Қырымда РФ Қарулы күштерінің генерал-лейтенанты қаза тапқаны расталды
Мурман облысының губернаторы Андрей Чибис 31 наурыз күні Қырымда Ан-26 ұшағы апатқа ұшырауы салдарынан генерал-лейтенант Александр Отрощенко мен Солтүстік флоттың әскери қызметкерлері қаза тапқанын растады.
Бұған дейін бұл туралы BBC-ның орыс қызметі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлаған болатын.
31 наурыз кешінде аннексияланған Қырым аумағында құлаған Ан-26 әскери-көлік ұшағында қаза тапқандардың арасында Ресейдің Солтүстік флоты аралас авиациялық корпусының қолбасшысы, генерал-лейтенант Александр Отрощенко болған. Бұл туралы 6 сәуір күні Андрей Чибис аймақ үкіметінің жедел отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс. Бұған дейін ол апат құрбандары арасында Солтүстік флот әскери қызметкерлері бар екенін айтқан еді.
2 сәуірде бұл туралы BBC-дің орыс қызметі дереккөздерге сүйене отырып хабарлаған. Мәліметке сәйкес, Ан-26 Бахчисарай ауданындағы Куйбышево ауылы маңында құлаған. Ресей Қорғаныс министрлігінің дерегінше, ұшақ бортында 29 адам болған – 23 жолаушы және 6 экипаж мүшесі, олардың барлығы қаза тапты. Ведомство алдын ала себеп ретінде техникалық ақауды атады және «сыртқы соққы әсері болмағанын» мәлімдеді. Ал Интерфакс дереккөздері ұшақ жартасқа соғылғанын айтады.
БАҚ: Отрощенко – қаза тапқан бесінші генерал-лейтенант
Медиазона мен BBC деректеріне сәйкес, Александр Отрощенко Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы қаза тапқан бесінші генерал-лейтенант болды. Мәлімет бойынша, генерал ұшақта жолаушы ретінде болған.
Ашық деректерге сүйенсек, Александр Отрощенко 2010–2013 жылдары Ресейдің Қара теңіз флоты теңіз авиациясын басқарған, кейін Солтүстік флот теңіз авиациясын және РФ ӘӘК-нің 45-армиясын басқарған. Генерал-лейтенант шені оған 2019 жылы беріліп, бес жылдан кейін Солтүстік флоттың аралас авиациялық корпусына қолбасшы болып тағайындалған. Ол 2014 жылы Қырымды аннексиялау операциясына және Сириядағы әскери іс-қимылдарға қатысқан.