Қырғызстан шенеуніктері қырғыз тілін білуі керек - парламент мақұлдады

Қырғызстан Жогорку Кенешінің отырысында депутаттар мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобаларының топтамасын екінші және үшінші оқылымда мақұлдады.
Жаңа түзетулерге сәйкес, енді Жогорку Кенеш депутаттары, Министрлер кабинетінің төрағасы мен мүшелері, Конституциялық, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, прокурорлар мен тергеушілер, сондай-ақ Ұлттық банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері қырғыз тілін меңгеруге міндетті.
Сондай-ақ адвокаттар мен нотариустар да қырғыз тілін жеткілікті деңгейде білмесе, лицензия ала алмайды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында, “Телерадио хабарларын тарату туралы” заңға да өзгерістер енгізілмек. Енді мемлекеттік тілдегі эфир көлемі жалпы хабар тарату уақытынан кемінде 60 пайыз болуы тиіс.
Бұған қоса, “Сыртқы көші-қон туралы” заңға да түзетулер қарастырылған. Жаңа нормаларға сәйкес, қырғыз тілін қажетті деңгейде меңгермеген шетел азаматтары тұрақты тұруға рұқсат (ВНЖ) ала алмайды. Сонымен қатар қырғыз тілін білмейтін тұлғалар енді елге иммигрант мәртебесімен кіре алмайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілде дайындалған жарнама мәтіндері жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, заң мен орфографиялық талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Егер мемлекеттік тілге қатысты талаптар бұзылса немесе орындалмаса, жеке тұлғаларға – 5 мың сом, заңды тұлғаларға – 17 мың сом көлемінде айыппұл салынады. Бұл норма физикалық тұлғалар үшін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тіл меңгеру талаптарына таралмайды.
Мұндай заң бұзушылықтарды Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссия қарайды және тиісті айыппұлдарды сол орган салады. Мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен оны қоғамның барлық салаларында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету.
Қырғызстанның мемлекеттік тіл туралы заңы 1989 жылы қабылданған. 2004 жылы өзгеріс енгізілгенімен, көптеген пункттерінің қайшылықтарына байланысты орындалмаған.
"Бүгінгі тәуелсіз Қырғызстанда тілдің дамуын мәселе ету ұят нәрсе деп ойлаймын. Біз тіпті кеңес заманында да қырғызша сөйлегенбіз. Бішкекті үлгі етіп, заң жазудың қажеті жоқ. Өңірлерге шығыңыздар бәрі қырғызша сөйлейді, және бұған ешкім тосқауыл қоя алмайды", - деген еді депутат Жаныбек Қыдықбаев.
Кундузбек Сулайманов бұл заң жобасының орыс тіліне ешқандай шектеу енгізбейтінін айтты. Айтуынша, тек депутаттыққа үміткер мен мемлекеттік қызметкерге қырғыз тілін қосымша білу талап етіледі.