды. Бір тарап қазіргі биліктің құрығы ұзын екенін, Сатыбалды сияқтылардың дүние-мүлкін сыпырып алады десе, екінші тарап, бұл Ескі мен Жаңа Қазақстан арасындағы келісім дейді. Ал үшінші тарап экс-президент інісінің бостандыққа шығып жатқанда Дарын Мүбаровтың сұхбат бере қалуы теріс ағымдағы дін өкілдерінің қайтадан күш алып жатқаны ма деп алаңдайды.

Қайрат Сатыбалды
Фото: Фотоколлаж: Liter.kz

Бұл шешім Жаңа Қазақстанның әлі де елес екенін көрсетеді

Jas Alash тілшісі саясаттанушы Димаш Әлжаннан бұл туралы сұрап көрді. Ол Қайрат Сатыбалдының шартты жазамен бостандыққа шығуы Ескі мен Жаңа Қазақстан арасындағы келісімнің белгісі деп есептейді.

Димаш Әлжан
Фото: Данияр Мусиров

«Келісім 2022 жылдың қаңтарында жасалды. Бұл шешім екі жыл бойы орындалды, сондықтан Сатыбалды ұсталған баптар тек экономикалық сипатта еді. Қазіргі президент пен Назарбаев төңірегіндегілерге де болған оқиғаны дүрліктіріп, барлық ақпаратты жұртқа паш ету тиімді болмады. Сондықтан тергеудің орнына Назарбаев туысының бірін қаржылық қылмысы үшін соттады. Мұның астарында не жатқанын, өкінішке қарай, көпшілік білмейді. Бұл да Ескі мен Жаңа Қазақстан арасындағы келісімдер мен кепілдіктердің күшінде қалғанын меңзейді. Бұл шешім шын мәнінде Жаңа Қазақстанның әлі де елес екенін көрсетеді», – дейді саясаттанушы.

Қайрат Сатыбалды
Фото: kompromat1.online

Экс-президенттің інісі қандай мал-мүлікті қайтарды?

Jas Alash сәуірдегі сот процесі кезінде Қайрат Сатыбалдыдан қандай дүние-мүлік тәркіленгенін, оның атында қандай компаниялар қалғанын жазған еді. Ол 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық жолмен кіріс алып, қаржыны заңдастыру бойынша бірнеше қылмыстық әрекетке барған. Қылмыстық жолмен тапқан ақшасына Қазақстанда 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұдан бөлек, Ресей, БАӘ, Франция, Түркиядан да мүлік сатып алған. Ұсталған жылы-ақ ол алты ай ішінде 40 млрд теңгені қайтарды. 2023 жылы бұл сома 138 млрд теңгеге, 2024 жылы 650 млрд теңгеге жетті. Тамыз айында жалпы сома 732,8 млрд теңгеге көбейді. Мәселен, құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық объект мемлекет меншігіне берілді, оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік объектісі, 37 көлік және өзге де мүлік бар. Бұл ғимараттар ішінде Алматыда орналасқан құны 33,5 млрд теңгелік Kaisar Plaza, Kaisar Tower (7,9 млрд), «АрСат» (8,9 млрд), Maisat (5,2 млрд) бизнес орталықтары, «Мегатау» сауда орталығы (8,9 млрд), «Байсат» базары (15,9 млрд) және жеке үйлер мен коттедждер (31,3 млрд), Астанадағы «Оптимум» бизнес центрі (3,2 млрд), жеке үйлер (5,2 млрд), Ақмола облысындағы «Арнасай» (4,2 млрд), «Барап» (9,8 млрд) резиденциялары бар.

Сатыбалды мүлкінің бір бөлігі оның туыстарына, аффилирленген тұлғаларына және бақылаудағы компанияларға рәсімделген. Астана және Алматы қалаларында мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асады. Экс-президенттің інісінің атындағы жердің бірі – Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 135 гектар жер Астана қаласының білім басқармасына берілді.

Сонымен антикор Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылды деген мынадай тізімді жариялады:

1. «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% – 93,8 млрд тг;

2. «КСО» АҚ – 30,2 млрд тг;

3. 4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд тг;

4. Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд тг;

5. Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд тг;

6. Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд тг;

7. Аустриядан қайтарылған ақша – 36,8 млрд тг (82,1 млн.$);

8. Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд тг (260,5 млн.$);

9. БАӘ-нен қайтарылған ақша – 6,3 млрд тг (14 млн.$);

10. Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг (4,92 млн.$);

11. Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг (300 млн доллар).

Ал, бас прокуратура 15 тамызда жариялаған хабарда тағы да 50 млрд теңгенің қайтарылу процесі жүріп жатқанын айтты. Қазіргі күнде оның 18 млрд теңгесі тәркіленген. Сатыбалдыдан тінту барысында алынған 95 мың доллар арнайы мемлекеттік қорға аударылған. Бұдан бөлек, БАӘ-дегі құны 192 млн теңге Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер, жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергер бұйымдар, бренд сағаттары, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар мемлекет меншігіне өткен. Қазіргі күнде құны 33 млрд теңге болатын Сатыбалды мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің қайтарылуы жүріп жатыр. Оған Дубайда құны 20 млрд теңге тұратын екі вилла, Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер, құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік, құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Ыстамбұл қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.

Қайрат Сатыбалды
Фото: Inbusiness.kz

Қайрат Сатыбалдының қандай байлығы қалды?

Қайрат Сатыбалдыдан соншама мал-мүлік тәркіленгенімен оның атында әлі де компаниялар бар. Қазіргі күнде ресми түрде Сатыбалды атында 3 компания тіркеліп тұр. Олар: «Қайрат» Халықаралық Қайырымдылық Қоры» жеке қоры, «Алатау Капитал Инвест» ЖШС және «Ақ Орда» Республикалық Қозғалысы» қоғамдық бірлестігі. Бұл компаниялардың қаржы айналымы, төлеген салығы, мемлекеттен алған тендерлері туралы бұрын да жазғанбыз. Сондықтан бұл туралы егжей-тегжейлі тоқталуды жөн көрмедік. Сатыбалдыдан қаншама мүлік мемлекетке өткенімен оның атында осы үш қана компания қалды дегенге күмән бар. Депутат Ермұрат Бапидың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жария еткен деректерде Қайрат Сатыбалды активтерінің тізімі толық емес. Оның мұнай-газ саласындағы активтері көрсетілмеген. Әртүрлі банктердегі үлестері туралы да ақпарат жоқ. Депутат Сатыбалдының активтері ғана емес, шетелде заңсыз ақша аударған күдіктілердің де тізімі толық емес дейді. Ол бұл тізімге Назарбаевтар әулетінен Дариға, Әлия, Болат Назарбаевтарды да қосу керек деп есептейді.

Назарбаев бір күнде кеткен жоқ

«Бұл Жаңа Қазақстанның абыройына нұқсан келтірген жағдай болды. Әрине, оны мүліктерін қайтарып жатыр деп шығарды, бірақ Сатыбалдыға жалпы Назарбаевтарға деген көзқарас қоғамда бәрібір басқаша. Билік, тиісті органдар қоғамдық пікірмен санасу керек еді. Сондықтан бұл жерде әлі де астарлы, қитұрқы саясаттар жүріп жатыр. Мен оның активтері қайтарылып жатыр деген кезде-ақ «оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға дайындап жатыр ма?» деп айттым. Айтқаным дәл келді. Жалпы, Дариға, Әлия, Болат Назарбаевтарды да тексеру керек. Бірақ бұлардың түйіні – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Олар соған арқа сүйейді. Бұл екі ортада келісім немесе уағда бар боп тұр ғой. Себебі Назарбаев 2019 жылы шабаданын жинап, бір күнде кеттім деп биліктен кеткен жоқ, өзінен кейінгі билікпен келісімдер, уағдаластық болды. Оның үстіне бірінші президенттің жағдайы осындай болды деген кейінгі билікке, оның абыройына қажет емес шығар. Қалай болғанда да барлық мәселе Назарбаевқа келіп тіреліп тұр», – дейді депутат.

Ермұрат Бапи
Фото: parlam.kz

Е. Бапидың айтуынша, кейбір адамдардың шартты түрде бостандыққа шығуын салафизммен байланыстыруға келмейді. Оның бәрі саясаттағы басқа аспектідегі дүниелер.

«Елдің айтып жүргеніндей, Сатыбалдыны салафиттер мемлекет билігіне ықпал етіп, түрмеден шығарып алды деу санаға сыймайды. Бірақ оларды біржола әлсіреді деп айтуға да келмейді. Күзде парламент «Дін және дін істері» дейтін заң жобасын талқылап, қабылдағаннан кейін ғана олар әлсірей бастайтын шығар. Оларға қатысты қандай да бір шара қабылданып жатпағаннан кейін өздерінен-өздері әлсіреп кетуі де мүмкін емес. Салафизм қазір елде идеологиялық деңгейге жетті. Оны тек заң жүзінде ауыздықтауға болады. Әлдебір күш, саяси науқан немесе тізеге салып шешу қоғамда толқу тудырып, теріс тенденциялардың пайда болуына әсер етуі мүмкін», – дейді Е. Бапи.

Тазабеков сауатының төмен екенін көрсетті

Дінтанушы Асылтай Тасболат елімізде білімі төмен діни инфлюэнсер көбейіп кеткенін айтады. Дінтанушының сөзінше, мұндай инфлюэнсерлердің тыңдарманы өте көп. Осындайлардың кесірінен қоғам надандана түседі. Зайырлы мемлекеттің азаматтарына білімі төмен діни инфлюэнсердің тигізер зияны өте көп. Мысалы, Қайрат Сатыбалдының түрмеден шыққан кездегі Мұхамеджан Тазабековтің іс-әрекеті соның бір айғағы.

Асылтай Тасболат
Фото: kazaknews.kz

«Қайрат Сатыбалдының шартты жазамен бостандыққа шығуы мен Дарын Мүбаровтың сұхбат беруі арасынан өз басым байланыс көрмеймін. Мені таңғалдырғаны – Тазабековтің Қайрат Сатыбалдымен бірге түскен фотосын ол сотталған тұста өшіріп тастап, сот шешімі шыққан бойда қайта жариялауы еді. Әлеуметтік медиа зерттеулерінде дәл қазір «діни инфлюэнсер» дейтін ұғым пайда болды. Бұрынғы дәстүрлі діни институттардан гөрі, қоғамға ықпалы бар жекелеген діни бедел иелерінің қоғамдық ойға ықпалының күшейіп бара жатқанын білдіретін ұғым. Мемлекетті жеке бизнесі қылып алған, әулет болып тонаған, кінәсін мойындап, 1,6 млрд долларға тең келетін активі мен ақшасын қайтарған адамды түк болмағандай отбасына оралды деп сүйінші сұрауы қызық көрінді. Тазабеков үшін бұрынғы мүдделес, аға тұтқан адамының бостандыққа шығуы халық мүддесінен жоғары ма деген ойға қалдырды. Халықтың несібесін тонау дегенге көз жұма салу, құқықтық мемлекетке қашан айналамыз деп қайғырмау дегенді білдірсе керек. Жоғарғы сот шығарған үкімге президентті араластырып, «Нағыз лидерлер адамдардың арасын бөлмейді, оларды біріктіреді» деп жазуы құқықтық сауатының тіпті төмен екенін көрсетеді. Нағыз құқықтық мемлекетте сот жүйесі тәуелсіз болуы тиіс еді. Бірақ нақты өмірде олай емес екенін бәріміз білеміз. Тазабековтің соны да қаперіне алмауы, ағалап шыға келуі ыңғайсыздау көрінді. Халықтың жай-күйін ойламау, қылмысты қылмыс деп айыптамау, соншама млрдтаған ақшаны елге қайтарып (қайтпағаны қанша), кінәсін мойындап тұрған адамды ақтап, лидерлер адамдарды біріктіреді деп айту – ел алдында жүрген адам үшін үлкен сын деп ойлаймын. Сол баяғы топшылдық, кландық түсініктен арыла алмаған адамның сөзі. Қоғамға ықпалы бар діни инфлюэнсерлердің мұндай сауатсыз ойлары қолда билік бар кезде асап қалу дегенді ақтап алудай болып көрінеді. Мұсылман адам заңсыздыққа қарсы шықса игі еді, айыптаса игі еді. Жоғарғы соттың тым жеңіл жаза кесуі – өз алдына бөлек әңгіме. Құқық, әділет, адамның ақысын жемеу дегенге келгенде алғы шепте болуы тиіс дін адамының айтатын сөзі емес еді анау. Біздің қоғамның ең басты дерті – жемқорлық. Тазабековтің бұл мәлімдемесі кінәсін мойындап тұрған жемқор адамды ақтау, шықпай жатып жағыну, оның ішінде президентті нағыз лидер адамдарды жарастырады деп Жоғарғы соттың шешіміне араластыру арқылы сауатының төмен екенін әйгілеуі дер едім».

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының шартты жазамен түрмеден шығуы түрлі болжамның тууына себеп болды. Сонымен қатар келмеске кетті дейтін кландар мен Ескі Қазақстан қайтадан күш ала бастады ма деп алаңдағандар да табылып жатыр. Бұдан кейін билік қайта-қайта кешірім сұрап жатқан Мәсімов шартты жазамен босап жатса таңғалмаңыз дейтіндей. Себебі сот 2023 жылдың соңында Қайрат Сатыбалдыны шартты жазамен түрмеден босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді. Арада 8 ай өткенде жағдай өзгерді.

Ал Мәсімовтің президенттен кешірім сұрағанына 8 ай өткен жоқ...

Тұрсынбек БАШАР