Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Киев Донбаста еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қарастырып жатыр

Украина
Фото: Телеграм

  Украина бітім жағдайында Донбаста арнайы құқықтық және салықтық режимі бар еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру жөніндегі АҚШ ұсынған жоспарды зерделеп жатыр.

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған жоспарды іске асыру Ресей тарапынан да белгілі қадамдарды талап етеді және Украина ішінде кең қоғамдық талқылауды қажет етеді.

Қарулы күштер шығарылғаннан кейін азат етілген аумақтарда құрылуы мүмкін бұл аймақ ерекше құқықтық және салықтық режим негізінде жұмыс істемек.

"Форматы күрделі, бірақ әділетті", - деді Владимир Зеленский.

Сонымен қатар Украина президенті балама сценарийді де атап өтті. Ол әскерді шығармай-ақ ұрыс қимылдарын тоқтатып, кейін даулы мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуді көздейді. Алайда Зеленскийдің айтуынша, Ресейдің әрекеттері Кремльдің шынайы дипломатияға дайын еместігін көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, Владимир Зеленский Украина ешқашан басып алынған аумақтарды Ресейге тиесілі деп мойындамайтынын тағы да нақтылады, тіпті толық егемендікті қалпына келтіру болашақта жүзеге асқан күннің өзінде де бұл ұстаным өзгермейді. Оның сөзінше, Украина тарапы аумақтарға қатысты ұсыныстар бойынша өз ұстанымын америкалық тарапқа жеткізген және қазір Мәскеудің жауабын күтіп отыр.

Еуропа көшбасшыларының Ресеймен диалогты қайта жандандыру қажеттігі туралы соңғы мәлімдемелеріне қатысты сұраққа жауап берген Зеленский мұндай байланыстарға қарсы емес екенін айтты.

"Мен Еуропаның Ресеймен сөйлесуіне қарсы емеспін, әсіресе қазір, АҚШ тарапынан қысым бар кезде және Еуропа қауіпсіздік кепілдіктері туралы айта бастағанда. Біз соңғы кезеңге жақындап қалдық, әзірге оның нақты қандай форматта болатынын білмесек те", - деді Украина президенті.