Саясат

Можтаба Хаменеи алғаш рет әскерилермен кездесті

Можтаба Хаменеи алғаш рет генералдарымен кездесіп, кез келген шабуылға барынша қатаң жауап беруді тапсырды.

Моджтаба Хаменеи

Иранның жоғарғы жетекшісі Можтаба Хаменеи елдің жоғары әскери қолбасшыларымен алғаш рет ресми кездесу өткізіп, АҚШ немесе Израиль тарапынан жаңа шабуыл жасалған жағдайда барынша қатаң жауап қайтаруға дайын болуды тапсырды.

Кездесу 31 қазанда өткені хабарланды. Иран басшысы әскери қолбасшылыққа елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, ықтимал шабуылдарға жедел әрекет етуге дайын тұру қажеттігін айтқан.

Хаменеи Иранға қарсы жаңа әскери операция басталған жағдайда жауап тек белгілі бір аумақпен шектелмейтінін ескерткен. Сондай-ақ әскери қолбасшылыққа ықтимал нысаналар тізімін қайта қарау тапсырылғаны хабарланды.

Кездесуге Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи, армия қолбасшысы Әмір Хатами және Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Ахмад Вахиди қатысқан. Бұл — Хаменеидің аталған үш қолбасшымен соғыс басталғалы өткізгені жарияланған алғашқы кездесуі. Алайда оның көпшілік алдына шыққаны туралы ақпарат жоқ. 

Иран басшысы қарсыластар қайтадан әскери немесе террористік шабуыл жасаса, қақтығыстың қашан және қандай жағдайда аяқталатынын Иранның өзі анықтайтынын мәлімдеген.

Сонымен қатар Хаменеи әскери барлау жүйесін жетілдіруді, заманауи технологияларды пайдаланып қорғаныс мүмкіндіктерін арттыруды және қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын күшейтуді тапсырған.

Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс қайта күшейген тұста жасалды. Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп қарашадағы аралық сайлаудан кейін Иранға ауқымды соққы беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда мұндай операция жөнінде түпкілікті шешім қабылданғаны хабарланған жоқ.

Сонымен бірге екі ел арасында дипломатиялық байланыстар жалғасуда. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтонның келіссөздерді қайта бастауға бағытталған әрекеттерін оң қадам ретінде бағалаған. 

Еске салайық, 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін Таяу Шығыста әскери қақтығыс басталған. Сол шабуылдар кезінде Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи қаза тауып, кейін оның орнына ұлы Можтаба Хаменеи келген. 

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз