Ким Чен Ын қызын мұрагер ретінде таңдаған – Оңтүстік Корея барлауы
Оңтүстік Корея барлау қызметі парламент депутаттарына берген жабық брифингте Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қызы Ким Чжу Эні болашақ мұрагер ретінде дайындап қана қоймай, енді ресми түрде тағайындау кезеңіне өткенін мәлімдеді.
Оңтүстік Корея Ұлттық барлау қызметінің (NIS) өкілдері Ким Чен Ын қызының элита арасындағы мәртебесін нығайту үшін нақты қадамдар жасап жатқанын атап өткен. Екі жыл бұрын барлау қызметі Ким Чжу Э әкесінің ізбасары ретінде тәрбиеленіп жатыр деген болжам айтқан еді. Алайда қазір, депутаттардың сөзінше, бұл жаңа кезеңге – мұрагерді жариялау кезеңіне өткен.
Депутат Ли Сон Квон жабық кездесуден кейін журналистерге:
«Ким Чжу Э әртүрлі мемлекеттік шараларға қатысып жүр, кейбір мемлекеттік мәселелер бойынша пікір білдіру белгілері байқалды. Осыған байланысты мұрагерлік кезең басталды деп есептейді», – деді.
Барлау қызметі ақпан айының соңында өтетін Корея Еңбек партиясының съезіне Ким Чжу Э қатыса ма, қатысса қандай мәртебеде болады – осыны бақыламақ.
Партия съезінің маңызы
Партия съезі – Солтүстік Кореядағы басты саяси оқиға. Ол бес жылда бір рет өтеді және онда алдағы жылдарға арналған стратегиялық жоспарлар, соның ішінде сыртқы саясат, әскери бағыт және ядролық бағдарлама жарияланады.
Ким Чжу Э – Ким Чен Ын мен оның жұбайы Ли Сол Чжудың көпшілікке белгілі жалғыз ресми баласы. Оңтүстік Корея барлауының болжамынша, Кимдер отбасында одан үлкен ұл болуы мүмкін, алайда бұл туралы ресми ақпарат жоқ.
Ким Чжу Э жайлы әлем алғаш рет 2013 жылы америкалық баскетболшы Деннис Родманның сұхбатынан білген. Ол Guardian басылымына берген сұхбатында «кішкентай Чжу Эні қолына алғанын» айтқан.
Қазіргі таңда Ким Чжу Э шамамен 13 жаста деп есептеледі. Ол алғаш рет 2022 жылы әкесінің жанында телехабарларда көрінді. Сол кезде Ким Чен Ын қызын ертіп, жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыранды қарауға барған.
Содан бері мемлекеттік телеарна оны жиі көрсетіп келеді. 2025 жылдың қыркүйегінде ол әкесімен бірге Бейжіңде өткен Қытай тарихындағы ең ірі әскери парадқа қатысқан.
Кадрларда Ким Чжу Э ұзын шашымен және қымбат киімдерімен көрінеді. Бұл Солтүстік Кореядағы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз сән-салтанат ретінде бағаланады.
Неліктен қыз мұрагер болуы мүмкін?
Оңтүстік Корея парламентінің депутаты Пак Сон Вон барлау өкілдері Ким Чжу Энің көпшілік алдында әкесінің жанында тең дәрежеде жүруі – оның шешім қабылдау процесіне қатысып отырғанын және елдегі «екінші тұлға» ретінде көрсетіліп жатқанын білдіреді деген пікір айтқанын жеткізді.
Соңғы бейнематериалдарда ол әкесінен биігірек етіп түсіріліп, Ким Чен Ынның артында емес, қасында жүргені байқалады.
Ким Чен Ын – Ким әулетінен шыққан үшінші басшы (атасы Ким Ир Сен мен әкесі Ким Чен Ирден кейін). Егер барлау мәліметі расталса, Ким Чжу Э төртінші билеуші болуы мүмкін.
Сарапшылардың күдігі
BBC-дің Сеулдегі тілшісі Джейк Квонг бұл мәселе төңірегінде әлі де сұрақ көп екенін айтады. Біріншіден, Солтүстік Корея қоғам патриархалдық сипатта болғандықтан, неге Ким Чен Ын мұрагерлікке қызын ұсынып отыр – бұл түсініксіз.
Көптеген сарапшылар мен Солтүстік Кореядан қашып кеткен азаматтар елде әйел адамның жоғарғы билікке келуі екіталай деген пікірде.
Дегенмен Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжонның саяси ықпалы – билеуші әулеттен шыққан әйелдің маңызды рөл атқара алатынын көрсетеді. Ол Корея Еңбек партиясының орталық комитетінде жоғары қызмет атқарады және сарапшылардың айтуынша, ағасы көптеген мәселеде оның пікіріне құлақ асады.
Екіншіден, Ким Чен Ын әлі жас – ресми деректерге сәйкес, 44 жаста. Оның денсаулығы да қазірге дейін салыстырмалы түрде тұрақты деп бағаланып келеді. Сондықтан 13 жастағы қызын дәл қазір мұрагерлікке дайындау себептері сарапшылар арасында талқылауға себеп болып отыр.