Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:50

“Қыздың аяғын дәрігерлер қателесіп кескен”: вице-министр жауап берді

Астана
Фото: zhasalash.kz

Астанадағы жол апатынан кейін аяғынан айырылған 8 жасар Алуаға жасалған отаға қатысты дәрігерлерге тағылған айыптарға жауап берілді.

Әлеуметтік желілерде Астанада автобус қағып кеткен 8 жасар Алуаның екі аяғы қателікпен ампутацияланған деген ақпарат тарады. Бұл хабар қоғамда қызу талқыланып, көпшілік тарапынан дәрігерлер сынға ұшырады.

Алайда Денсаулық сақтау вице-министрі Нұрлан Ержанов аталған мәліметті жоққа шығарып, дәрігерлердің әрекеттері толықтай медициналық көрсеткіштерге сай болғанын айтты.

«Бұл — өте ақымақ пікірлер. Баланың жұмсақ тіндері жаншылып қалған. Аяқтарын сақтап қалу мүлде мүмкін болмады. Ең бастысы — баланың өмірін сақтап қалу еді. Шешімнің дұрыстығына күмән келтіріп отырғандар — кәдімгі диван сыншылары. Менің әріптестерім бар күшін салып, барын жасады. Қазір баланың тірі екені — солардың еңбегі», - деді Ержанов Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, ауруханаға түскен сәтте Алуаның жағдайы өте ауыр болған.

«Балада травмалық шок пен көп қан жоғалту байқалды. Қазір жағдайы тұрақты. Ол стационарда жатыр, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Өміріне ешқандай қауіп жоқ», - деді ол.

Мүгедектік мәселесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында екенін де атап өтті.

Қыздың отбасына келесі көмектер көрсетілетін болады:

  • 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі беріледі;
  • Автопарктен 10 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіледі;
  • Астана қаласынан тұруға арналған баспана жалдауға көмектеседі (отбасы Ақмола облысында тұрады);
  • Медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ жол апатынан зардап шеккен екі өзге адам да назардан тыс қалған жоқ – оларға да жан-жақты қолдау көрсетіліп, сақтандыру төлемі төленетін болады.

Еске салайық, Астанада 2025 жылғы 2 маусымда кешкі уақытта ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жолаушылармен бірге бағыт бойынша келе жатып, маневр жасау кезінде тізгінге ие бола алмай, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған. Оқиға салдарынан 10 адам зардап шекті, полиция қылмыстық іс қозғады. 3 маусымда бір науқастың аяғы кесілгені белгілі болды.

Тегтер: