Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:52, 26 Наурыз 2024

«Көлтауысарлар» тізіміндегі ағайынды Сатыбалдылардың миллиондары

Дархан Сатыбалды

(Жалғасы, басы мына жерде )

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының туыстары қандай бизнеске иелік ететін газетіміздің өткен санындағы зерттеу мақаламызда жарияладық. Бірақ шенеуніктің аға-інілерінің кәсіптері бір мақалаға сыймайтын болғасын, тек ағалары Мұхтар мен Сұңқар Сатыбалдиевтардың компанияларын тізіп өттік. Енді біз әкімнің бір інісінің бизнестері, БАҚ беттерінде айтылмайтын ағасының кәсіптері және әйелінің компаниясы, тіпті әйелінің туыстарының бизнесі туралы жазамыз.

Ғабит Сатыбалдиевтің компаниялары

Сонымен, тізімді Дархан СатыбалдыныңінісіҒабит Сатыбалдиевтан бастайық. Оның компаниялары туралы жазбастан бұрын ескертетін жайт, ол Сатыбалдиевтарға тиесілі кейбір компаниялардың құрылтай мүшесі екенін газеттің өткен санында жаздық. Сондықтан оларды қайталап жатпаймыз.

«Кенада» ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2006 жылы 23 маусымда алғаш рет, 2019 жылы 5 тамызда екінші рет тіркеуден өткен.

Бірінші басшы – Малышенко Владимир Павлович. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Республика даңғылы, 26/1. Компания тұрғын үй құрылысымен айналысады. 2022 жылғы ақша айналымы – 74 470 476 262 теңге болған, 2023 жылы бұл сома – 5 678 043 413 теңгеге дейін азайыпты.

2022 жылы – 1 519 155 229 теңге, 2023 жылы –119 348 495 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Sat Grup

Sat Group Construction ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасы 2020 жылы 14 желтоқсанда тіркеуден өткен. Директоры – МАЛЫШЕНКО ВЛАДИМИР ПАВЛОВИЧ. Бірақ кейінгі бейресми мәліметтерге қарағанда, Ғабит Сатыбалдиев компанияны басқаруды өз қолына алған. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұран даңғылы, 30. Компания тұрғын үй құрылысымен айналысады.

2023 жылғы ақша айналымы – 87 764 439 000 теңге, төлеген салығы – 1 667 524 341 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

New Company AST ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2022 жылы 18 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич және құрылтайшысы да өзі. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұмар ханым көшесі,16.

Тұрғын үй құрылысымен айналысады. Жылдық ақша айналымы және төлеген салығы туралы мәлімет кездеспейді.

Astana LTD

Astana Stroy LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасы 2022 жылы 31 мамырда соңғы рет тіркеуден өткен. Директоры – Пердебаев Даурен Бахытжанович. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 4/2. Компания тұрғын үй құрылысымен айналысады.

2023 жылғы ақша айналымы – 587 440 421 теңге. Төлеген салығы – 11 022 425 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

«Астана Констракшн LTD» ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2021 жылы 21 мамырда тіркеуден өткен. Бірінші басшысы – Нурмуханбетов Ерлан Серикович. Құрылтайшысы – Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі,14/2.

Құрылыспен айналысатын компанияның 2023 жығы ақша айналымы – 12 520 578 теңге. Төлеген салығы 340 696 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

«CBC Group» ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 31 желтоқсанда тіркеуден өткен. Директоры да, құрылтайшысы да Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Республика даңғылы, 68/1. Компания демалыс және ойын-сауық қызметінің түрлерімен айналысады.

2023 жылғы ақша айналымы – 1 851 873 072 теңге. Кәсіпорынның ақша айналымы мен төлеген салығы бір-бірімен сәйкес келмейді. Мемлекеттік кірістер комитеті былтырғы салығын – 492 776 теңге, ал statsnet қызметі – 37 393 728 теңге деп көрсеткен. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Wanshengceramic ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2023 жылы қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Сауранбаев Чингизхан Султанханович. Құрылтайшылары – Сауранбаев Султанхан Шеримұлы, Сатвалдиев Габит Амангельдиевич. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұран даңғылы, 30А.

Компания құрылыс материалдарын көтерме бағада сату қызмет түрімен айналысады. Жаңадан ашылған компанияның әзірге ақша айналымы, төлеген салығы және келісімшарттары туралы мәлімет кездеспеді.

Cатыбалдиевтер
Cатыбалдиевтер деген бұл сурет әлеуметтік желілерде таралған. Фото: facebook

Сатвалдиев Габит Амангельдиевич жеке кәсіпкерлігі

2017 жылы Астана қаласы Есіл ауданында тіркелген. 2022 жылғы ақша айналымы – 149 248 806 теңге, төлеген салығы – 3 045 894 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Жалпы, Ғабит Сатыбалдиевтың атына 8 компания тіркелген. Олардың 2023 жылғы ақша айналымы – 96 003 565 290 теңге. Мемлекетке төлеген салығы – 1 838 675 579 теңге.

Төрегелді Сатыбалдиевтің компаниялары

Төгелді Сатыбалдиев қазіргі Түркістан облысы әкімінің туысы ма? Бұл туралы БАҚ беттерінде айтылмайды. Бірақ оның аты-жөніне қарасаңыз, Дархан Сатыбалдының тегі және әкесінің атымен бірдей екенін байқайсыз. Сонымен бірге Төрегелді Сатыбалдиев Мұхтар Сатыбалдиевке тиесілі «Құрылысшы LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтай мүшесі. Бұл туралы Мұхтар Сатыбалдиевтің компаниялары ішінде жаздық. Біздің топшылауымызша, Төрегелді Сатыбалдиев осы әулеттің тұңғышы болуы керек. Оның атына екі ЖШС және бір ЖК тіркелген.

КЖ-AST ЖШС

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 2008 жылы 7 сәуірде, кейіннен 2011 жылы 21 ақпанда тіркеуден өткен.

Компания жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқару қызмет түрімен айналысады. Директоры да, құрылтайшысы да Сатвалдиев Торегелды Амангелдиевич.  Мекенжайы – Астана қаласы, Абылай хан даңғылы, 27/2.

2023 жылғы ақша айналымы – 39 136 594 теңге. Төлеген салығы – 695 256 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

«Ай-Ко 2008» ЖШС 

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2008 жылы 8 сәуірде алғаш рет, 2022 жылы 25 қарашада соңғы рет тіркеуден өткен. Директоры – Сатвалдиев Торегелды Амангелдиевич.

Құрылтайшысы – Айтпаева Жансулу Орымбаевна. Мекенжайы – Астана қаласы, Бөгенбай батыр даңғылы, 63. Мейрамханалар және тамақ жеткізу қызмет түрлерімен айналысады.

2023 жылғы ақша айналымы – 220 901 210 теңге, төлеген салығы – 2 472 519 теңге. 2022 жылы 1 399 605 теңгеге мемлекеттен 8 келісімшарт алып орындаған.

Сатвалдиев Торегелды Амангелдиевич жеке кәсіпкерлігі

2020 жылы Астана қаласы Байқоңыр ауданында тіркелген. ЖК-ның 2023 жылғы ақша айналымы – 232 436 743 теңге, төлеген салығы – 52 634 583 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Төрегелді Сатыбалдиев компанияларының 2023 жылғы ақша айналымы – 492 474 409 теңге, ал қазынаға аударған қаржысы – 55 802 358 теңге.

Дархан Сатыбалдының жұбайы және оның туыстарының компаниялары

Дархан Сатыбалдының жұбайы Жанар Мекенбаеваның да өз компаниясы бар.

«Мади-Ко 2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2008 жылы 8 сәуірде тіркеуден өткен. Бірінші басшысы – Мекенбаева Жанар Ахмеджановна. Құрылтайшысы да жалғыз өзі. Жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады. Орналасқан жері – Астана қаласы, Алматы ауданы, 5 А.

2023 жылғы ақша айналымы – 36 308 216 теңге, төлеген салығы – 639 734 теңге. Компанияның жұмысы биыл сәтті болып жатқанға ұқсайды. Себебі жылдың алғашқы үш айында былтыр бір жыл бойы төлеген салығынан көп (667 761 теңге) қазынаға қаржы аударыпты. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Кәсіпорын осы уақытқа дейін 8 581 435 теңге салық төлепті. Сонымен бірге, 2008-2011 жылдар аралығында Жанар Мекенбаева күйеуінің інісі Ғабит Сатыбалдиевке тиесілі Sat-NS ЖШС директоры болған.

Бекзат Сервис» ЖШС

Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалдының әйелінің туыстарының да кәсіптері бар деген мәліметке тап болдық. Мәселен, оның ағасы Қанат Мекенбаев «Бекзат Сервис» ЖШС-на иелік етеді екен. Бірақ тексере келе, оның «Бекзат Сервис» компаниясының құрылтай мүшелігінен шығып кеткенін анықтадық.

Бұл компанияның қазіргі директоры Сейткасымова Гульжамал Жиенбеккызы, құрылтайшысы да өзі.

Аталған ЖШС алғаш рет 2010 жылы Астанада тіркеуден өткен. Денсаулық саласына зат жеткізумен айналысады. Қазіргі ақша айналымы – 5 387 354 теңге. Бірақ Қанат Мекенбаев құрылтай құрамында бар кезде ақша айналымы – 146 146 763 теңге болған. 2020 жылы 350 000 теңгеге мемлекеттен бір келісімшарт алып орындаған.

Дархан Сатыбалдының жұбайының тағы бір туысы Индира Ахметжанқызы «Ар-Ай 2012 Ломбарды» ЖШС-ына иелік еткен. Бірақ кейіннен құрылтай құрамынан шығып кетіпті. «Ар-Ай 2012 Ломбарды» ЖШС Келес ауданының тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2021 жылы тіркеуден өткен. Директоры – Мухамедова Зулфия Жунисовна және құрылтай мүшесі де өзі.

Мекенжайы – Келес ауданы Абай ауылы, Д.Қонаев көшесі, 87. Компанияның былтырғы ақша айналымы – 33 486 698 теңге, төлеген салығы – 683 402 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

(Соңы).

Тұрсынбек Башар