Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 11 Мамыр 2025

Қылқалам ұшындағы символ мен миф (Мақұм Қисамединовтің шығармашылығы туралы)

Мақұм Қисамединов
Мақұм Қисамединов

1960 жылдары Алматының қақ ортасында орналасқан, Жазушылар одағы мен Суретшілер одағының арасында «Аққу» атты кафе орналасыпты. Мұндағы көлеңке астындағы үстелдердің басында тек көшелер емес, тағдырлар тоғысатын.

 Бұл жер жай ғана дәмхана емес – әдебиет пен бейнелеу өнері түйіскен, идеологиялық шектеулерге қарамастан, еркін пікірталастар туа бастаған қазақи Монмартр болатын.

Осындағы суретшілер мен жазушылардың, ақындар мен сыншылардың әңгіме-дүкендері мен пікірталастары таңертең басталып, түнге дейін созылатын. Дәл осы жерде, бір шыны шайдың немесе бір бокал шараптың үстінде болашақ классиктерді – әлі жас, жігерлі, шабытты шығармашыл жастарды – күтпеген жерден жолықтыруға болатын. Солардың бірі – ширақ қимылды, көзі оттай жанып тұрған арықша келген жас жігіт еді. Аты – Мақұм. Бұл есімнің өзі де дәл бір семсердің серпігеніндей өткір, қысқа әрі мінезді естілетін. Шынымен де, ол жай ғана өнер адамы емес, семсерлесу (фехтование) спорты бойынша спорт шебері болатын. Бірақ спорттық шеберліктің артында әлдеқашан оянған суреткерлік қуат, ішкі зейін мен рухани тереңдік тұнып жатқан-ды. Ондай зейін – өз жолын ерте тапқан адамға ғана тән болатын. Бұл жас жігіт – Мақұм Қисамединов еді…

М.Қисамединов 1939 жылдың 10 ақпанында Волгоград облысының Икряный ауданындағы Воскресенск ауылында дүниеге келген. Жастайынан сурет өнеріне бейім болған ол кейіннен Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтына оқуға түсіп, Борис Дехтеревтің шеберханасында білім алды.

Суретші ретінде Қисамединовтің алғашқы қадамдары 1962 жылдан, яғни Мәскеудегі көркемсурет институтының студенті кезінде, қатысқан көрмелерінен басталады. 1967 жылы оқуын аяқтаған соң Алматыға келіп, осы қаланы өзінің шығармашылық және рухани орталығына айналдырды. Сол кезден бастап өмірінің соңына дейін Алматыда еңбек етті.

1970–1980 жылдар – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында кеңестік тоқырау дәуірінің тұсы болатын. Бұл кезеңде суретшіге қойылатын басты талап – халыққа қызмет ету деген желеумен идеологиялық міндеттерді орындау еді. Өнер оптимистік, шынайы, анық, партия талабына сай болуы керек делінетін. Бұл талапқа бағынбағандарды ресми түрде қудаламаса да, шеттету, көрмелерден алып тастау, баспасөзде жоққа шығару, шығармаларын жариялауға мүмкіндік бермеу арқылы шетке ығыстыратын.

Мақұм Қисамединов

М.Қисамединов еркін ойлы, зерек те өр мінезді жандардың ортасында жүретін. Өнертанушы М.Әлімбаевтың айтуынша, суретші жастайынан Махамбет өлеңдерін окып, сол аймақта туып болар сері, тәкаппар да қызба мінезді жігіт болған. Сол кездегі Суретшілер одағындағы пленум, жиналыстарда суырылып сөйлеп, халтурщик суретшілерді, жалқау басшыларды батыл сынайтын. Мақұм шеберханасында Қ.Айтбаев, Т.Тоғысбаев, О.Нұржұмаев сынды суретшілер жиі бас қосатын.

Мақұм үшін өнер – ауадай қажет тіршілік кеңістігі еді. Оны замандастары көбіне Қалжан Айтбаевпен бірге көретінін айтады. Себебі екеуінің достығы мен рухани үндестігі бір-бірінен ажырағысыз еді. Оларды ешкім шатастырмайтын, бірақ ешқашан жеке-дара қабылдамайтын да.

Қисамединов пен С.Айтбаев секілді суретшілер үшін мұндай кезеңде қауіпсіз шығармашылық алаң болған жоқ. Олардың ішкі шынайылығы, тереңдікке құрылатын образдары мен күрделі бейнелік тілі идеология өкілдерін әбігерге салатын.

Алайда бұл қиындықтар оны тоқтата алмады. Керісінше, ел ішінде оны қолдайтындар қатары күннен-күнге артып отырды. Соның нәтижесінде Қисамединов кәсіби ортада көзге түсіп, 1962 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл шешімді Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, ұлт қазынасы саналатын Әбілхан Қастеевтің өзі қолдап:
«Ол өзін қазақ халқының өмірін, тұрмысын жақсы білетін суретші ретінде көрсетті... Оның Одақтың мүшесі қатарында үлкен шығармашылық табыстарға жететініне сенімдімін...», – депмінездеме берген екен.

1970 жылдары Мақұм Махамбет Өтемісұлының тұлғасын бейнелеуге арналған әйгілі графикалық топтамасын жасады. Осы және басқа да еңбектері үшін суретші 1971–1972 жылдары Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Бұл – жастар арасындағы ең беделді әрі жоғары мемлекеттік марапат болатын. Сыйлық 35 жасқа дейінгі шығармашылық тұлғаларға берілетін және Қисамединовтің бұл марапатқа лайықты деп танылуы – оның ұлт тарихын көркем тілде бейнелеудегі терең шеберлігінің ресми мойындалуы еді.

Махамбет сериясынан кейін, Қисамединов КСРО Суретшілер одағының Сенеждегі шығармашылық базасында жұмыс істеуге шақырылды. Бұл база кеңестік кеңістіктегі ең беделді кәсіби шеберханалардың бірі болатын. Мұнда әр республикадан арнайы іріктелген шеберлер жиналып, еркін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алатын.

Сол жерде Қисамединов автолитография техникасында екі маңызды топтама жасайды. Алғашқы 1974 жылғы «Бір өмірдің бейнелері» атты топтамада ол өз жақындарының, туған-туыстарының портреттерін жасап, олардың мінезі мен рухани болмысын асқан шынайылықпен жеткізе білді. Кейіннен 1975 жылы «Халық аңыздарының кейіпкерлері» атты топтамада нақты адамдар емес, қазақ мифологиясы мен фольклорындағы архетиптік бейнелер графикалық тілмен өрнектелді.

Сенеждегі шығармашылық жылдар – Қисамединовтің көркемдік ізденістерінің жаңа, философиялық тереңдікке бет бұрған кезеңі болды. Ол классикалық бейнеден архетипке, реалистік көзқарастан символ мен мифке қарай жол салды. Бұл ізденістер оның кейінгі шығармашылығына терең мән мен көркемдік тұтастық берді.

Алайда Қисамединовтің шығармашылық жолының соңғы кезеңі ауыр дертпен тұспа-тұс келді. Бұл сырқат оның күнделікті жұмыс ырғағына, көрмелерге қатысуына және қоғамдық өмірге белсене араласуына айтарлықтай кедергі келтірді. Әсіресе «Фауст» графикалық сериясын жасап жүрген кезден бастап, оның денсаулығы күрт әлсірей түсті. Ақыр ауруы асқынып, өзі арнайы дайындаған, Лейпцигтегі халықаралық форум секілді маңызды көрмелерге бара алмай қалды. Соған қарамастан ол қолынан қаламын түсірмей, соңғы демі қалғанша шығармашылықпен айналысты.

1984 жылы, бар-жоғы 45 жасында, М.Қисамединов дүниеден өтті. Ақпан айында дүние есігін ашып, кейіпкері Махамбеттің жасында, ақпан айында қайтты. Шығармашылық жолы ерте үзілгенімен, артында 200-ден астам терең мазмұнды графикалық туындылары қалды. Бұл мұра – рухани беріктік пен көркем шындыққа адалдықтың мәңгілік айғағы. Оның шығармалары бүгінгі ұрпаққа шындықты көркем тілмен айту мен рухты бейнелеудің үлгісі ретінде қызмет етіп келеді.

Мақұм Қисамединов

Мақұм және археология

Кейде адамның өмір жолында кездесетін бір ғана тұлға бүкіл ішкі дүниетанымды төңкеріп жібереді. Қисамединов үшін сондай рухани серпіліс әкелген кездесу – Алан Медоевпен таныстық болды. Мақұмға Медоев ғалым, философ, кие мен көшпелі даналықтың иесі сынды көрінді.

Мақұм мен Аланның таныстығы суретшілер шеберханасында не болмаса ғылыми ортада емес, мүлде тосын жерде – семсерлесу (фехтование) үйірмесінде басталған. 1950 жылдардың басында үш жігіт: Мақұм Қисамединов, Алан Медоев және Болат Әубекеров – шпага, рапира, қылышпен жаттығып, тек денені ғана емес, ерік пен мінезді де шыңдаған екен.

Алан Медоев өз жолын филологиядан бастап, кейін геоархеология мен көшпелі мәдениетке терең бойлаған. Ол мәдениетті тұтас организм ретінде қарастырып, орнамент, киіз, металл, ат пен адам сияқты ұғымдарды бөлмей, біртұтас жүйе ретінде талдады. Оның «Қамқор рух – тастағы гравюралар» атты еңбегі Мақұмның көркемдік әлеміне терең әсер етті. Онда тасқа қашалған бейнелер алғашқы мәдени кодтар ретінде қарастырылды. Осы идеялардан шабыттанған Қисамединов бірнеше графикалық парақтар жасайды, соның ішінде ерекше әсер қалдыратыны – «Петроглиф» атты туынды. Бұл – ботасын жоқтап тұрған інгеннің бейнесі, бірақ көрермен оны қағазда емес, дәл археологиялық қазбадан табылғандай қабылдайды.

Бұл тек бейнелеу өнері емес, жоғалған тілдің қайта жандануы болатын. Сөйтіп археология Мақұм үшін тек қазба емес, рухани көру, көрегендікке айналды. Ол тастағы ежелгі суретшінің қолы қалайша бейнені ғана емес, дәуірдің қуатын да жеткізе алғанын сезіне бастады. Сол сәттен бастап сызықтың пластикасы, бейненің иірімі, штрихтың екпіні – барлығы да ежелгі тілде сөйлей алатынына көзі жетті. Қисамединовтің археологияға қызығушылығы – құр академиялық еліктеу емес, оның шығармашылық философиясының ажырамас бөлігіне айналды.

Алан кейде музейдің терең қоймасындағы ескі ер-тоқымдар мен ат әбзелдері сақталған бөлмеге кіріп, бір күн бойы сонда отыратын. Мұндағы тер мен шаң иісі – халық жадынан шыққандай, көне дәуірлердің рухын жеткізетін. Міне, сол сәттегі үнсіз байланысты Қисамединов қағазға түсіріп, көркемдік сәуегейлікке айналдырды. Олардың достығы мен шығармашылық үндестігі –археологияны көркем тілге, ал графиканы археологиялық тереңдікке жеткізген алхимия болды.

Осылайша, археология Қисамединов үшін ғылымнан гөрі стихияға айналды. Жастықтағы шпагасын қалай сеніммен ұстаған болса, кейін график шеберінің қылқаламы мен инесін де сондай дәлдікпен, табандылықпен, мағыналық адалдықпен ұстады.

Мақұм Қисамединов

Кітап графикасы

М.Қисамединов – шығармашылықты кәсіп емес, рухани ізденіс деп түсінген сирек дарын иелерінің бірі. Ол үшін өнер – шындықты бейнелеу емес, оны іздеу, ұмтылған сәттің мәнін ұстау әрекеті еді. Өз сөзімен айтсақ, «Мезет өтеді, ол қайтып келмейді. Сол мезетті өнермен өрнектеу керек!».

Қисамединов – графика өнерінің күрделі техникаларын: линогравюра, ксилография, автолитография мен офортты терең меңгеріп, оны жеке көркем тіліне айналдыра білді. Оның шығармашылығындағы ерекше белес – кітап графикасы. Мақұм үшін кітап – тек мәтінді жеткізуші құрал емес, тұтас бір көркем әлем, мәтін мен бейненің үндестігі арқылы шексіз мағыналық кеңістік ашатын синтетикалық туынды еді. Ол Сәбит Мұқановтың «Жұлдызды жылдар», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», халық ертегілері мен әндерін бейнелеп қана қоймай, әлем әдебиетінің жауһары – Иоганн Гетенің «Фауст» шығармасына графикалық шешім ұсынды.

«Фауст» туындысына арналған графикалық топтама – бұл мәдениеттердің тоғысы. Сақтардың «аң стилі» мен еуропалық ортағасырлық ойма гравюраның стилін шебер үйлестіре отырып, суретші тығыз штрихтар мен мифологиялық образдардың көмегімен ежелгі дүниетаным мен қазіргі рухани сұрақтардың тоғысқан сәтін тапты. Әр композицияда бір кішкентай қашып бара жатқан адам бейнесі – суретшінің өзі, өзінің уақыт ішіндегі сапарын, көркемдік куәгер ретіндегі рөлін бейнелейді.

Қисамединов бұл еңбегімен сақ өркениетін тарих қойнауынан алып шыға, бүкіләлемдік көркем мәдениеттің биігіне жеткізді. Оның «Фаустқа» жасаған иллюстрациялары Бүкілодақтық «Кітап өнері» байқауында І дәрежелі диплом мен КСРО Суретшілер одағының сыйлығына ие болды.

«Махамбет» топтамасы

1970 жылдардың басында М.Қисамединов Махамбет Өтемісұлы туралы топтама жасауға қызыға бастайды. Бұл қызығушылық бір топ жастардың Махамбеттің өлеңдеріне арналған кеш пен кітаптың шығарылуына тыйым салынған кезде күшейе түседі. Ол Махамбетті жай ғана тарихи тұлға емес, бүгінгі күнмен үндесетін – рухы мықты, қайсар адамның символы ретінде көрсеткісі келеді.

Дәл осы кезде Мақұм қиын кезеңді бастан өткеріп жүрді: ол «Жазушы» баспасынан жұмыстан шығып, уақытша деректі фильмде жарық беруші болып жұмыс істеді. Сол фильм түсіру барысында ол Р.Өтесіновпен танысады. Өтесінов – жол апатынан кейін арбаға таңылған мұнайшы, бірақ соған қарамастан, өмірмен күресті тоқтатпаған, жаңа идеялар ұсынып, кітап жазған қайратты адам болған екен.

Мақұм дәл осындай ерік-жігері мықты адамды көптен көкейінде сақтаған Махамбеттің бейнесі ретінде көріп, сол сәтте өзінің басты шығармасы – «Махамбет» композициясын жасауға шабыт алады. Бұл суретте ол бұлшық еті ширыққан, жалғыз өзі дүлей күшке қарсы тұрған адамды бейнелейді. Бұл – батырлықтан бұрын, ішкі рухтың беріктігін көрсететін образ..

Топтама алғаш жарық көргенде жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жоғары баға берген екен: «Бар болғаны алты-ақ парақтан тұратын бұл жұмыстың ең үлкен жетістігі – графикаға тән лаконизмді сақтай отыра Махамбет творчествосының салқар мазмұнын жарқыратып аша алатын ең бір ұрымтал, ең бір ұтымды шешімнің сәтті табылғанында».

Санжар Сырғабаев

суретші, өнертанушы