Кейбір көпбалалы аналар енді мемлекеттік жәрдемақы алмайды

Елімізде көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді. Енді табысы жоғары аналар мемлекеттен жәрдемақы ала алмайды. Бұл шешім бюджетті үнемдеу үшін емес, әлеуметтік әділеттілік қағидасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған.
Жаңа ережелерге сәйкес, көмек тек нақты мұқтаж отбасыларға бағытталады. Яғни, көпбалалы мәртебе жеткіліксіз — отбасының нақты табысы мен жағдайы да ескеріледі.
Мысал ретінде министр мынадай жағдайды келтірді:«Мысалы, мен көпбалалы анамын. Қасымда бір баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана бар, табысы жоқ. Мұқтаждық жағынан ол анаға көмектесу керек. Әділеттілік — осыда».
Реформа аймақтар арасындағы алшақтық анықталғаннан кейін қолға алынған. Себебі қалаларда ұсынылатын әлеуметтік қолдау ауылдық және шалғай аймақтарға қарағанда анағұрлым кең. Мемлекет бұл теңсіздікті жоюды көздеп отыр.
Қазіргі таңда жаңа тәртіп Шымкент пен Қарағанды облысында пилоттық негізде енгізілді. Басқа өңірлерге тарату үшін тиісті заңнамалық өзгерістер қажет.
Талдау нәтижесінде белгілі болғандай, алты түрлі санаттағы 800 мыңнан астам адамның отбасы жоғары табыс деңгейіне ие. Мұндай отбасыларда бір адамға шаққандағы табыс төрт күнкөріс минимумынан асады, бірнеше көлігі мен мүлкі бар. Жаңа өзгерістер тек осы санатқа әсер етеді. Ал басқа отбасыларға алаңдауға негіз жоқ.