«Кез келген қиын сәтте әрбір тірі жанды құтқару басты мақсат, негізгі міндет»!
Қостанайдағы өрт сөнген соң өрт сөндірушілердің шаршап шалдығып, беттері күйе қалпында әр жерде демалып отырған суреті әлеуметтік желіге тарады.
Сол суретке қарап-ақ тілсіз жаудың бетін қайтару төтенше жағдай қызметкерлеріне қаншалықты қиын болғаны түсінікті еді. Аталмыш суреттің астына мыңдаған халық алғыстарын жазып, өрт сөндірушілерге деген ризашылықтарын жазып жатты. Одан артық құрметтің қажеті де жоқ секілді ерекше толқығанымыз рас.
Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев артынша Төтенше жағдайлар министрлігінде Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қатысқандарды арнайы мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №1020 Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі – Нұрсұлтан Өмірсерікұлы Жолдасов та марапатталған болатын. Марапат иесімен төтенше жағдайлар қызметінің ерекшелігі туралы аз кем сұқбаттасқан едік.

— Қостанай облысындағы табиғи өртті жою кезінде көрсеткен ерліктеріңіз құрметке лайық. Бұл салаға қалай келдіңіз? Жалпы төтенше жағдай қызметінде еңбек етіп жатқаныңызға қанша уақыт болды? Бұл марапат алғашқы рет еңбектің еленуі ме?
— Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Ленинград ауылының тумасымын. Төтенше жағдай саласына әскерден соң келіп орналастым. 2012 жылдан бері жұмыс істеймін. Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде» он жылдан бері істеп жатқан соң саланың қыр сырына әбден үйренісіп қалдық. Өзіме мамандығым қатты ұнайды. «Ерлігі үшін» марапатым алғашқы марапат емес. Осыған дейін де Төтенше жағдайлар саласында қызмет еткеніме он жыл толуына орай марапатталған едім. Марапат үшін қызмет істемейміз ғой. Жай кәсіби қызметімізді қалтқысыз атқаруға тырысамыз. Алайда сол еңбектің еленіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Оның үстіне мұндай марапат жауапкершілігіңді де арттыруға ықпал етеді екен. Сондықтан бұл марапат иыққа өзгеше бір сенім, жүк артқандай болды.
— Қызмет барысында ерекше есте қалған оқиға болды ма?
— Дәл қазір есіме түспей тұр. Дегенмен әр төтенше жағдайдың өзінің шығу салдары бар. Сәйкесінше әрқайсысы өзінше ерекше ғой. Бірақ біз қалыпты жағдай санап, күнделікті міндетіміз ретінде қарап басты мақсат өрт сөндіру ретінде қарағандықтан көп мән бере бермейміз ғой. Барлық жағдайға бірдей қараймыз, алаламаймыз. Сондықтан кішкене еске түсіруге қиналып тұрмын. Бірақ адамды да, мысықты да өртте қалдырмауға тырысып, барынша тез қимылдап, өлімге басымызды тігіп алып шыққан кездеріміз көп болады. Ол негізгі міндетіміз болған соң бөле жара айтып, ерекшелегім кеп тұрған жоқ. Адам құтқару міндетің болған соң, оны әлдеқандай етіп айтудың өзі ыңғайсыз секілді. Егер мүлдем басқа мамандықта жұмыс істеп, абайсызда құтқарсаң сөз басқа. Ал негізгі міндетің адам құтқару болған жерде ол күнделікті үйреншікті жайттай көрінеді екен. Мойныңдағы жауапкершілік те соған сай болады. Кез келген қиын сәтте әрбір тірі жанды құтқару басты мақсат, негізгі міндет!
- Қостанай өңіріндегі өрт кезінде ең қиыны не болды?
— Қостанайдағы өрт кезінде ең қиыны өртпен желдің жағаласуы болды. Ұйытқып соғып өрттің бағытын өзгертіп, үнемі өртті сөндіруге кедергі келтіріп, керсінше жалынды өршітіп отырды. Сондықтан өрт ие бермей кетті.
— Он жылдай болыпты салада істеп жүргеніңізге, осы уақытқа дейін қызмет барасында өміріңізге қауіп төнген кез болды ма?
— Әр шақыртумен шыққан сайын алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Сол белгісіздік аздап көңілге үрей ұялатады. Бірақ қызметтік міндетің болғандықтан артқа шегінуге жол жоқ. Міндетті абыроймен атқаруға тырысу керек. Үйге өзіңе артылған жүкті абыроймен атқарып қайтудың да өз қуанышы бар. Сондықтан мүмкіндігінше төтенше жағдайдың зардабын аз ету үшін, адамдарды дер кезінде құтқаруға, өртті тез сөндіруге ұмтыласың.
— Қазір қандай төтенше жағдайлар жиі тіркеледі?
— Негізі шақыртулар маусымына қарай өзгеріп отырады. Мысалы қысқа қарай жылыту маусымы күшейеді. Сондықтан пештен шыққан ақаулар салдарынан өрттер жиілейді. Осы кезде тұрғын үйлерден шығатын өртке жиі шығамыз. Негізі жылыту маусымы басталар алдында пештің маңайында жарықтар болмауын, ағаштар жақын орналаспауын, жихаздардың алыстау тұруын айтып, арнайы ескертіп тұрғын үйлерді аралап шығамыз. Қатты қызған пеш жанындағы жанғыш заттардың тұтануына ықпал етіп жатады. Соның бәрін алдын алдын ала ескертеміз. Бірақ төтенше жағдай бәрібір абайсызда орын алып жатады. Сондықтан төтенше жағдайдан ешкім сақтандырылмаған дер едім. Кез келген адам төтенше жағдай құрбаны болуы әбден мүмкін.
— Сіздер әрдайым зардап шеккендерге көмектесуге асығасыздар. Күн сайын өрттерге, апаттық-құтқару жұмыстарына шыққанда басқаларды құтқару үшін өз өмірлеріңізді қатерге тігуге тура келеді. Ал отбасыңыз таңдаған мамандығыңызға қарсы емес пе?
— Жоқ, қайта әрбір төтенше жағдай орын алған жағдайларға алаңдаушылық танытып отырады. Қызметтік пәтерде тұрамыз. Саладағы қиындықтарды жақсы сезінеміз. Сондықтан отбасымызбен төтенше жағдай саласына құрметпен қараймыз!