Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:30, 28 Желтоқсан 2024

Кесапаттың аты – жылдамдық

1
в

Мен үйде отырған қарт адаммын. Күнде теледидардан бір мезгіл жаңалықтар қарайтыным бар.

 Бірақ соңғы кездері соларды қарауға, тыңдауға батылым бармай, тартыншақтай беретінді шығардым. Оның себебі – елде жол апатынан болып жатқан адам өлімдері. Жас та, кәрі де қыршыннан қиылып, балалар да, бүтіндей отбасылар да кетіп жатыр. Көп адамдар жарақат алып, мүгедек болғандары да жетерлік. Материалдық залалдарды айтпай-ақ қоялық – адам өмірінен қымбат емес.

БАҚ-тарда жол апаттарының басты себептері ретінде жолдардың сапасының төмендігін, автокөліктердің техникалық жағдайының нашарлығын атап жатады. Бірақ солардың ешқайсысы жол апатын туындататын ең басым себепті атамайды. Не білместіктен солай істейді, болмаса біле тұрса да, соны айналып өтуге тырысады. Оған себеп болатын ресми биліктің жол апатын туындататын себептерге көзқарасының басымдығынан-ау деймін. Өйткені статистикалық деректерде жол апаттарының, менің көңілімде тұрған себептерін атап жатқанын естіген жоқпын. Ал ол себептерді мойындамайынша, бұл кесапаттан құтыла алмаймыз.

Кесапаттың аты – жылдамдық. Жылдамдықты шамадан тыс арттырумен жол жүру ережесі өрескел бұзылады. Ол ереже бізге – «жүргізуші жол бойында кездесетін көрінген кедергілерден басқа да, ойда-жоқта, тосыннан пайда болуы ықтимал кедергілер мен қатерлерді де қаперге алып, ондай жағдай туындай қалса, дереу апаттың алдын алуға дайын болуды» талап етеді.

Қазіргі «тізгін» ұстаушылардың дені бұндай талаптың барынан мүлде хабарлары жоқ-ау десем, көп қателеспейтін шығармын. Өйткені жүргізуші дайындау ісі қазір бетімен кетті. Тіпті дайындау деуіміздің өзі артық, қазір жүргізуші куәлігін берумен «кәсіп» жасалып жатыр.

Жүргізушілер дайындау ісін осындай жағдайға жеткізуге жол ашқан әрекеттерді мемлекеттік қылмыс қатарына жатқызу керек. Өйткені соның салдарынан жол бойында «қырылып» жатырмыз. Бір жылда 3000-ға тарта адам жол бойында қазаға ұшырап жатса, солай демей қайтеміз. Бұл дегеніміз – бір ауылдың халқы ғой.

Қайтпек керек? Айдың күннің аманында осыншама адам шығынына ұшырауымыз қалай? Орайы келіп тұрғанда айта кетелік. Қазіргі қолданыстағы заң да жолдарда жоғары жылдамдықпен жүрушілерді қоштап тұрғандай.

Мысал келтірелік. Жол үстінде автокөліктердің ірі қара малдармен қақтығысу салдарынан болып жатқан жол апаттарын алалық. Жолдан өтіп бара жатқан мал барып машинаны соқпайды, машина келіп малды қағады. Соған қарамастан, мал иесі жауапты болып шығады. Себеп – мал қараусыз жіберілген. Ал барлық жерде сирақты малды бағуға бақташы шықпайды. Содан үйінде отырған мал иесі әрі малынан айырылады, әрі айыппұл төлейді. Көлік иесінің машинасын жөндеу шығынын өтеуге міндетті болады. Парадокс.

Қарапайым ғана есеп жасайық. Уақыт өткен сайын техниканың бастапқы құны төмендей береді, ал малдың бағасы салмақ қосу немесе төлі есебінен жыл өткен сайын артып отырады.

Сонымен мал ұстаудың қажеті бар ма, жоқ па? Ауыл жұртын, міне, осындай дилемма қинап тұр.

ЖКО-ны құжаттау кезінде полиция өкілдері автокөліктің жылдамдығын анықтауға мүлде назар аудармайды. Соттар да оны талап етпейді.

Бұны неге айтып отырмыз. Аса терең талдауға бармай-ақ, мынаны айтсақ та жеткілікті болады. 150 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан автокөлік 1 секундта 42 м жол жүреді. Бұған жүргізушінің реакциясына кеткен 0,15 секунд уақытта жүретін 3,5 км жолды қоссақ, 42+3,5=45,5 м болады.

Сондықтан аса жоғары жылдамдықпен келе жатқан автокөлік жүргізушісі түнде жол апатынан дер кезінде сақтана алмайды. Қайтпек керек? Жылдамдыққа байланысты жол жүру ереже талаптарын бұлжытпай сақтауды қалай қамтамасыз етуге болады?

Құрметті оқырман, осы бір шағын сөзімде елімізде болып жатқан келеңсіздіктердің бір парасын ғана сөз еттім. Сіз қалай ойлайсыз?

Нығметолла Құрмашев

Махамбет ауданы

Атырау облысы

Тегтер: