Түрмеден шыққан миллиардер. Қайрат Сатыбалдының бизнестері
2022 жылы наурызда «Қазақтелеком» АҚ-ның қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен Қайрат Сатыбалды ұсталды. Кейіннен алты жылға қамалды.
Ағасы президент болып тұрғанда дәуірлеген ол елдегі табысты кәсіпкер атанып, тіпті отандық Forbes журналының 50 ең ықпалды бизнесмендер қатарына да кірген еді. Қазіргі күнде шетелдегі ақшалары, бірнеше жылжымайтын мүлкі, құнды қағаздары мен асыл тастары мемлекет меншігіне өтті. Біз қазір экс-президент інісінде не қалды, бұрын қандай бизнестерге қатысы бар екенін арнайы тексеріп көрдік.
Оқи отырыңыз: Зейнеткер Бишімбаевтың бизнесмен әйелі
Қайрат Сатыбалдының шексіз мүмкіндігі
Өткен аптада Астанада Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір сот отырысы өтті. Сот кезінде 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық жолмен кіріс алып, қаржыны заңдастыру бойынша бірнеше ісі белгілі болды. Мысалы, қылмыстық жолмен тапқан ақшасына Қазақстанда 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұдан бөлек, Ресей Федерациясында 4 202 864 740 теңгеге, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 20 413 63 мың теңгеге, Францияда 4 150 млн теңгеге, Түркияда 4 25 375 451 теңгеге мүлік сатып алған. Ұсталған жылы-ақ ол алты ай ішінде 40 млрд теңгені қайтарды. 2023 жылы бұл сома 138 млрд теңгеге, 2024 жылы 650 млрд теңгеге жетті. Ал ақпанда тағы 44,6 млрд теңгені мемлекет меншігіне өткізді. Оның бір «Қазақтелеком» компаниясына келтірген залалы 82 446 658 785 теңгені құрайды.
Экс-президенттің інісінің атында не қалды?
Қайрат Сатыбалды соншама қаржыны мемлекет меншігіне өткізіп бергенімен оның атында әлі ресми түрде тіркелген үш компания бар. Олар:
«Қайрат» Халықаралық Қайырымдылық Қоры» жеке қоры
Астана қаласының әділет департаментінде 2005 жылы 20 желтоқсанда тіркеуден өткен.
Директоры алғашында Қайрат Сатыбалды болған. 2023 жылы қорға директор етіп Жусупова Оркен Сартаевна (бұдан кейін компанияға қатысы бар адамдардың аты-жөні құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред) тағайындалған. Бірақ Назарбаевтың інісі құрылтай құрамында қалған.
Мекенжайы – Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 19/2.
Жеке қордың қазіргі ақша айналымы бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым азайған. Мысалы, 2016 жылдары қорда 400 млн-нан аса қаржы болса, Қайрат Сатыбалды ұсталған 2022 жылғы ақша айналымы – 100 145 514 теңгеге түсіп кеткен. Былтырғы қаржысы – 43 693 888 теңге, төлеген салығы – 791 254 теңге. Ал жалпы осы уақытқа дейін қазынаға аударған ақшасы – 28 427 271 теңге. Қордың мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
«Алатау Капитал Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2018 жылы 19 қыркүйекте соңғы рет тіркеуден өткен.
Директоры – Сатыбалдыұлы Қайрат болған. Ал 2023 жылдан бергі басшысы Әбілай Әділет Жаньясұлы. Құрылтай мүшесі экс-президенттің інісі. Қор активтер портфелін сенімгерлікпен басқару қызмет түрімен айналысады.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Бөгенбай батыр көшесі, 142.
Қайрат Сатыбалды ұсталған жылы кәсіпорынның ақша айналымы 72 439 738 теңге болған. Былтыр 15 763 741 теңгеге күрт азайған. 2023 жылғы салығы – 321 709 теңге. Жалпы осы уақытқа дейін қазынаға аударған қаржысы – 10 537 823 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Ақ Орда» Республикалық Қозғалысы» қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің тіркеу қызметі және заң қызметінің ұйымдастыру департаментінде 2005 жылы 27 сәуірде тіркеуден өткен.
Директоры – Мұсабекұлы Қайрат. Құрылтайшылары – Баймакишев Досбол Серикказиевич, Мұсабекұлы Қайрат, Байсалбеков Альжан Байысович, Багдатов Ержан Амангельдинович, Нурпеисова Асем Ериковна, Дабылов Сабитбек Жумашевич, Аманжолов Еркебулан Серикович, Тагашева Индира Асхатовна, Тюлебаева Зоя Каниевна, Сатыбалдыұлы Қайрат.
Мекенжайы – Астана қаласы, Есіл ауданы Р. Ишим көшесі, 2. Кәсіпорынның қазіргі жағдайы белгісіз. Тек 2017 жылғы ақша айналымы – 722 750 теңге болған, сол жылы төлеген салығы – 14 750 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Қайрат Сатыбалды бұрын қандай бизнестерге қатысы бар еді?
Kaspi банкі
Қайрат Сатыбалдының Kaspi банкте 30 пайыз үлесі болған. Бірақ экс-президенттің інісі өз үлесін 2018 жылы Кимге 390 млн долларға сатқан. Ким банк үлесін сатып алу үшін Magnum Cash&Carry компаниясын Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа сатқан. Қайрат Сатыбалды ұсталған кезде банк иелері «4 жылдан бері оның біздің банкке қатысы жоқ» деп мәлімдеді. Бірақ 2020 жылы forbes Kaspi финтех компаниясының артында экс-президенттің інісі Қайрат Сатыбалды тұруы мүмкін деген болжам жасады. Сондай-ақ шетелдік БАҚ Қазақстанның банк секторы тұтастай Назарбаевтар әулетінен шыққан ықпалды адамдардың қолында шоғырланғанын жазды. Бірақ біз Қайрат Сатыбалдының банкке ресми қатысы болған 2015-2018 жылдар аралығын ғана зерттеп көрдік.
Сонымен, 2018 жылғы банктің ақша айналымы – 1 178 251 666 736 теңге. Төлеген салығы – 22 386 781 668 теңге. Сол жылы мемлекеттен 176 млн теңгеден аса қаржыға 48 келісімшарт алып орындаған. Өткен аптадағы сот кезінде Қайрат Сатыбалдының Kaspi банкте 172 миллиард теңге сақтап, кейін бұл қаржыға Ресей Федерациясы мен Түркиядан элиталы пәтерлер сатып алғаны белгілі болды. Жалпы осы жолмен 2018-2021 жылдар аралығында жеке тұлғаларға қолма-қол 636 миллиард теңге, ал заңды тұлғаларға банктік аударым арқылы 49 миллиард теңге берген. Бұл қаржыға Қытайдан, Түркиядан және БАӘ-ден тауар, жылжымайтын мүлік сатып алған. Кейінгі төрт жылда Қайрат Сатыбалды Kaspi банктен қолма-қол 59 млрд теңге шешіп алған.
Оқи отырыңыз: «Назарбаевтың әмияны». Владимир Кимнің мыс империясы
«Қазақтелеком» компаниясы
«Қазақтелеком» компаниясының24,5 акциясы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл құпия болып келді.2021 жылы LBR (Luxembourg Business Registers) «Қазақтелеком» компаниясының 24,496 акциясы Skyline Investment Company S.A тиесілі екенін жариялады. Оның жалғыз құрылтайшысы Қайрат Сатыбалды еді. 2022 жылы сәуір айында «Қазақтелеком» компаниясының 28,8% акциясы мемлекет меншігіне қайтарылып жатқаны белгілі болды. Үкімет қаулысына сәйкес Skyline Investment Company S.A. жеке компаниясына тиесілі 24,95 пайыз акция мен Alatau Capital Investment ЖШС-ға тиесілі 3,85 пайыз акция сыйға тарту келісімі бойынша мемлекет меншігіне өтті.
Қазіргі күнде «Қазақтелеком» компаниясының құрылтайшысы «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы. Құрылтай құрамынан Skyline Investment Company S.A. АҚ шығып кеткен.
Біз компанияның құрылтай құрамында Қайрат Сатыбалды бар 2021 жылдың ақша айналымын зерттеп көрдік. Компанияның 2021 жылғы ақша айналымы 1 747 001 186 000 теңге. Сол жылғы таза пайдасы – 581,5 млрд теңге болған.
«Байсат» базары
2024 жылдың қаңтарында Қайрат Сатыбалды «Байсат» базарын өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Жалпы ауданы 4 221,4 ш/м және 1,4 гектар жерді құрайтын үш нысаннан тұратын мүлік Бауыржан Нұрсұлтанға (Қайрат Сатыбалдының ұлы) тиесілі «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны» ЖШС және «Астана қаржы тобы» ЖШС еншілес компанияларына тиесілі еді. Қазіргі күнде субъект жойылған.
Сонымен, «Байсат» жауапкершілігі шектеуі серіктестігі 1999 жылы 20 желтоқсанда тіркеуден өткен.
Директоры – Альмуханов Ертан Махсутханович. Құрылтайшылары – Бақтиярқызы Әсел, Саида Қанатбекқызы.
Мекенжайы Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Солтүстік айналма жолы, 7. 2020 жылы ақша айналы – 4 416 926 105 теңге, 2021 жылы –1 338 259 052 теңге болған. Жалпы төлеген салығы – 295 576 614 теңге.
«Дүние-Күзет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2016 жылы соңғы рет тіркеуден өткен.
Директоры – Кусаинов Думан Озаманулы. Құрылтайшылары – Айтбаев Таукен Еркасович.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Солтүстік айналма жолы, 7.
Күзет компаниясының 2021 жылғы қаржы айналымы 5 247 984 210 теңге, Қайрат Сатыбалды ұсталған жылы 3 776 841 736 теңгеге дейін азайған. Қазіргі қаржысы тіпті аз – 36 781 789 теңге. Компания 2022 жылы 48 931 897 теңге салық төлесе, былтыр мемлекеттік кірістер комитетіне – 683 539 теңге қарыз болған. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
АМИР LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Компания 2005 жылы 14 сәуірде тіркеуден өткен. 2022 жылы 30 қыркүйекте қызметін тоқтатқан. Директоры – Боранбаев Анвар Кимович.
Құрылтайшылары – Сатыбалдыұлы Қайрат, Абдулин Тлеукабыл Сартаевич, Төлеу Алтынбек Шерубайұлы, Абдулина Гульмира Бектурсыновна, Сейтказинов Кажмухан Темиржанович және «MUNAILI B.V.» ЖШС.
Транспорт-экспедициялық қызмет түрімен айналысқан кәсіпорынның ақша айналымы 2016 жылдары 23 112 571 370 теңге болған, бұл сома 2018 жылы 593 206 985 теңгеге дейін азайған. Жалпы төлеген салығы – 484 425 651 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Steppe AgroMeat жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Бұрын «Дүние-Агро» ЖШС деп аталған компания Алматы облысы жер кадастры бөлімінде соңғы рет 2021 жылы 6 қаңтарда тіркеуден өткен. 2024 жылғы 15 қаңтарынан директоры Кадочников Руслан Васильевич.
Құрылтайшысы – Қалибекұлы Дамир, Prime Capital RE Karasay ЖШС. Мекенжайы – Шамалған ауылы, Қабанбай батыр көшесі, 1.
Қайрат Сатыбалды ұсталған жылы қаржы айналымы 619 933 736 теңге болса, бұл сома былтыр 379 177 263 теңгеге дейін азайған. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорынның осы уақытқа дейін төлеген салығы – 62 624 368 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Корпорация «Дүние» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласында 2011 жылы 20 маусымда тіркеуден өткен. 2023 жылы қызметін тоқтатқан. Директоры – Джакишев Даулет Сеильханович.
Құрылтайшылары – Джакишев Даулет Сеильханович «Adal Qyzmet Astana» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Құрылыс түрімен айналысатын компания туралы мәлімет өте аз. 2018 жылдары қаржы айналымы 4 944 198 теңге болған екен. Төлеген салығы да мардымды емес, 100 мың теңге айналысында ғана.
P.S. Қайрат Сатыбалды бұдан бөлек те бірнеше жылжымайтын және құнды қағаздарға иелік еткен. Мысалы, былтыр Алматыдағы зәулім ғимараты барDoubleTree by Hilton Almaty қонақ үйін мемлекет меншігіне қайтарды. Қонақ үйді 2021 жылдың қарашасында экс-президенттің інісі сатып алған. DoubleTree by Hilton — Hilton Worldwide құрамына кіретін америкалық қонақ үйлер желісі. Алматыдағы қонақ үйдің ауданы 16 000 ш/м. 112 нөмірі, мейрамхана, 3 конференц-зал, 3000 шаршы метрлік бизнес орталығы бар. Бағасы да арзан емес, нөмірдің құны 77 мың теңгеден басталады. Ал антикор Қайрат Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты шетелде тексеру жүргізіп, оларға тиесілі құны 230 миллион доллардан астам асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды анықтап, елге қайтарған. Сонымен қатар, Қайрат Сатыбалдының шетелдік құнды қағаздарға 300 миллион доллар инвестициялағаны анықталды. Бұл мүліктер мен қаржылар бізге белгілі дүниелер ғана. Ұсталғалы екі жыл ішінде Қайрат Сатыбалдыдан жиі-жиі миллиардтаған қаржы қайтарылып жатыр. Алдағы уақытта «шетелдегі банктегі экс-президент інісінің атындағы шоттан бірнеше миллион доллар елге қайтарылды» деген ақпарат шығып жатса, таңғалмаңыз.
Тұрсынбек Башар
Фотоколлаж: Liter.kz