Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 24 Мамыр 2024

Қылмыс пен жаза арасындағы адам құны

адам құқығы
Фото: daily.hse.ru

Қазақ қоғамындағы кейбір істерге, адамдардың кейбір әрекетіне кейде жіп таға алмай дағдарасың. Әсіресе адамның ақысы, тіпті өлімі таразының басына тартылғанда қауырсын құрлы қауқары болмай қалатын сәттер жиі кездеседі.

 Мысалы, кісі өлімін жасырғымыз келеді, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды заңдық жауапкершілікке тартқаннан гөрі жұмыстан шығарып, ескерту жасап немесе басқалай бір жолдармен қылмысын жеңілдеткіміз келіп тұрады. Сонда адам өмірі, азаматтардың құқығы деген қайда қалды? Неге осындай дүниелерде заң, адамгершілік, ар деген ұғымдар алға шықпайды? Шынын айтқанда, адам өмірінен артық құнды не бар? Ал біз кейде сол адам өмірінен аттап өтіп, мәнсапқа, атаққа, билікке қол жеткізгіміз келеді. Бізді бұлай ойландырған Жамбыл облысындағы 14 жасар Мирастың өлімі және Жетісу облысындағы балабақшадағы тәрбиешінің баланы ұрып-соққан әрекеті. Мұндай пиғыл қалай қалыптасты, бұдан арылудың жолы қайсы, біз бұл сауалдарды құқық қорғаушы Евгений Жовтис және әлеуметтанушы Құралай Қантаеваға қойып көрдік.

Евгений Жовтис
Фото: ашық дереккөз

Евгений Жовтис, Қызметтік өсуден бұрын заң үстемдігін басты орынға қою қажет

Бұл тек Қазақстанда бар мәселе емес, көптеген елдерде мұндай жағдай әлі де бар. Мемлекеттік мекемелердің, құзыретті органдардың басшылары өз бастарын арашалау мақсатында қол астындағы қызметкерлерінің заң бұзушылықтарын жабу үшін көп жағдайда жасырып қалуға бейім. Өйткені бірінші кезекте басшылар өз мүддесін көздейді. Ондай салғырттық олардың жұмыста өсуіне кедергі келтірмес үшін мекеме ішінде қызметкерлердің қылмыстық іс-әрекеттерін жасыруға тырысады. Әрине, мұндайда өздерінің орын алған келеңсіздікті жарияламауға, жасырып қалуға барын салады, ол үшін қолындағы билігін пайдаланады. Жалпы қандай да бір тосын оқиғаны естігенде әуелі қоғам дүрлігеді, сонан соң жапа шеккен адамның туыс-туғаны бар, бәрібір жағдай жұртқа мәлім болады. Бірақ түбінде азаматтық қоғам, бірлестіктер, әлеуметтік желі, БАҚ ықпалымен жасырылған қылмыстардың беті ашылып, қоғамдық талқылауға түсері сөзсіз.

Әдетте қылмысты жасырып-жапқаны, созбалақтағаны, қылмыстың ашылмауына кедергі жасағаны үшін іс қозғалады. Біз адамның құқығы басты назарда, конституциямен қорғалған деп жиі айтып жатамыз. Соған сәйкес, ол мемлекеттік органның басшысы міндетті түрде жазалануы, жауапкершіліктен қашпауы керек, кеткен қателікті мойындауы тиіс.

Мұндай жағдайда мекемелердің басшылары жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, егер жұмысшылары жауапсыздыққа жол берсе одан да ауыр өтемі болатынын сезінуі керек. Және осындай жағдай балабақша сияқты мекемелерде, болмаса психикалық диспансерлерге қатысты болса, тіпті жазалаудың ауыр болатынын пайымдауы тиіс. Басшы егер бағынышты қызметкерлері заң бұзушылықты жасырғысы келгенін білген жағдайда оны қудаламау немесе өзінің қызметтік өсуінен бұрын заң үстемдігін басты орынға қоюы қажет.

Батыс елдерінде басшылық қылмыстық іс жасаған жағдайда оған шағымдану қалыпты жағдай саналады, бізге де осы практиканы қолдану қажет. Мысалы, қарапайым түсінік бар. Біз жол жүргенде қауіпсіздік белдігін тек полиция қызметкері үшін тағамыз. Ал батыс елдерінде оны өз қауіпсіздігі үшін тағады. Көрдіңіз бе, осындай түсініктен арылмай, бізде мұндай жағдайлар орын ала береді.

Құралай Қантаева

Құралай Қантаева, Ішкі мәдениетіміз әлі толық қалыптаспады

Өздеріңіз білетіндей, соңғы уақыттарда мектептегі әлімжеттілік немесе балабақшадағы тәрбиешінің балаға қол көтеруі жиілеп кетті. Әлеуметтану тұрғысынан алып қарағанда білім беру мекемелері отбасынан кейінгі маңызы зор әлеуметтік институт. Әрі осы институт жеке тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Біз мұнда білім алудан бөлек қоғамдағы нормалардың қыр-сырына қанығамыз. Ал егер осы ортада түрлі қылмыс өршісе, мұнда зорлық-зомбылыққа жол берілсе, мәселенің мәні тереңде. Демек, бұл бір мектептегі зорлық-зомбылық немесе қызметкердің жауапсыздығы ғана емес. Бұл – үлкен түйткілдің басы. Өкінішке қарай, мұндай істер біздің қоғамда жиі туындайды. Әрине, мұндайда іс жауапты адамды жұмыстан шығарумен шектелмеуі тиіс. Біз ең әуелі мынаны анықтауымыз қажет. Жалпы ондай қызметкер жұмысқа қайдан келді? Неге жұмысқа орналасқан кезде сәйкесті тексерулер жүргізілмеді. Неге жұмысқа қабылданған соң мониторлық зерттеулер жүргізілмеді, Жалпы жаңадан келген маманның сол мекемедегі қызметін өз деңгейінде атқарып жатыр ма деген сұрақтарға жауап беретін мекемеде білікті мамандар, эйчар бар ма? Бұл өте маңызды сауал. Себебі бұл мәселе бұған дейін де көтерілген болатын. Сонда білім беру мекемелерінде бұрын істі болған азаматтардың қызмет атқарғаны, тіпті мектептерде бұрын жыныстық зорлық- зомбылықтары үшін сотталған адамдардың жұмыс істейтіні анықталған еді. Бұл дегеніңіз – жұмысқа алу кездегі қателік. Демек, әлгі мекеме жұмысқа сәйкес емес адамды алып отыр деген сөз. Бұдан соң көп жағдайда ол адамның қалай жұмыс жасап жатқаны туралы тексеру қайта жүргізілмейді. Соның нәтижесінде осындай келеңсіздік туындайды.

Сонымен қоса қазір қоғамда стрестің деңгейі өте жоғары. Әлеуметтік, экономикалық факторлар (мысалы, жұмыссыздық, табыстың төмендігі) бұған тікелей әсер етеді. Сондай-ақ бұндай келеңсіздік қызметкерлердің біліктілігінің төменділігінен туындайды. Әсіресе қазіргі мектептегі немесе балабақшадағы көп сынақтар, қайта-қайта аттестациядан өткізу қызметкерлердің біліктілігін көтереді деп ойлағанымызбен, негізі бұл бұрынғыдай қағазбастылыққа алып келіп жатыр. Мұндай сансыз тексерулер, аттестациядан өтулер барлығына демеймін, кейбір мұғалімдер мен тәрбиешілерге қосымша қысым туындатады. Бұған шамадан тыс жүктемелерін қосыңыз. Мұндай қысым да кейде әлгіндей істерге итермелейді.

Сондай-ақ қазір адамдардың ішкі мәдениеті өте төмен. Біз әдетте қандай да бір келеңсіздік орын алса оған кінәліні сырттан іздейміз, оны өзімізге жуытқымыз келмейді. Мысалы, келеңсіздік мектепте орын алса оған мектеп, мемлекет кінәлі деп басқа жаққа сілтейміз. Көрдіңіз бе, бізде жауапкершілікті мойнына алу деген жоқ. Мысалы, Жамбылдағы Мирастың өліміндегідей қызметкерді жұмыстан шығарады және қылмысты ақпарат құралдары алдында мойындауға батылдары жетпейді. Мұндайда ең дұрысы – мекеме бастығы: «Иә, біздің мекемеде осындай келеңсіз жағдай туындады, біз мынадай жұмысшыны қызметке алғанымызға өкінеміз, сол үшін кешірім сұраймыз» деуі керек еді. Өкінішке қарай, біз мұндай хабарламаларды көрген емеспіз. Бұл дегеніңіз – ішкі мәдениеттің әлі толық қалыптаспағандығы. Негізі посткеңестік елдерде осындай жағдай жиі байқалады. Тіпті зорлық-зомбылық, бір-біріне күш қолдану біздің қоғамда әлі күнге дейін қалыпты іс саналады. Осындай қақтығыстарды шешу кезде агрессивті мінез танытатындар әлі де көп.

Ендігі бір себеп – отбасы тәрбиесі. Жалпы адамның индивидтен жеке тұлғаға айналуындағы ең бірінші әлеуметтік институт – отбасы. Бала бастапқы құндылықтарды отбасынан үйренеді. Ал екінші институт – жоғарыда айтқанымдай, білім беру орталықтары. Дәл осы екі институттың арасындағы байланыс әлсіреген кезде баланың тұлғалық болмысын қалыптастырудағы келеңсіздіктер белең алады. Яғни кейбір жауапкершілікті мектеп тарабынан ата-анаға жүктеу немесе, керісінше, барлық жауапкершілікті ата-ананың мектепке артуы. Кейде ата-ана мектепке қысым жасайды, мектеп қызметкеріне қысым жасайды, одан ары аудандық, қалалық білім басқармалары бір-біріне қысым жасайды. Бұл анығында өзара түсінушілікке негізделген қарым-қатынас емес, қысымға негізделген жүйе. Ал осындай жүйеде өзіңнің ешқандай шарасыз екеніңді біле тұра қызмет атқару өте қиын жағдай. Мұның ақыры зорлық-зомбылық фактілеріне, басқа да қақтығыстарға немесе агрессивті баланың қалыптасуына алып келеді.

Бізде әдетте мектепте қылмыс немесе әлімжеттік орын алса жауапты мұғалім немесе мектеп директоры жұмыстан кетеді. Анығында, біреудің қызметтен кетуінен жүйедегі кешенді мәселе шешімін таппайды. Сондықтан оқиға жан-жақты сарапталуы тиіс. Сосын бұл тұрғыда мектеп қандай шаралар жасай алады, министрлік не істеуі тиіс, осындай жағдайда ата-ана не істей алады деген сияқты мәселелер кеңінен талқыланып, шешім табуы қажет.

Ендігі бір мәселе – медиа құралдарына байланысты. Қазір қоғамдық резонанс тудыратын хабарларды ақпарат көздері жарыса таратады. Өкініштісі, осы мәселенің ақырғы шешімі қалай болды деген сұрақ көп жағдайда жауапсыз қалады. Яғни қандай да бір қылмысқа әділ шешім шықты ма деген сұрақтың жауабы көбінесе бізге беймәлім болып қала береді. Демек, қоғамда қылмыс туралы ғана ақпарат емес, қылмыстың шешімі жаза болғаны жөнінде де ақпарат таратылуы керек. Сонымен қоса әлеуметтік желілерге, ақпарат құралдарына әсіресе балалар қарайтын медиа құралдарына бақылау қажет.

Дайындаған

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: