Қырымда Ан-26 ұшағы апатқа ұшырап, Солтүстік флот авиациясының командирі қаза тапты
31 наурыз күні кешкі уақытта Қырымда апатқа ұшыраған Ан-26 ұшағындағы жолаушылардың бірі – Солтүстік флоттың аралас авиация корпусының командирі, генерал-лейтенант Александр Отрощенко болған.
Солтүстік флотта қызмет ететін әскери қызметкерлердің бірі BBC-ге берген сұхбатында Отрощенконың қаза тапқанын хабарлаған. Североморск қаласында тұратын тағы бір дереккөз – осы апатта майор шеніндегі туысы қаза тапқан адам – бұл ақпаратты растаған. Генералдың өлімі туралы мәлімет жергілікті пабликтерде де тарағанымен, әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Ан-26 әскери-транспорт ұшағы 31 наурыз күні Қырым аумағында құлаған. Оның бортында болған 30 адамның барлығы – экипаждың 7 мүшесі мен 23 жолаушы – қаза тапқан. Ресей Қорғаныс министрлігі апаттың себебі техникалық ақау болғанын мәлімдеді. Ал жергілікті басылымдар ұшақтың жартасқа соғылғанын жазуда. Мурманск облысының губернаторы қаза тапқандар арасында Солтүстік флоттың әскери қызметкерлері болғанын растады.
Александр Отрощенко 1962 жылы Ставрополь қаласында дүниеге келген. Әскери қызметін Балтық флотының теңіз жаяу әскерінде матрос ретінде бастаған. 1981 жылы Ставрополь жоғары әскери авиация училищесін үздік бітірген. 1994 жылы Маршал Жуков атындағы әуе қорғанысы әскери командалық академиясын тәмамдаған.
1990-жылдары Тынық мұхиты флоты авиация эскадрильясының командирі болған. 2005 жылы Бас штабтың Әскери академиясын үздік бітірген. 2010–2013 жылдары Қара теңіз флотының теңіз авиациясын басқарған. Кейін Солтүстік флот авиациясына жетекшілік еткен. Сондай-ақ Солтүстік флоттың 45-әскери әуе күштері және әуе қорғанысы армиясының командирі қызметін атқарған. 2019 жылы генерал-лейтенант атағы берілген. 2024 жылдан бері Солтүстік флоттың аралас авиация корпусын басқарған.
2014 жылы Отрощенко Қырымды аннексиялау операциясына қатысқан, кейін Ресейдің Сириядағы әскери операциясына да араласқан.
Генерал-лейтенант Отрощенко – тәжірибелі әскери ұшқыш, оның жалпы ұшу уақыты 2000 сағаттан асады. Оның ұлы Александр Отрощенко да әскери авиацияда қызмет етеді. Көп жылдар бойы оның негізгі қызмет орны Североморск қаласы болған.
BBC деректеріне сәйкес, Отрощенко Ресей–Украина соғысы басталғалы қаза тапқан 14-ресейлік генерал болды.