«Кішкентай бауырларымыз» «тәйт» дегенді тыңдамай тұр
Жарығы жиі-жиі сөнетін, ауыз суды үзіп-үзіп беретін, көшелері қара түнекке көміліп тұратын, қорасынан таң атпай төрт түлік мал өретін ауылдарда иттер империясы дәуірлеп тұр.
Балақтан тартып, басқа шабатын, бала-шағаның үрейін ұшыратын «кішкентай бауырларымызға» осы жұрттың өкпесі қара қазандай. Бәрін басынан бастап айтып көрейік.
Біздің жыл санау дәуірімізден көп бұрын, адам баласы аяққа тұрып, ақыл – есі кіріп, саналы өмір соқпағына түскеннен кейін бірінші болып итті қолға үйретіп, өзінің сенімді серігіне, айнымас досына айналдырған. Содан бері іргесі ажырамай тарих көшіне ілесіп, қатар келеді. Итті жақсы көріп бауыр басып кеткеніміз соншалық, біреу «итің жаман» десе, «сен жамансың» дегендей дөрекі естіліп, керісіп, қырық пышақ бола жаздаймыз. Жеті қазынаны саусақ бүгіп санай бастасан, ішінде ит жүреді. Жыл санау айналымынан ойып тұрып орын алған итіңіз тышқаннан төмен тұрғанымен, шошқадан бір елі болса да жоғары жайғасқан. Итке деген сый-құрмет осындай-ақ болсын.
Итке деген көзқарасы мен талғамы жоғары болған қазақ таза қанды бекзат, тамыры тереңнен тартатын текті тұқымды иттерді ұстағанды жөн санаған. Оларды бағып, күтуді бір сәтте назардан тыс қалдырмаған. Қасқырға қарсы шабатын арлан иттеріне арқа сүйеп, аңшыл құмай тазыларын төрге оздырып, бүкіл мал-мүлкі мен қазына байлығының қатарында тұрған. Баяғы қазақы байтөбет, алғыр алапар иттердің тұқымы тұздай құрып қолда бар шәуілдеген қанден иттерге күніміз қарап қалды. Ауланың әр тұсынан бір-бірлеп бас көтеретін жұдырықтай иттердің шабаланып үрген, улыған, қынсылаған, дауыстарынан мерейленіп отыратынымыз бар. Осындайда түрікпен ағайындардың әлемге әйгілі асыл тұқымда ақалтеке жылқысы мен алабай иттерін елдің бетке ұстар брендіне айналдырып отырғанына қызығып та, қызғанып та қарайсың.
Жаһандану үдерісі тыныс-тіршілігіміз бен жан-дүниемізге дендеп еніп, не болса соны жұтып, бойына сіңіріп ала қоятын әсіре еліктегңш елдің есін шығарып жатыр. Кәрі құрылықтың қойыртпағы: бір жыныстылар некеге тұрып, адамзат баласы азғындап барады. Онымен салыстырғанда өркениетті деген елдердің тұрғындары иттерімен бірге тамақтанып, бірге тұрып, бірге жататыны айналайын екен-ау дерсін. Бізге бір түрлі жиіркенішті көрінгенімен, олардың итке деген «махаббатын» ештемемен өлшеп- пішуге келмейді. Бәрі мәдениетке келіп саяды: ит ұстаймын деушілерге иттің түрі мен тұқымына, тегі мен санына шектеу қойылмайды. Тек дұрыс бағып, баптап, күтіп, ережеге сай ұқыпты ұстай білуінде ғана. «Сынықтан басқанын бәрі жұғады» демекші, шынжыр балақ, шұбар төс байлардың тайыншадай қасқыр иттерді қос-қостан ұстағандары жарасып тұрғанымен, күнделікті ас-суы өздерінен артылмайтын, сығарға биті жоқ кембағалдардың үрерге екі-үш ит ұстайтынын түсіну қиын.
Ауылдық жердің иттер үшін артықшылығы көп: қаладағыдай қысылып-қымтырылып, тасаға тығылып, бұрыш-бұрышта бас сауғалап, құйрығын бұтына қыстырып сүмектеп өгейдің күйін кешпейді; емін-еркін, желе-жортып жемтігін іздеуге, туып-көбеюге мүмкіндік көп. Ауыл көшелерінде бірінің үстіне бірі асылып, құйрықтары көкке шаншылып ойнақ салып топ-топ болып жүрген көп иттерді көріп зәрен ұшады. Олардың бәрін қанғыбас, панасыз, егесіз иттер деуге келмейді. Тұрақ жайы бар иттер қожайындарына адал «қызмет» еткісі келгенімен, сүйек-саяқ пен жуындыға жарымаған сон, қашанғы ашқұрсақ жата берсін, көше кезіп кетеді.
Жалпы табиғаттағы тепе-теңдік заңдылықтарының бұзылуы түрлі қауіп- қатердің ықтималдығын жоғарылатады. Ит ұстау мәдениеті мен күтіп-бағу ережелері қатаң сақталмағандықтан қаңғыбас иттердің қатары көбейіп кетеді. Осы иттерден келетін қауіп-қатер мен көретін қорлығымыз аз болмай тұр. Тарқатып айтсақ: біріншіден – қаңғыбас иттерге таланып, не байлаулы тұрған иттерден алған жарақаттан адам өміріне қауіп төніп, құтыру ауруына әкеп соғуы мүмкін; екіншіден, адам мен төрт түлік мал арасында көптеп кездесетін қауіпті жұқпалы, паразитарлық және тері ауруларының қоздырғыштары иттер арқылы таралады; үшіншіден – қоршаған ортаны ластап ғана қоймайды, олардың шөп-шаламға түскен нәжістері арқылы келетін паразит құрттар төрт түлік малдың асқазан, өкпе, бауыр, т.б. органдарын зақымдап, олар өз кезегінде мал өнімдері арқылы адамдарға өтеді; төртіншіден – түн баласы тоқтаусыз үріп, ұлып, улап-шулап, қыңсылап адамдардың тыныштығын бұзады; бесіншіден – қаңғыбас ашқұрсақ иттер қасқырдан бетер қораға шауып, қой-ешкіні баудай түсіріп, жабағыны жайратып салатыны таңсық дүние болмай қалды.
Біз «кішкентай бауырларымызды» ренжіткіміз келмейді. Иттер империясынан төнетін қауіп-қатерге қарсы нәтижелі жұмыс жүргізудің тиімді тәсілі мен тетігін тауып нақты іске асыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ауылдың учаскелік мал дәрігерлері тұрғындармен бірге үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді түрде жүргізіп, белгіленген іс-шараларды дер кезінде іске асырып отырса олқы тұстарымыздың орны толар еді.
Айталық, байлаудағы иттерге тиісті төлқұжат толтыру; профилактикалық егу, дегельминтизация жұмыстарын уақтылы жүргізу; ит ұстау ережелерін қатаң сақтау тәртібін қадағалау, т.б.
Ал енді иесі жоқ қаңғыбас, дәйді көше кезіп жүретін сұмақай иттерді ұстап, көзін жоюға «итжанды» гуманист адамдар үзілді-кесілді қарсы шығып, олай істеуге болмайтынын заңдастырып та қойған. Төрт аяқты «достарымызға» қамқор, жанашыр болған жақсы шығар-ау, бірақ құтырынған қызылкөз иттер балаларымызды тапа-тал түсте талап қанжоса етіп жатса да, қораға шауып шығынға ұшыратса да көз жұмып, қол қусырып отыруымыз керек екен. Неткен әділетсіздік десеңізші. Адамдардың ренішін туғызған ит пен мысықты көпе көрнеу тірідей өртеп, көлікпен сүйреп қорлық көрсету адамгершілікке жауыздық екені айтпасы түсінікті.
Иттер империясы төңірегіндегі түйіткілдерді тарқатуды, үй жануарларын ұстау мәдениетін қалыптастыруды ветеринария қызметінің көмегімен ғана реттеуге болады. Қазіргі таңда ветеринария қызметі баяғы беделінен айырылып, берекесі кетіп, байғұс баланың күйін кешуде. Адамзаттық манызы бар, комитет деңгейіндегі мемлекеттік мекемені артық саусақтай көріп, отыз жылдан бері ойранын шығарып, елемей, ескермей есептен шығарып тастадық. Біздің қашанғы әдетіміз ғой. Бәрін бүлдіріп алып, кейін бас қатырып бүтіндеуге білек сыбанып кірісіп кетеміз. Былай деуіміздің себебі таяуда министр Қарашөкеев парламент мінберінен ветеринария қызметінің бойына қан жүгіртетін бірнеше ұтымды ұсыныстары мен талап тілегін ақсүйек мырзаларға жеткізгендей болды.
Біздің айтайын дегеніміз, министр мардымсыз жалақымен жан бағып жүрген «ұлы мәртебелі» мал дәрігер мырзалардың жайын күйіттеп, сілікпесі шығып, тұралап қалған ветеринария қызметін жаңа арнаға бұрып, «Медицина адамды, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» (акад. К.Скрябин) деген қанатты сөзді еске түсіргенде, «Ештен кеш жақсы» деп кәдімгідей қуанып қалғанымыз бар.
Жұмыстан қайтып үйге келсем есік алдында бес жасар немерем Мұрагер көзі әлі ашыла қоймаған, жұдырықтай қара күшікті құшақтап, кеудесіне қысып тұр екен. Тұмсықтары түйісіп, бірге дем алып, тіпті ауыз жаласып та үлгерген тәрізді. Баламысың деген.