Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

Қытай Ресей мұнайының жартысынан бас тартты

Путин мен Си Цзиньпин
Фото: ашық дереккөз

Bloomberg дерегінше, АҚШ қазан айының соңында «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция енгізгеннен кейін Қытайдың ірі мемлекеттік және жеке кәсіпорындары Ресей мұнайының шамамен жартысын сатып алуды тоқтатты.

 Sinopec және PetroChina секілді ірі компаниялар, сондай-ақ бірнеше жеке трейдерлер Ресейден мұнай жеткізуді уақытша тоқтатқан. Бұл шешім тікелей АҚШ санкцияларымен байланысты.

Норвегиялық Rystad Energy мәліметінше, Қытай күніне шамамен 400 мың баррель ресейлік мұнайдан бас тартқан. Бұл Қытайға экспортталатын көлемнің 45%-ына жуық. Нәтижесінде Сібірлік ESPO (ВСТО) маркалы мұнай бағасы күрт төмендеді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркия ресейлік мұнай импортының көлемін азайтып, оның орнын Қазақстан мен Ирактан жеткізілетін шикізатпен алмастыратыны туралы белгілі болды.

Батыстың Ресей мұнайына қарсы жаңа санкциялары Анкараны шикізат жеткізушілерді қайта қарауға итермелеген. Нәтижесінде түрік мұнай өңдеу зауыттары ресейлік мұнайды белсенді түрде басқа елдердің өнімімен алмастыруға кіріскен.

Reuters дерегінше, Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорны – SOCAR Turkey Aegean Refinery (Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі) желтоқсан айында Қазақстан, Ирак және өзге де елдерден төрт партия шикі мұнай сатып алған.