Кибералаяқтықтан қалай сақтанамыз?
Бүгінгі жаһанданған жиырма бірінші ғасыр адамдарының ғаламтор беттерінде отырып, ақпарат қабылдауы қалыпты құбылысқа айналды.
Өміріміздің кез келген саласын ғаламтор арқылы жеңілдетіп, өз пайдамызға жаратуға болады. Осы орайда сауда-саттық біртіндеп, ғаламтор беттеріне көшіп барады. Сәйкесінше, әлемде интернет алаяқтықтың да саны өршіп келеді.
Статистика мәліметтеріне сәйкес 2022 жылы 20,6 мың іс интернет алаяқтық мәселесі бойынша тіркелген. Жалпы, алаяқтыққа қатысты тіркелген істердің ішінен бұл көрсеткіш 34,2%-ды құрайды. Елімізде интернет алаяқтығының саны күрт өскен. Ал биылғы жыл басталғалы бері қылмыстың осы түріне қатысты 18 мыңға жуық іс тіркелген. Ал осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай сан бір жылда тіркелетін. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
Соның кесірінен, күн сайын бірнеше адам интернет алаяқтардың қақпанына ілігіп қалады. Осы орайда, елімізде интернет-алаяқтық пен хакерлікке байланысты «Anti-fraud» және «Hi-tech» операциялары жұмыс істеуде. Бұл іспетті жедел операцияларының барлығы кибер қылмыстардың алдын алу, осыған ұқсас заңсыздықтарды әшкерелеуге бағытталған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, сондай-ақ ерекше қызығушылық танытатын пайдаланушылардың парақшаларына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Осы турасында заңгер Әлия Әшімова: «Бұл тәсіл интернеттегі алаяқтық жүйелерді анықтауға көп септігін тигізеді. Осындай алдын алу іс-шараларының арқасында жақында ғана полиция қызметкерлері «қаржы пирамидасы» қағидаты бойынша ойындарға қатысуды насихаттайтын бірнеше топтың заңсыз әрекетін әшкерелеген. Бірнеше күн бұрын жедел операциялар Орал қаласының тұрғындары арасындағы WhatsApp желісіндегі тауар сату мақсатында ашылып, интернет алаяқтықпен айналысатын топтарды анықтады», – деп пікір білдірді.
Сонымен қатар интернет жүйесіндегі келген сілтемелер мен ақпараттарға сенбеуді, әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеуді, жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері мен банк картасының суретін ешкімге жібермеуді ұсынды.
Ақгүлім Ерболқызы