Кесенеге кешенді зерттеу жүргізілуде
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына, нысан қабырғаларының ылғалдануына, тұздануына қатысты айтылып жүрген әңгімелерге түсінік берді.
– Бұл мәселе ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жазылды. Әртүрлі пікірлер бар. Қанша дегенмен кесененің тұрғызылғанына алты ғасырдан астам уақыт өтті. Қазір нысандағы негізгі проблемалар: біріншісі – қабырғаларының отыруы, екіншісі – қабырғаларының ылғалдануы, үшіншісі – кесене төбесінің көгеруі. Мұның себептерін біреулер тарихи нысан аумағында жүргізілген көгалдандыру жұмыстарынан іздеуде. Енді бірі Түркістанның облыс орталығы болып, құрылыс жұмыстарының қарқын алғанымен, енді біреулер Көксарай су қоймасының салынуымен байланыстырады. Бұл мәселеде нақты қорытынды жоқ, – деген облыс басшысы кесененің қазіргі ахуалы сарапшылармен, оның ішінде Өзбекстаннан келген эксперттермен арнайы талқыланғанын алға тартты. Сарапшылардың айтуынша, кесенедегі проблемалар екі мыңыншы жылдардың басында, яғни Түркістан облыс орталығы болғанға дейін басталған.
- Осылардың бәрін ескер отырып республикалық бюджеттен 317 миллион теңге бөлінді. Тиісті құралдар алынды, мониторингтік топ құрылды. Кесененің әр бөлмесіне арнайы құрылғылар орнатылды. Осы құрылғылар арқылы нысан ішіндегі ылғал жылдың төрт мезгілінде тексеріліп отырылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Кесене қабырғаларындағы ылғалдың неден пайда болғаны бір жылдан соң, кешенді тексерулердің қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Жалпы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қабырғаларының тұзданып, ылғалданғанын бұған дейін белгілі ғалымдар айтқан болатын. Мәселен, археолог Мұхтар Қожа мұның себебін кесене аумағында көгалдандыру жұмыстарының жүргізілгенімен байланыстырды. Ал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбек былтыр «Жас Алаштың» тілшісіне берген сұхбатында кесененің қазіргі жағдайы Президент әкімшілігінің бақылауына алынғанын, төрт министрліктен құрылған мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.
Сәуірде президенттің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Түркістанға келіп, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау және оның техникалық ахуалы жөнінде кеңес өткізді.
Ал жуырда Түркістанға, Ұлттық құрылтайдың отырысына келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, осында жерленген тарихи тұлғалардың рухына Құран бағыштады. Мемлекет басшысына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында жүргізіліп жатқан ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жөнінде мәлімет баяндалды.
Ұлттық құрылтайда президент Түркістан қаласының маңызына арнайы тоқталды.
— Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді, – деді президент.