Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:38

Кербұлақтағы кездесуде не айтылды?

Жасанды интеллект
Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауын түсіндіру және іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр.

 Осы мақсатта Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Кербұлақ ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен, белсенді азаматтармен, кәсіпкерлермен және ардагерлермен жүздесті.

Кездесуге модераторлық еткен облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынына тоқталып, кейінгі жылдары Жетісу облысында жүйелі түрде жүзеге асып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық аймақтардағы өмір сапасын жақсарту, жаңа жолдар мен инженерлік желілер тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттарында нақты жобалар атқарылып жатқанын айтты.

Қазір облыста шағын және орта бизнесті мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы қолдау нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларының әлеуеті артып келеді. Инфрақұрылымды кеңейту аясында суару жүйесін қайта жаңарту, ауылішілік жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандар салу жалғасып жатыр.

Аудан басшысының міндетін атқарушы Жанат Жүнісбеков жолдауды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, Кербұлақ ауданында биыл негізгі көрсеткіштердің барлығы өскенін жеткізді. Өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемі жаңғыртылған кәсіпорындардың есебінен 39,7 млрд теңгеге дейін жеткен. Аудан жаңа технологиялар мен инвестициялық жобалардың арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Ресми дерек бойынша, ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,1-дан 4,8 пайызға дейін төмендеп, орташа жалақы 304 мың теңгеге жеткен. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің цифрлануы нәтижесінде жәрдемақы тағайындау барысы ашық әрі жылдам жүріп жатыр.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларында да жаңа нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылуда. Мұндай шаралар ауданның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.

Мәлік Отарбаев өз сөзінде президент жолдауында белгіленген жеті басым бағыттың маңызын түсіндірді. Аталған жеті бағыт мыналар: цифрландыру, экономикалық даму, инновация, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, құқық тәртібін нығайту.

Президент кеңесшісі «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бастамалары қоғамның тұрақтылығы мен әділеттілігін қамтамасыз ететінін ерекше атап өтті. Кездесуде бұл бағдарламалар Жетісу өңірінде кеңінен қолдау тауып, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жұмысына енгізіліп жатқаны сөз болды.

Орақбаев өз сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай технологиялар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өсімді жылдамдатады, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтеді. Сондай-ақ қауіпсіздік пен азаматтардың өмір сапасын жақсартады. Кеңесші жастардың цифрлық дағдыларды жылдам меңгеруі Қазақстанның басты артықшылығы екенін айтты.

Кездесу барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, кәсіпкер Әулет Қайранов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков сөз алып, өңірдегі оң өзгерістерді атап өтті. Олар ауданның даму бағытына қатысты өз ойларын ортаға салды. Кербұлақ ауданында өткен бұл кездесу Жетісу облысын дамытудағы жаңа міндеттерді айқындап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, цифрлық және инфрақұрылымдық серпілісін нақтылай түсті. Президент жолдауында көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру аймақтың тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және Жетісудың жаңаша жаңғыруына жол ашады деген сенім бар.

Еламан Өмірхан

Жетісу облысы