Қысқы Олимпиада-2026: Қазақстаннан Миланға шамамен 35 спортшы аттанады
2026 жылы Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан шамамен 35 спортшы өнер көрсетеді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Салыстыра айтқанда, 2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиадаға Қазақстаннан 34 спортшы қатысқан еді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында бірқатар атаулы олимпиадалық лицензиялар бар. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров Олимпиадаға қатысу құқығын жеңіп алды. Сонымен қатар шорт-трек бойынша 9, ал конькимен жүгіру спортынан 12 лицензия алынған.
Ербол Мырзабосынов Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Олимпиадалық резерв даярлау және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ел аумағында қысқы спорт түрлеріне арналған 1 262 спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл спорттың бұқаралық сипатын арттырып, жастардың спортқа қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
XXV Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Жарысқа 93 елден шамамен 3 мың спортшы қатысып, 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы Олимпиада аясында 10 спорт түрі бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан қазақстандық спортшылар жүлде үшін күреседі. Жалпы алғанда, ұлттық құрама 58 медаль жиынтығында бақ сынамақ.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 6 ақпанда Милан қаласында өтсе, жабылу рәсімі 22 ақпанда Веронада ұйымдастырылады. Алғашқы жарыстар конькимен жүгіру мен шаңғы жарыстарынан басталып, соңғы медальдар тау шаңғысы спортынан сарапқа салынады.