Кино тілін сөйлететін де, өзгертетін де – оператор
Операторлық өнер – киноның тілі. Кинооператор режиссер мен көрермен арасындағы көпір.
Фильмнің атмосферасын беру, актерлік шеберлікті көрерменге жеткізу, фильмнің стилі мен жанрын жүзеге асыру – оператордың жұмысы мен шығармашылығының тақырыбы. Олардың үздік туындылары – кино өнерінің ең биік жетістіктері саналады. Бұл тұрғыдан операторды режиссердің көзі деуге әбден болады.
Кейінгі кезде еліміздің кинооператорлары да шетелде танылып, жетістікке жетіп жатыр. Солардың бірі дебюттік фильміндегі операторлық жұмысымен беделді Канн фестиваліне қатысқан, сол арқылы әлемдік киногерлердің көзіне түскен кинооператор – Еркінбек Пітірәлиев. Күне кеше ол Америка киноакадемиясының мүшесі атанғанын әлеуметтік желі арқылы сүйіншіледі.
Енді кинооператорымыз «Оскарда» бақ сынайтын фильмдерге қазы ретінде дауыс береді.
– Америка киноакадемиясының мүшесі атандыңыз, құтты болсын! Бұл киноакедемияға қалай мүше болдыңыз?
– Америка киноакадемиясына мүше болуымның өзі қызық жағдай. 2021 жылы Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмін Қазақстан атынан «Оскарға» жіберді. Арада бір жыл өтіп, «Дала қасқыры» деген фильмді түсіріп жатқанда «Гейшаның мемуары» фильмінің операторы, «Оскардың» лауреаты Дион Биби дейтін оператор менің электронды поштама хат жазды. Оны мен 3 айдан соң ғана көрдім. Себебі түсірілім алаңында байланыс жоқ, Астанаға келіп, хаттарды қарап отырып тауып алдым. «Мен «Сары мысық» фильмін көрдім. Операторлық жұмысыңыз қатты ұнады. Азиядан таланттарды іздеп, АҚШ академиясы өзіне шақырып жатыр. Сізді академияға мүше етеді деп 100 пайыз уәде бере алмаймын. Бірақ сол бағытта жұмыс істесек» деп жазып жіберіпті. Бұл 2022 жылдың қарашасы болатын. Мен хатты 2023 жылы ақпан айында оқыдым. Кейіннен біраз уақыт хат арқылы сөйлесіп жүрдік. Мен мұны «Қазақфильмдегі» Ольга Хлащева деген продюсерге айттым. Былтыр Дион мен операторлық еткен фильмдердің тізімін сұрады. Елімізде және шетелде түсірген бірнеше туындымды жібердім. Содан кейін Дион: «Күт, наурызға қарай менен хат келмесе өкінішке қарай академияға мүше болмайсың», – деді. Мен үшін академияға мүше болғаннан гөрі кино әлемінде абыройлы Дион Бибидей оператордан жұмысым туралы жылы сөз естудің өзі үлкен мәртебе болды. 25 маусымда, кеше жариялаған шақырту хатын жіберіпті. Оны да мен арадан бір ай өткесін көрдім. Содан кейін Ольга Хлащева, Дион Биби және киноакадемияның мамандарымен ақылдаса отырып құжаттарын тапсырдым. Бұл менің ғана емес, «Сары мысық» фильмінде жұмыс істеген барлық киногердің жеңісі деп ойлаймын. Аталған фильм өте аз қаражатпен, 13 күнде түсіріліп еді.
– Америка киноакадемиясына мүше болудың қандай артықшылығы бар?
– Америка киноакадемиясына мүше болудың қандай артықшылығы барын ойланып көрмеппін. «Оскарға» келген туындыларға өз даусыңды бересің. Дүниежүзінен 25 мыңдай киногер бар екен. Соның арасында болудың өзі мақтаныш. Бір жағынан бұл менің гонорарымның көбеюіне, оператор ретінде танылуыма да септігін тигізеді. Бұл киноакадемиядан бөлек, 2014 жылдан бастап «Азиялық Оскардың», 2021 жылдан бастап Гонконгтағы Азия киноакадемиясының мүшесімін. Жыл сайын операторлық сала бойынша байқауға қатысатын фильмдерге дауыс беремін. Кейде шеберлік сағатын өткізуге шақырып тұрады.
– «Операторлық өнер – Қазақстанда аса бір қатты дамыған сала емес. Кәсіби кино мамандары болмаса, көрермендер арасында оператор еңбегіне көп мән берілмейді» деген едіңіз. Жалпы еліміздегі операторлық өнер туралы айта кетсеңіз?
– Қазір, керісінше, қазақ операторлық өнері қарқынды дамып жатыр. Себебі кино көп түсіріледі. Одан бөлек, білдей төрт жоғары оқу орны маман дайындайды. 2008 жылдары біз киноға келгенде кино алаңында 70-80 пайыз қазақ тілін білмейтін мамандар жұмыс істейтін. Аты жер жарған туынды болса, шетелден мамандар шақыратын. Дәл қазір бізде талантты операторлар көп, өзім де университетте дәріс беремін. Көбіне фильм жарыққа шығып, даңқы тарап жатса, негізінен режиссерлер мен актерлер ғана танымал болып жатады. Операторлар камераның артында қалып қояды. Олардың өзі де көзге көп түспейді. Сұхбат та бермейді. Кейінгі уақытта мен өзімді «сындырып», арасында сұхбат беріп жүрмін. Негізі қоғам операторды біле бермейді. Біреуге «оператормын» десең, «режиссерсің бе?» дейді. Дарынды операторлардың шығып жатқанын біздің Өнер академиясынан да білсе болады. Олардың басым бөлігі шетелде фильм түсіріп жүр. Әлемде сұранысқа ие. Қазақ жігіттері намысқа тырысып, кино саласында осындай жетістікке жетіп жатыр.
– Киноға қалай келдіңіз, бала кездегі арманыңыз ба еді?
– Менің киноға келуім де қызық. Шымкенттің тумасымын, экономика саласында жоғары оқу орнында тәлім алдым. Бірақ 4-5 ай оқығасын оқуды тастап, Алматыға келдім. Себебі ағаларымның «Айдаһар» дейтін кинопродакшны болды. Солар бірге жұмыс істеуге шақырды. Олар әке-шешемнен сұрап, Алматыға алып кетті. Киноға келуіме де себеп болды. Бала кезде кинооператор боламын деп армандамаппын. Алматыға келген кезде де кино саласына кетемін деп ойламадым. Тек арадан 6 ай өткесін Оңғарбек ағамнан: «Киноға оқытады екен ғой. Барсам бола ма?» деп сұрадым. Ол: «Әрине, мен сол жерде оқыдым» деп ертіп апарды. Киноакадемияға грантқа 12 студент қабылданды, тізімнен қарасам мен де солардың ішінде бар екенмін. Ары қарай ұстазым Болат Сүлейдің көп көмегі тиді. Бізді сол кісі кинооператорлықтың қыр-сырына баулыды. Одан бөлек, ұстазым үнемі шабыттандырып отыратын. Бірақ бала кезде де кинодан алыс болдым дей айта алмаймын. Кішкентай кезімде кітап, теледидар және газеттен басқа нәрсе болған жоқ. Теледидардан көп кино көрдім. Академияда міндеттейтін фильмнің басым бөлігін бала кезде әкеммен бірге отырып көрген болып шықтым. Себебі анамның кітапқа деген талғамы, әкемнің киноға деген талғамы зор еді. Бала кезде Джеки Чан, Ван Даммның фильмдерін көргің келеді, бірақ әкем «мына фильмдерді көріңдер» деп, авторлық фильмдерге отырғызып қоятын.
Шығармашылығымда жаман маманмен жұмыс істедім деп айта алмаймын. Бәрі өз істерін жетік білетін, киноға құлай берілген адамдар. Олар маған қарағанда білімді болды. Алғашқы режиссерім – Әділхан Ержанов. Ол шетелден бірнеше жүлде алған киномаман. Одан кейін Серік Әбішев, Айдын Сахаман, Асқар Ұзабаев, Жандос Құсайыновтармен жұмыс істедім. Дәл қазір Азамат Шарғынның фильмін түсіріп жатырмын. Жыл сайын киносыз қалмаймын. Әр жыл сайын жаз маусымында 3 сценарий келеді, соның бірін таңдаймын. 2016 жылдан бері менде таңдау бар.
– Сізді көбіне жарық қоюдың шебері деп атап жатады екен, жалпы, жарықтың кадрға әсері туралы айта кетсеңіз, мысалы, Вонг Карвайды да сыншылар «жарық арқылы кадрда жетпей жатқан нәрсені жеткізіп жібереді» деп айтып жатады.
– Негізі жарық болмаса өмір де жоқ. Біздің өміріміз жарыққа байланысты. Тарковскийдің «жақсы кино жасағың келсе, балалық шағыңа саяхатта» дейтін жақсы сөзі бар. Ауылдың баласымын. Өмірім әртүрлі оқиғаларға бай болды. Жарыққа қатысты да естеліктерім көп. Кішкентай кезімізде ауылда көбіне жарық өшіп қалатын. Кешкі сағат 19:00-ден таңғы 07:00-ге дейін жарық болмайтын. Әкем үстелдің үстіне шахматтың торын сызып қойған, күнде кешке шахмат ойнайтынбыз. Үстелде майшам жанып тұрады. Әкем үнемі ұтқандықтан, біз балалар кезектесіп ойнаймыз. Ұтылып қалғанда әкеммен ойнап отырған балалардың майшамнан түскен көлеңкесіне қарап отыратын едім. Кейін академияда оқыған кезде де ұстазым Болат Сүлей кадрда жарықты беру шеберліктің белгісі екенін айтты. Ал бұл менің бала кезден көріп өскен дүниелерім еді. Негізі жарықпен өте жақсы жұмыс істейтін режиссерлар көп. «Балкон» кинотуындысын түсірген Әбубәкір Сүлеев бар. Сол кісілерге қарап, солардан шабыт аламыз, үйренеміз. «Жарық шебері» деген мақтауды қаншалықты ақтап жүргенімді білмеймін, бірақ жарықпен жұмыс істегенді жақсы көремін.
– Бұрын ТМД кино мамандарының арасынан Ресейдің мамандарын көп бағалаушы еді. Қазір жағдай қалай? Ресей мен Украина соғысы киноға әсер етті ме?
– Қазір елімізде кино қазақтанды. Қазақ мамандарына біртіндеп сұраныс артып келеді. ТМД елдеріне, Орталық Азиядан Ресей мен Украинаның кино мамандары алда тұратын. Қазір жағдай мүлде бөлек. Кейінгі уақытта Орталық Азиядан «А» класындағы фестивальдерге қатысатын жалғыз мемлекет Қазақстан. Былтыр Асхат Кучинчереков жүлде алды. Оның алдында Әділхан Ержанов Азияның үздік режиссері атанды. Оның фильмдері Азияның үздік 10 фильмінің қатарына енді. Канн, Венеция сияқты абыройлы байқауларда қазақ режиссерлерінің фильмдері қатысады. Сонымен бірге қазақ кино мамандары да дамып жатыр. Оператор деген режиссердің көзі. Біз де өзімізше образ іздейміз, сценарийдің көркемдік сапасының артуына мейлінше үлес қосуға тырысамыз. Ұстазым «еліміздегі фильмдерді қазақ мамандары түсірсе ғой шіркін!» деп отыратын. «Сендер фильм түсірулерің керек, шетелден маман шақырмай, керісінше, сендер шетелге баруларың керек» деп бізді қамшылайтын. Сол үшін оқытты, қасында алып жүріп, 3-4 фильмнің түсіріліміне қатыстырды. Осылайша, көзіміз ашылып, тәжірибе арттырдық. Соның арқасында қазір шетел режиссерлері шақырып жатады. Дебюттік фильмім жоғарыда айтып кеткендей, Әділхан Ержановтың «Үкілі Кәмшаты». Ол Канн фестиваліне қатысты. Ол туындының байқаудағы жолы жақсы болды. 2 жылдан соң Түркиядан маған ұсыныс түсті. Барып, фильм түсірдім. Арада 2 жыл өтіп, 2018 жылы тағы да Түркиядан шақырту алдым. Қазір де көрші мемлекеттерден ұсыныс түсіп жатады, бірақ уақытқа және басқа режиссерлерге келісім беріп қойғандықтан бара алмай қалып жатамын. Биыл да бір ұсыныс түсті.
– «Үкілі Кәмшатты» алғашқы операторлық жұмысым деп айтып қалдыңыз. Жалпы, бұл фильмге қалай шақырылдыңыз?
– 2010 жылы студенттер арасында өткен «Дидар» кинофестивалінде үздік оператор атандым. Сол кезде қазылар алқасы құрамында Әділхан Ержанов болған. 2013 жылы фильм түсірерде оператор ретінде маған тоқтапты. Мен сол жылы Астанада магистр оқып жүргенмін. Фильмге шақырды, сценарийді оқыдым, ұнады. Ғылыми жетекшім Назира Мұқышовамен ақылдаса отырып, оқуды тоқтата тұрып, оператор болуға келісімімді бердім. Бірақ сол жылы диссертация қорғауым керек еді. Сондықтан күндіз фильм түсірсем, түнде диссертация жазып жүрдім. Ол – дебюттік туындым еді. Одан кейін оператор ретінде біржола фильмге кетемін деп те ойламадым. Әділхан Ержанов екеуміз бір-бірімізге шығармашылық тандем жасадық. Бірнеше фильм түсірдік.
– Дион Биби туралы сұрағым келіп отыр. Ол сіздің басқа жұмыстарыңызды да көрді ме?
– Біз Әділхан екеуміз ұлы суретшілердің әртүрлі картиналарынан шабыт аламыз. Бір фильмдерге оның детальдарын пайдаланамыз. Бір күні осы «Сары мысықты» түсірерде Әділхан: «Жарық қоймай түсірсек қалай болады?» – деді. Мен келістім. Ол үшін таңертең ерте шығып, түсірілім алаңында дайын отыруды, күн енді шығып келе жатқанда бір сахна, күн шыққанда бір сахна, күн батқанда тағы екі сахна түсіру керегін айттым. Солай дайындалдық. Күн санап, түсірілім жасадық. Әділханның кино тілі керемет, соның әсері деп ойлаймын, Дион Биби «Сары мысықтан» өзіне ұнайтын кадрлар көріпті. Сондай маманнан пікір есту, маған үлкен жаңалық болды. Әңгімелесе келе, басқа фильмдерімді жібердім. Оларды көріп, пікірін айтты. Пошта арқылы әңгімелесіп тұрдық. Былтыр Нью-Йоркқа барғанда кездесемін деп ойлағам. Олар үлкен кинематографистер ғой. Сегіз айлық бір жобада, түсірілім алаңында екен. «Кездесейік» деп хат жазғанда, «Мен қазір түсірілімдемін, уақыт тапшы. Бірақ келгеніңе қуаныштымын» деп жазып жіберіпті. Өкінішке қарай, солай кездесе алмадық. Бірақ оның өте қарапайымдылығы, ашықтығы тәнті етті. Көп әңгімелестік. Сондай күндердің бірінде, фильмдерімді көріп болғасын «жасың қаншада» деп сұрады. 33-те екенімді айттым. «30-ға дейін мыналардың бәрін түсіріп тастағансың ба?» деп қатты таңғалды. Негізінен батыста продюсерлік орталықтар үлкен жобаларға 35-40 жастан асқан операторларды ғана шақырады. Ал бізде басқаша, жас операторлар сұранысқа ие. Түркияға барғанда да солай болды. Түсірілім алаңында: «Сіз нешедесіз?» деп сұрады. Мен: «Сіз демеңіз, сен дей беріңіз, сізден кішкентаймын» дегенмін. Ол кезде 28 жаста болатынмын. Түріктер жасымды естіп: «Құдай-ау, жап-жассың, осының бәрін қайдан үйреніп жүрсің?» деп таңғалды. Мен оларға Қазақстанда менен де жақсы түсіретін, менен де жас операторлар көп екенін айттым. Түркияда да оператор достарым бар. Соның бірі – Джейланның «Құрғақ шөп туралы» фильмінің операторы Cevahir Sahin. Ол Түркиядағы түсірілімде бір күн көмектесті. Шығармашылық байланысымыз бар.
– Ағайынды Дарденндердің бірі Люк Дарденнің: «Біздің картиналарымыздың артында» кітабында мынадай бір қызық мысал келтіреді. Есімде қалғанын айтайын. Дардендерге жас кезінде бір қарт режиссер өміріндегі қызық оқиғасын баяндап беріпті. Қарт режиссер уағында танымал ақын болыпты. Жасы 40-тан асқасын режиссерлікке келіпті. Ақша бөлініп, алғашқы фильміне кіріскен. Бірақ ол ешқашан түсірілім алаңында болмаған, фильм түсіретін техникалардан хабарсыз адам екен. Содан фильмді бастаған. Оператор алғашқы кадрдан соң: «Өзіңіз қараңыз, қалай шығыпты?» деп режиссерді камераға қарауға шақырады. Ертерек кезде камераға үңілу үшін оның бір батырмасын басу керек болған. Сол кезде ғана түсірілген кадрды көре аласың. Ал оны баспасаң, қап-қараңғы болып, ештеңе көрінбейді екен. Ал режиссер қай батырманы басуды білмеген. Оператордан сұрайын десе ұялған. Осылайша, бүкіл фильм бойы қараңғы камераға қарап, «өте жақсы» деп отырған. Қысқаша айтқанда, фильмнің қалай түсірілгенін мүлде көрмеген. Бірақ сол фильмі халықаралық жүлде алыпты. Мұны мысал етіп отырған себебім, жалпы оператордың режиссерге әсері қалай, оның қолтаңбасына әсер ете ала ма?
– Негізі әр оператордың өз көзқарасы бар. Әр адам өмірді әртүрлі ракурста, әртүрлі түсте көреді. Оператор да солай. Академияда жүргенде ұстазымыз гипс әкеліп: «Осыны түсіріңдер», – деді. Бәріміздің ішімізде «түсіргеніміз бірдей шығып қалмай ма?» деген риторикалық сұрақ болды. Себебі ол жерде мүсіннен басқа ештеңе жоқ. Бірақ ұстазымыз сезген болу керек: «Сендер 12 операторсыңдар, демек, 12 түрлі кадр шығады. Ешқашан бірдей туынды шықпайды» деп айтқаны бар. Кинода жүріп соның растығына көзім жетті. Мысалы, Әділхан Ержанов басқа операторлармен жұмыс істесе фильмі басқаша, мен түсірсем басқаша шығады. Бір режиссер бір оператормен ұзақ жыл жұмыс істеп, кейін операторын ауыстырса, туындысы мүлде өзгеріп кетеді. Мысалы, ағайынды Коэндер көптеген фильмін Роджер Дикинс деген оператормен түсірді. Кейін кезекті бір фильмінің түсірілімі барысында Роджер басқа жобада болып, олар «Амели» фильмінің операторы болған Брюно Дельбоннельді шақырады. «Llewyn Davis ішінде» фильмін сол түсірді. Қарап отырсаң, Коэндердің кино тілі мұнда мүлдем өзгеріп кеткен. Еуропалық түс басым. Сол сияқты әр оператор әртүрлі кадр жасайды. Тарантиноның да алғашқы фильмдерін басқа оператор, кейінгі фильмдерін Роберт Ричардсон түсірді. Салыстырып отырсаң, мүлде бөлек. Сондықтан айтпағым, кино деген жалғыз адамның қолындағы дүние емес. Түсірілім алаңында қанша адам жұмыс істейді соған байланысты. Егер бір адам дұрыс жұмыс істемесе сол кадрда көрініп тұрады. Оператор басқа болса, кино басқа, қоюшы суреткер ауысса, кино тағы басқа шығады.
– Кино әлемінде жоғарыда айтып кеткен Тарковский, ағайынды Дарденн, ағайынды Коэн, Карвай, Джейландардан бөлек, әрідегі француздың жаңа толқыны, берідегі Фархади, Мунджиу, Ларс фон Триер сынды режиссерлерді жоғары бағалайды. Талғамға талас жоқ, сіз оператор ретінде қай режиссерлерді сүйіп көресіз?
– Иә, менің жұмысым киноға байланысты. Сондықтан көп фильм көремін. Жақсы көретін режиссерлерім де өте көп. Сондықтан бөліп-жарып айту да оңай емес. Дегенмен есіме түскен 10 режиссерді атап өтейін: Фрэнсис Форд Коппола, ағайынды Коэндер, Мартин Скорсезе, Андрей Тарковский, Нури Бильге Джейлан, Вонг Карвай, Микеланджело Антониони, Асгар Фархади, Кристофер Нолан, Пол Томас Андерсон.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тұрсынбек БАШАР