Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:07, 08 Қараша 2023

Қиналған сайын жарқырайтын саңлақ

Сәкен Бибосынов
Фото: из открытых источников

2021 жылы боксшы Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасында қола жүлде алды. Араға екі ай салып, Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Сырттай бәрі заңдылық сияқты көрінгенмен, осы екі дода қарсаңында да, арасында да, кейін де Сәкен кешкен қиындық аз емес. «Қазақтан шыққан әлем чемпиондары» жобасы аясында Бибосыновпен сұхбат құра отырып, бұл боксшының ішкі сабырына, төзіміне таңдай қақтық. Әр жеңістің артында ұлы еңбек бар. Белградтағы додадан кейін жолы болыңқырамай жүрсе де, Бибосыновтың бағындырған биіктері тұжырыла қоймағанын сезінетіндейміз.

Токиоға апарғысы келмесе де бардым

Шынын айтқанда, Токио олимпиадасында менен көп ешкім жүлде күткен жоқ. Сегіз боксшы бардық, солардың ішіндегі ең осалы деп мені санады. Тіпті олимпиадаға бармай қалуым да мүмкін еді. Біраз адамдар аяғымнан шалғысы келді. Сол кездегі құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мені жолдамадан бас тартқызуға тырысты. Бірақ өзіңіз білесіз, бокста олимпиада жолдамасы атаулы, яғни нақты бір спортшыға беріледі. Спортшы жолдамадан бас тартқан жағдайда, оның орнына өз елінде рейтингте екінші сатыда тұрған боксшы баруға тиіс. Бірақ бас бапкер итермелеген боксшы рейтингте жоқ еді. Сондықтан Токиоға небәрі екі ай қалғанда, олимпиадада менің баратыным нақты шешілді. Сөйтіп, Токио төрінде қола жүлде иелендім. Одан да жоғары орындарға мүмкіндігім бар еді, сәттілік серік болмай қалды. Жартылай финалдағы ұлыбританиялық Галал Яфаймен жекпе-жекте төрешілер бұра тартты. Бәріне алғашқы раундта төреші маған ашқан нокдаун әсер етті. Шындығында, ол нокдаун емес, мұндай соққылардың бәріне нокдаун аша берсе, бокстың мәні қалмас еді. Екінші-үшінші раундтарда төрешілер маған ұпай жазса да, кездесу 2:3 есебімен қарсыласымның пайдасына аяқталды. Қола медальді, әрине, қомсынып тұрғаным жоқ, бірақ мүмкіндігім одан жоғары екенін өзім қатты сезініп қайттым.

Елге оралған соң екі апта жақсылап тынықтым. Әлем чемпионатына екі айға жуық уақыт бар еді. Соған қатысқым келетінін бапкерім Мырзағали Құланұлына айттым. «Аға, Токионың қоласын әлем чемпионатының алтынына айырбастаймын» дедім, өзіме сеніп тұрып айттым осы сөзді. Бас бапкер бірден шешім қабылдаған жоқ. Оқу-жаттығу жиынында өз салмағымдағы мықты боксшылармен спарринг жасадым, дайындығымның жақсы екенін дәлелдедім. Токио олимпиадасында бұл 52 келі салмақ дәрежесі болып еді, әлем чемпионатында 51 келі болып өзгерді. Бір келіні аса ауырсынғаным жоқ, жылдам түсіріп, тез бейімделіп үлгердім.

Өзім белсенділік танытпасам, әлем чемпионатына бармай-ақ қоюға, демалуға да болатын еді. Бірақ іштей бір сенім алға жетеледі де тұрды. Шындығында, олимпиаданың буы көтеріп тұрды десем де болады. Токио қоласы менің бар мүмкіндігім емес екенін дәлелдегім келді.

Әрине, жарыс қарсаңында «кімдер қатысады екен?» деген қызығушылық міндетті түрде болады. Хасанбай Досматовпен кездескім келді. 2016 жылы Рио олимпиадасында Досматов Біржан Жақыповтан басым түскенде: «Осы Хасанбаймен бір кездессем, Біржан ағамның есесін қайтарсам», – деп ойлағанмын. Ол кезде ересектер арасына енді ауысқан кезіміз, құрама есігін де жаңа қаға бастағанбыз. 2019 жылы алғаш ересектер арасында әлем чемпионатына қатысып, елге қола жүлдемен қайтқан кезімде де мені көп ешкім мойындай қоймады. Оған Токио қоласы қосылды. Сондықтан Белградтағы әлем чемпионаты өзімнің сақа боксшы екенімді мойындату үшін де қажет еді.

Хасанбай Досматов
Фото: из открытых источников

Жеребе және алғашқы қарсылас

Жеребе тарту рәсіміне боксшылар емес, бапкерлер қатысады. Әлем чемпионатына қатысушылар ортақ чат ашып алғанбыз, бапкерлер жеребе қорытындысын сонда жіберді. Алдымен 48 келінің жеребесі келді, артынша біздің салмақ та жарқ ете қалды. Жақындатып қарасам, алғашқы кездесуде Қазақстан мен Өзбекстанның туы қатар тұр. Демек, бірінші қарсыласым – Хасанбай Досматов. Қалай дегенде де, ол – Рио олимпиадасының жеңімпазы, Баркер кубогының иегері. Әуелде іштей қобалжығаным рас, бірақ өзімді тез қолға алдым. «Кімнің мықты екенін көрсетейін!» деп қайраттандым. Мырзағали аға да жақсы дайындады. Ең алдымен, толқуымды басты. «Чемпион болса чемпион шығар, бірақ қолы қысқа. Арақашықтықты дұрыс ұста, төбелеске барма» деп пысықтады. Осы ақылды мейлінше ұстануға тырыстым. Алдыңғы қолмен жақындатпай, алыстан шабуылдап отырдым. Досматовтың бір көзірі бар: ентелеп, барынша жақындап келеді де, бір жағына бұлт етіп ойыса қалып, оң қолымен ауыр соққы жасайды. Көп қарсыласы қанша қорғанса да, бұл соққысына айла таба алмайды. Мен осы әрекетінен сақтандым. Оның үстіне Досматов әлем чемпионатына керемет бабында келген жоқ. Одан бұрын кәсіпқойлар арасында жұдырықтасты. Ал кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа қайта келу оңай емес. Ол әлем чемпионатында бірден маған жолықпай, бір-екі қарсыласын жеңіп келсе, маған қиындау болатын еді. Бұл да менің сәттілігім деп ойлаймын.

Досматов бұл сәтсіздігін аса ауыр қабылдады. Журналистерге «есе қайтарамын» деп сұхбат та берді. Бірақ мен де уақытылы жауап қайтардым. Онымен кәсіпқойлар арасында да, әуесқой бокста да қарымта жекпе-жекке әзір екенімді айттым. Одан кейін екеуміздің жолымыз екі рет тоғысты: Азия чемпионатында да, Азия ойындарында да Хасанбай жеңіске жетті делінді. Бұл өмір ғой, мен де оны қайта жеңетін күн алыс емес деп ойлаймын.

Дипак Бхориа
Фото: из открытых источников

Екінші қарсылас: Дипак Бхориа (Үндістан)

Жалпы, Белградтағы қарсыластарымның осалы болған жоқ. Бес кездесуде де аса мықты қарсыластармен қолғап түйістірдім. Ал екінші қарсыласым Дипак бұған дейін Странджа турнирінің жартылай финалында олимпиада чемпионы Шахобиддин Зайыровты (Өзбекстан) жеңіп, жақсы көзге түскен еді.

Бұған дейін мен үнді боксшысы Амит Пангалдан екі рет жеңілгенмін. Екіншісінде 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында бір ұпай айырмашылығымен жол бердім. Дипак – сол Пангалдың орнын басқан боксшы. «Қашанғы үнділерге есе жібере беремін?» деп өзімді қатты қайрадым. Дипак – оңқай боксшы, жылдамдығы да жақсы. «Орныңда тұрма. Ұр, сосын шегініп кет. Ол шабуылға ұмтылғанда, сен екінші шабуылыңды баста» деп тапсырды Мырзағали аға. Осы тактикадан мүлт кетпеуге тырыстым. Ұрам, қарсыласымның соққысын өткізіп жіберем де, қайта соққы жасаймын. Есеп 5:0 болды, төрешілер менің жеңісімнің күмәнсіз екенін растады.

Ширек финал: Юберхен Мартинес (Колумбия)

Ширек финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Мартинес тап келді. Ол біздің жекпе-жекке дейін жапон Сиого Танаканы, беларусь Денис Солоцкихті жеңді. Мартинеспен 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының үшінші кезеңінде жолығып, таза жеңгенмін. Яғни бұл боксшының әлеуетін жақсы білемін. Ол негізі 48-49 келі салмақ дәрежесінде өзін өте жақсы көрсетті, Рио олимпиадасында да сол салмақта финалға шықты. 51 келі үшін бойы аласалау. Юберхеннің ішкі жігері өте мықты, қарсыласы қанша төпелесе де алға ұмтылудан танбайды. Шынымды айтсам, бұл әлем чемпионатындағы ең ауыр жекпе-жегім осы болды.

Оған жекпе-жектер арасындағы демалыс уақытының жоқтығы да әсер етті. Мен Дипакты жеңдім де, ертеңіне салмағымды реттеп, дереу Мартинеске қарсы шығуға тиіс болдым. Жекпе-жектер арасында кемі 1,5-2 күн болса, дұрыстап тынығып алуға болады. Бірақ қарсыласыма да демалыс кем соққаны байқалып тұрды. Дегенмен Мартинес Екатеринбургтегі кездесуге қарағанда жақсы жұдырықтасты. Алғашқы раундта ол тоқтаусыз алға ұмтылды, менің шабуылды еркін ұйымдастыруыма еш мүмкіндік берген жоқ. Екінші раундтың соңына қарай арыны сәл баяулағандай көрінді, мен сол кезде барымды салдым. Мартинестің шамасы екінші раундта белгілі болатынын бапкерім дәл байқап ескертіпті. Мырзағали ағаның ақылынан шықпай, арақашықтықты жақсы ұстап, жеңіске жеттім. Бұл жолы да 5:0 есебімен менің басымдығым тіркелді.

Сәкен Бибосынов
Фото: из открытых источников

Жартылай финал: Тханарат Сайеңпхет (Таиланд)

Тханарат жалпы жұртқа аса таныс емес боксшы болғанмен, жартылай финалға кіл мықты боксшыларды жеңіп шықты. Гватемалалық Карлос Рамиресті, венесуэлалық Мигель Рамосты, әзербайжан Масуд Юсифзаданы жолда қалдырды. 19 жастағы талантты боксшыны тәжірибеммен жеңдім. Ол да оңқай. Таиланд боксының бір ерекшелігі бар: артқа шегініп жүреді де, қарсыласы жақындағанда бір соққы лақтырып қояды. Олар ұрып та жарытпайды, әншейін іштен түртеді. Дәл соққы жұмсап жатқанын төрешілерге байқатса болды, әйтпесе соққыларының еш салмағы жоқ. Маған қойылған міндет – қарсыласымның осы айласына түсіп қалмау, төбелесіп кетпеу. Ең бастысы, соққыңның дәл тиіп жатқанына төрешілердің көзін жеткізу. Мырзағали ағаның берген тапсырмасы – қарсыласым ішімнен түрткен кезде, оның басына соққы беру. Мұны да бұлжытпай орындадым. Есеп 4:1, мұнда да басымдығым күмән тудырған жоқ.

Роско Хилл Сәкен Бибосынов
Фото: из открытых источников

Финал: Роско Хилл (АҚШ)

Бұған дейін Хилл атағы шыққан боксшы емес еді. Біз оны жас деп ойлап жүрсек, 26-ға келген сақа жігіт екен. Ол алғашқы кездесуінде доминикандық Марио Лавегарды мерзімінен бұрын нокаутпен жеңді, екінші айналымда Еуропа чемпионы Артур Оганесяннан (Армения) басым түсті, ширек финалда италиялық Федерико Серраны 4:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда ресейлік Ахтем Зәкіровты күмәнсіз жеңуі де кездейсоқ емес болатын.

Финал қарсаңында қатты ойландым. 2019 жылы әлем чемпионатында қола алдым, Токио олимпиадасында да қоланы қанағат тұтуға мәжбүр болдым. Енді елге қалайда алтын жүлдемен қайтуым керек.

Америкалықтар екінші нөмірмен жұдырықтасуды ұнатады. Яғни олар алаңның ортасын қарсыласына беріп қойып, қарсы шабуылға көбірек арқа сүйейді. Сен алға ұмтыласың, ол қарсы соққымен күтіп алып қана отырады. Мырзағали аға екеуміз Хиллдің осы ерекшелігін жадымызға түйіп алдық. Финалға «алдымен – ол, сосын – мен» деген амалмен шықтым. Роско соққы жұмсағанша күтем, яғни оны шабуылдауға мәжбүрлеймін де, дереу қарымта соққы берем. Әрине, ол қашан ұрады деп күтіп жүре беруге болмайды, сондықтан қолды-аяққа тұрмай, қатты шабуылдайтын түр байқатып, алға ұмтыламын. Ол мені соққы жұмсайды деп қалып, өзі қарсы соққысын жібереді. Мен осы ұрымтал тұсты дәл пайдаланамын. Ең бастысы, арақашықтықты мейлінше сақтап жұдырықтастым. Үш раундта да бес төреші менің басымдығымды тіркеп отырды. Әлем чемпионатындағы өзім сүйсінген ең мықты кездесуім осы финал болды деп ойлаймын.

Сәкен Бибосынов
Фото: из открытых источников

2021 жылға алғысым зор

Негізі, 2021 жыл тым салмақты жыл болды. Екі халықаралық турнирге, Азия чемпионатына, Токио олимпиадасына, соңында әлем чемпионатына қатыстым. Кестенің мұнша тығыз болуы коронавирусқа да байланысты еді. 2020 жылғы көп жарыс кейінге шегерілді де, 2021 жылы бірінен кейін бірі өтті. Осы тоқтаусыз аламанға шыдап бергеніме, олимпиададағы қола жүлдені әлем біріншілігінің алтынымен түйіндегеніме шүкір еттім. Жыл қорытындысында жазғы спорт түрлері бойынша Қазақстанның үздік спортшысы атандым. Сол жылы отау құрдым. Демек, 2021 жылға еш өкпем жоқ.

Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге де уақыт жоқ. Қазақ боксшылары арасынан әлі күнге үш дүркін әлем чемпионы шықпағаны да, олимпиаданың алтынына қол созып тұрып, уысымнан шығарып алғаным да ойландырады. Түйгенім сол, жеңіске жеткен кезіңде айналаңда тілеулестер, табысыңды малданатындар, өзімсінетіндер көбейеді екен де, жеңілсең, соның бірі де қалмайды екен. Өмір осындай сынақтарға байсалды қарауды үйретті. Спорттағы ғұмырымда үнемі кедергілерді жеңумен келемін. 2023 жылғы әлем чемпионатында, Азия ойындарында сәтсіздікке ұшырауым алдағы зор табыстарымның баспалдағы шығар. Не де болса, орта жолдан қайтпақ емеспін. Қазақ спортының тарихына есімімді алтын әріптермен жазғым келеді.

Жазып алған –  Есей Жеңісұлы