Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 23 Қазан 2023

Киікке күйек байлаймыз ба?

None
None

Қазақстанда киікте саны қазір 2 миллионға жуықтапты.

Соңғы кездері елімізде киік мәселесі күйіп тұр. 2015 жылдары елде киіктерді атуға тыйым салынғалы бері иен даланы еркін жайлаған киіктердің саны қазір 2 миллионға жуықтапты. 1920 жылдары жойылып кету қаупі туған ақбөкендер туралы арада бір ғасыр өткенде «тым көбейіп кетті» деп дабыл қағылатынын ешкім ойламаған болар...

Былтыр Серікқали Брекешев экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындала салысымен киіктердің мәселесін шешкісі келген. «Елдегі киіктердің санын реттеп, киіктерді атуға рұқсат беру керек» деген Брекешовтің басы біраз дауға да қалды. Мәселе қоғамда қызу талқыланып,  ақыры экс-министр «2023 жылдың аяғына дейін киіктерді атпайтын болдық», деп құтылды. Брекешевтен кейін министр болған Зүльфия Сүлейменова да бөкендер жайына біраз тоқталған болды. Бірақ бұл шетін мәселені ол да шеше алған жоқ. Тамыз айында ғана Оралға барған Сүлейманованы өрісі тарылып, шабындығы тапталған шаруалар «мәселе шешіңіз», деп күтіп алып, «митингіге шығамыз», деп шығарып салды. Өзі де көп сыналып жүрген Сүлейменованың киік тақырыбын талқылауға еш дайындықсыз барғаны бірден аңғарылған.

 Киікті кім атады?

Сөйтіп, Жайықтағы елді киіктің жайы қатты жабырқатып тұр. Қанша жерден жерін қоршап, қорғаштағанымен, топталып келіп таптап кететін киіктерге ешкімнің шамасы келмей тұр. Ресми деректер қазір Орал өңіріндегі киіктердің саны 800 мыңнан асады десе, бейресми деректер одан бірнеше есе көп көрсеткіш ұсынады.    

Негізінен, ақбөкендер Қа­зақ­стан, Моңғолия, Қалмақ автоно­мия­сын мекен етеді. Оның ішінде киіктің 95 пайы­зы біздің елде өмір сүреді. Былтырғы көктемгі са­нақ бойынша Қазақстандағы киік­тердің жалпы саны 1 млн 318 мың делінген. Мұнда бөкендердің Бетпақ­дала, Үстірт және Орал топтары бір-бірінен жеке-дара жүреді. Міне, осылардың ішінде Орал топтарының саны қатты өскен.

Алдымен диқандар келтірген деректерге мән берсек. Мысалы, 13 мың гектар жерге бидай егілсе, соның 6 мың гектарын киіктер таптап тастайтын көрінеді. Алқапта күніне 2-3 мыңдап, киіктер жайылып жүреді. Олар ешқандай айдауға көнбейді, атуға рұқсат жоқ.

Диқандардан бөлек, жайылым жерлері бар, мал өсіретін шаруаларға да оңай соқпай тұр. Биыл шөптің шығымы да нашар. Шаруалар бұл мәселені шешпесе, Жайықтың бойында жұт болуы мүмкін дейді. Олар жерін киіктерден қору үшін электр бағдаршамдар орнатып, электр сымдарымен қоршап, арықтар да қазып тастаған. Бірақ бұл әрекет жүз мыңдап жөңкіген киікті тоқтата алмай отыр. Мәселені зерттеу үшін тәуелсіз комиссия да құрылған. Сарапшылар ақбөкендердің 1 млн гектардан астам жерді отап кеткенін анықтаған. Жергілікті депутаттар мен әкімдік мүшелері аудандағы әр мал басына 20  мың теңгеден өтемақы төлеуді ұсынған. Бұл шамамен – 10 млрд теңге. Бірақ мұншама қаражат облыс бюджетінде тағы жоқ. Жергілікті тұрғындар «Жайықтағы киіктердің саны биыл 2,5 миллионға жетті» дегенді айтады. Өңір тұрғындары «бұл қарқынмен аймақтағы киіктер саны 5 миллионға жетсе қайтеміз?» деп үрейленеді. Бүгінде үкімет бұл жануарлардың 10 пайызын атуға рұқсат берген күннің өзінде 250 мың киікті кім атады? Егер атуға рұқсат берсе «Охотзоопром» ӨБ кәсіпорнына беруі мүмкін. Бірақ бұл кәсіпорында соншалықты ауқымды киіктерді атуға база қалыптаспаған. Қару, маман саны аз. Одан бөлек, атқаннан кейін ол киіктерді не істейді? Ашық далада қалса, эпидемия тарайды, бәрін қырып тастап, көме салады дейін десең, атуға адам таппай отырған кәсіпорын оған кімді жалдайды?

Экология және табиғи баланс

Мәселені арнайы зерттеген ғалымдар өңірдегі киіктердің санын 350 мыңнан асырмау керек дегенге тоқтапты. Бұл талдауға халықаралық сарапшылар да шақырылыпты. Соған қарағанда бұл жай ғана цифр болмаса керек. Германиялық сарапшылар иен даладағы киіктердің осынша көптігіне қайран қалып, «бір мезетте 1 млн киік қырылатын болса, оның ақыры экологиялық апатқа апарады. Елде төтенше жағдай жариялауға тура келеді. Сондықтан киіктердің басын біртіндеп азайту қажет», депті. Германиялық сарапшылар жануарлардың популяциясын реттеуде аңшылық пен атудан бөлек олардың табиғи «жауын» пайдалануды ұсыныпты. Бұл арада жабайы тұяқты­лардың санын реттеуде қасқыр сияқты жырт­қыштар­дың рөлі ерекше. Бірақ қазір Қазақстанда қасқырлардың да саны әлде­қайда төмендеп кеткен. Қасқырлар көп кезде киік се­кілді тұяқ­тылардың көрсеткіші өздігінен табиғи жолмен реттеліп отырған. Біраз жыл бұрын қасқырларды жаппай қырғанбыз, енді, соның есебінен тұяқ­тылар саны артқан. Экожүйе бұзылған.

Сондықтан біздің елде жануарлардың табиғи балансын реттеу үшін аңшылық әдісі ғана қолданылады. Ал ол әдіске салып, киіктерді атуға кіріссе ел ішінен «шаш ал десе бас алатындар» да шықпай тұрмайды. Миллиондаған киікті қырып тастауы да мүмкін. Және бір қауіптенерлігі, аңшылық ет үшін емес, оның мүйізі үшін жүргізіліп, даланы теңкиген өлексе басып қалуы да ғажап емес. Сондықтан киікті атқан күннің өзінде мүйізінен бастап, етіне дейін өңдеу жайын әбден қарастырған жөн. 

Бюджет пен бизнес

Киікті пайдаланудың сауатты жолын меңгерсе, біраз пайдаға кенелуге болады. Мысалы, киік мүйізінің емдік қасиеті бар. Бағасы да тәп-тәуір. 1840-1850 жылдары Қазақ елінен Бұхар, Хиуа хандығына 750 мың киік мүйізі өткізіліпті. Ол кезде «бір аңның мүйізі бір жүйрік аттың немесе түйенің бағасымен теңестірілген» деген дерек бар. Білетіндер осы күні киіктің мүйізінің бір келісі Қытайдың қара базарында 3,5-5 мың АҚШ долларына сатылады деседі. Мұндай нарықта браконьерлер шықпай тұрмайды. 2015 жылғы тыйым да осы браконьерлікке тоқтау болу үшін жасалған. Ендігі жағдай мынау. Сондықтан киік атуды заңдастырмай болмайды. Киіктің мүйізін арнайы дәрі жасайтын зауыттарға өткізіп, одан қажетті емдік заттарды алатындай мүмкіндік жасалса, ал етін өңдеуге жіберіп, ұқсата алсақ, бұл әжептәуір пайда әкелетін бизнес түрі болмақ.

Жалпы, «Охотзоопром ӨБ республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны тек киіктерді қорғауға жыл сайын бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөледі.  Киіктерді қарап, күзетуге арналған инспекторларға ғана жұмсалатын бұл қаражаттың сыртында, халықаралық ұйымдардан және өзге де шетелдік ірі компаниялардан бөлінетін қаржыландыру мен техника тағы бар.

Киікті ату керек пе, жоқ па деген мәселеде қоғам пікірі екіге жарылды. Оның киелі аң екенін айтушылар бар, жануарлардың құқығын қорғаушылар бар, киіктің көптігінен зардап шегушілер бар… Пікірлер әртүрлі. Бұл мәселені түпкілікті шешпей тағы болмайтыны анық болды. Киікке күйек байлайық демесе, оларды азайтудың атудан басқа жолы қалмай бара жатқанын қарсы болып жүргендер де түсіне бастағандай.

Киіктен қорыққан мал бақпайды, егін екпейді

Жалпы, аталған проблеманы шешу үшін не істеу керек? Қандай зерттеулер жасалып жатыр? Шаруарларды киіктің құрсауынан қалай құтқарамыз? Осы сауалдарды «Жас Алаш» арнайы мамандарға қойып көрді.

Мырзабай Боранбаев, Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы «М.Боранбаев» шаруа қожалығының жетекшісі:

боранбаев
Фото: из открытых источников

— Қазір біздің жайылымдық жеріміздің бәрін киік отап кетті. Жерлеріміз жарамсыз болып қалғандықтан, малдың азығын даярлай алмай отырмыз.  Аздаған жайылымдық жеріміз бар. Осы жерге жазда малымызды бағамыз. Одан қысқа мал азығын қамдаймыз. Біз пайдаланып отырған жерлерден шөп шапқанда әрі кеткенде 2,5  центнерден шөп түседі. Киік күніне 6 келі шөп жейді. Мына жерде 2 млн киік бар. Олардан шөп те қалмайды. Сонда біз қайда барып күн көреміз? Амал жоқ, мал шаруашылығын қоямыз. Менің қолымда 1000 бас сиыр, 1000 бас жылқы, 300 қой бар. Міне, маған осыған азық табу қиын болып отыр. Алда қыс келе жатыр. Әкімдік акт жасап, өтемақы береміз деген, ол мәселе де шешімін таппады. Бөкей орданың жалпы жер көлемі 1 млн 920 мың гектар. Соның 943 мың гектары Капустин-Яр полигон аймағында жатыр. Ал қалған жерді киік отап кетсе біздің неміз қалады?! Үкімет халықтың жағдайын ойлап, саяси тұрақтылықты сақтаймын десе, киік мәселесін шешу керек, атуға рұқсат берілуі керек. Киіктің саны реттелуі тиіс.

Шамшиддин Әлжан, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінің проректоры:

— Киіктің саны өзінің нормасынан бес есе артып кетті.  Осыған байланысты шаруалардың барлығы дерлік елдегі киіктің санын азайтып, реттеуді ұсынып отыр. Бұл орынды да. Себебі қанша қорғанса да жайылымдық жерлер мен егістіктерді сақтау мүмкін болмай тұр. Киік санын реттеу үшін жергілікті тұрғындарға шағын квоталармен аң аулауға рұқсат берілуі керек. Бұл ет дайындауға болатын аң. Ет өте маңызды, мұқият атқарылатын іс. Киіктің етін базарға арзан бағамен түсіру емес, деликатес элиталық өнім дайындап, оны экспорттау керек. Мүйізінен де көп дүние дайындауға болады. Ол үшін контрабандаға жол бермей, түпкілікті сатылымға дейін барлығын құжаттамалық түрде жүзеге асыру жүйесін дамыту қажет. Біз ақбөкендерден пайда көретін мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек. Арнайы қор құрып, киіктен түскен қаржыдан ақбөкендерден зардап шеккен фермерлерге көмектесе аламыз да, киіктің зиянынан пайдасын көбірек көреміз.

Бақытбек Дүйсекеев, ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің экс-басшысы:

— Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық конвенциялардың, халықаралық ұйымдардың мүшесі, бұл ұйымдармен меморандумға қол қойған. Сондықтан киіктің мүйізін сыртқа өз бетінше шығара алмайды. Өңдеген күннің өзінде оны экспорттауға мүмкіндігі жоқ. 133 елдің өкілі бар CITES  конвенциясына Қазақстан да мүше. Халықаралық дәрежеде дериваттардың пайдаланылуын шешетін осы ұйым. Енді саны көбейген киіктерді реттеп отыру үшін 130-ға жуық елдің өкілі мүше осы ұйымның рұқсатын да алу керек. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе жуық арада шешілетін болады. Білесіздер, жуырда елге Германиядан, Австриядан, Ұлыбритания сынды жеті мемлекеттен сарапшылар келді. Үлкен жиын болды. Ол жиынға шаруалар да, Батыстағы жергілікті тұрғындар да, әкімдік те, аймақтағы ғалымдар да қатысты. Жан-жануарларды қорғайтын және оларға зерттеу жүргізетін халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен ғалымдары бір аптадан бойы Қазақстанның бірнеше облысын аралады. Тіптен олар киіктердің төлдейтін жеріне, жайылымына барып қана қоймай, жергілікті халықпен де кездесті. Шетелдік ғалымдар далада өліп жатқан киіктерді де көрді. Жайылымын жайпап кеткен шаруалармен де жолығып, пікірлерін тыңдады. Олар да бұл мәселеге қатысты өз ойларын айтты.  Киіктерді дұрыс пайдалана алсақ, оның пайдасы мың есе көп. Жоспар бар, идеялар қарастырылған. Сондықтан бұл мәселе таяу болашақта шешімін табуы керек.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Тегтер: