Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 24 Қыркүйек 2024

«Қызыл дельфин» толқыны. Оқушылардың оқыс өлімі мен ата-аналар чатындағы үрей

Қызыл дельфин
Фото: Коллаж Orda.kz

16 қыркүйекте жетінші сынып оқитын екі қыз шатырдан құлап мерт болды. Арада бір апта да өтпей, 21 қыркүйекте 12 жасар тағы бір оқушының өлімі туралы ақпарат тарады.

 Алматыда орын алған оқиғалар бойынша аудандық соттар қылмыстық іс қозғап, «оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр». Мұндай процестер әдетте ұзаққа созылады әрі толық аяқталмайынша полиция департаменті біржақты пікір білдірмейді. Бұл жолы да солай. Әзірге суицидтің нақты себептері мен басқа да детальдар туралы нақты ешнәрсе айтылмады. Алайда халық марқұмдардың туған-туысынан, дос-танысынан естігендерін сан-саққа жүгіртіп, баяғы «синий киттен» күдіктене бастаған.

Бірінші жағдайдан соң оқиға болған көпқабатты пәтердің тұрғындары қыздардың құлаған кезде айғайламағанын, аяқ киімсіз болғанын айтқан. Шатырды тексерген сот-медициналық сарапшылар пышақтар мен таблеткалар тапқанын жеткізген. Ал бейнебақылау камерасына қыздардың мұнда арнайы келгені, есікті ашуға бірнеше рет тырысқаны түсіп қалыпты. БАҚ беттерінде бірінің анасы, бірінің ағасы айтыпты деген пікірлер де толып жүр. Олардың да мазмұны күмәнді ойын мен телеграм чатқа, белгісіз кітаптарға келіп тіреледі. ІІМ болса оқиғаның суицид екенін, Алмалы ауданында қылмыстық іс қозғалғанын, басқа ештеңе айта алмайтындарын мәлімдеді.

Бұл оқиғада сабақ уақытысында оқушылардың сыртта жүруі, шатырға шығатын есіктердің ашық болуы секілді «қателіктер» көп. Екі қыздың өлімінен кейін ғана Алматы қаласының әкімдігі пәтер иелерінің кооперативтеріне көпқабатты ғимараттардың үстіне шығатын есіктерді жабуды тапсырған. Алайда әкімдіктің сақтық шаралары толық орындалмаған секілді. Арада бір апта өтпей, 12 жасар жеткіншек биіктен құлап, жан тапсырды. Осы кезде 2016-2018 жылдары қоғамды дүрліктірген «синий кит» ойынының аналогы «красный дельфин» туралы алып-қашпа әңгіме еселене түсті. Ата-аналар чатында мынадай мазмұндағы хаттар жаппай тараған: «Құрметті ата-аналар, әлеуметтік желілерде «красный дельфин» атты қауіпті ойын таралып жатқаны туралы хабарлаймыз. Ол бұрынғы «синий кит» секілді, балалардың өміріне, психологиялық саулығына қауіп төндіреді. Сондықтан балаларыңыздың смартфонын тексеріп, қадағалаңыз»; «Schoolboy runaway деген ойын бар. Кейіпкері өзінің залым да қатыгез ата-анасынан қашып, оларды алдап, тығылып, құтылу үшін биік ғимараттан секіреді, кейде суға да батады. Кезеңнен кезеңге өткен сайын тапсырмалары сұмдық сипат ала бастайды. Ол бүгінде балалар арасында танымал ойын»; «Қайтыс болған қыздардың мектебінде ата-аналар жиналысы өткен. Онда марқұмдардың балаларды суицидке итермелейтін немесе насихаттайтын ойындарды ойнағаны туралы айтылған. Бұл механизм жүктеп алатын ойындар, телеграм арналар мен боттар, белгісіз кітаптар арқылы жүзеге асқан. Тіпті тапсырма беріп отыратын куратор да болған».

Бірақ Алматы қалалық ПД бұл ақпаратты жоққа шығарды:

«Аталған факт бойынша Бостандық аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде мерт болған бала қауіпті ойын ойнап, хат қалдырды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Алматы қалалық полиция департаменті қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікпен қудаланатынын ескертеді және тек ресми мәліметтерге ғана сүйенуге шақырады».

Иә, нақты фактілер беймәлім. Десек те, ойыннан қауіптеніп жатқандардың да күдігі орынды сияқты. Тіпті жауапты министрлік те арнайы мәлімдеме жасап, ата-аналарға сақтық шараларын ұсынған. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға арнап «Балаңызды өмірінің түрлі кезеңдерінде онлайн кеңістікте қалай қорғау керектігі туралы ұсынымдар» деген жазба жариялады. Сол уақыттарда әлеуметтік желі қолданушылары аталған ойындар мен боттарды өз баласының, іні-қарындасының телефонынан тауып алып, өшіргені жайлы, оның қаупі туралы жаппай айта бастады. Демек, мәселе бар. Ал газет беттеліп жатқанда Алматыда тағы бір оқушының суицид жасағаны туралы хабар тарады. Аңыз әңгімелер үсті-үстіне көбейіп, шарықтау шегіне жеткенде ІІМ жеткіншектердің телефонынан ешқандай ойын табылмағанын жеткізді.

«Қаза болған екі жетінші сынып оқушысының да телефонынан суицидке бағытталған ойындар табылмады. Алайда полиция қызметкерлері телефондарды зерттеуді жалғастыра береді. Олар өшірілген жазбалар мен қосымшаларды қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр», – дейді ІІМ баспасөз қызметі.

Ведомствоның хабарлауынша, жауапты мекемелер интернет кеңістікті үнемі бақылауда ұстайды, мониторинг нәтижесінде анықталған күдікті материалдар мен ресурстарды жойып отырады. Бірақ ата-аналар чатын үрейге толтырып жүрген ойындар мен боттар расында да бар болып шықты. Мәселен, Schoolboy runaway ойыны жүктеуге қолжетімді күйінде әлі тұр. Ал «красный дельфин» деген телеграм топтар азая бастаған...

Абылай Асхатұлы, технологиялар маманы:  Ойындар мен платформаларды, сайттарды қадағалау қиын

Android-қа неше түрліні сала беруге болады. Онда тексеріс жүргізу жағы бір ізге түспеген, қадағаланбайды деуге де келеді. Ал Apple-да процесс біршама күрделірек. Жалпы алғанда ойындар мен платформаларды, сайттарды қадағалау қиын нәрсе. Әсіресе нақты бір бөлігін толық бақылауға алу мүмкін емес. Бұл орайда «отзыв» қана айтарлықтай көмек бере алады. Егер бір күдікті ойынды байқасаңыз, оған төмен баға қойып, мазмұны туралы пікір қалдырған жөн. Солай ел айтып, жұрт шулағанда анықталады ғой. Жүйелік бағдарламалардың өз фильтрі де бар. Олар осы пікірлер мен «жұлдызшалар» шеңберінде ғана. Төмен бағаланған немесе «рекомендациясы» сәйкес келмейтін қосымшаларға жас шектеуі қойылады. Сөйтіп, 18 жасқа толмаған балалар жүктей алмай қалады. Бірақ олар ата-анасының телефонын қолданатын жағдайлар да аз емес. Немесе туған жылын жалған көрсете салады.

***

Яғни мемлекет қанша мониторинг жасап, бақылау жүргізгенімен қауіпті қосымшалар үнемі белгілі бір деңгейде қолжетімді болады. Оның үстіне «синий кит» пен «красный дельфин» тектестер әлеуметтік желідегі жабық парақшаларда жүреді-мыс. Оларды іздеп, жүктеп, тығылып ойнайтын балалар расында болса, соңы қайғылы аяқталса, оған кім кінәлі?

Назигүл Темірғалиқызы, психолог: «Тексеремін, телефоныңды әкел» деген «стратегия» мәселені шешпейді

Суицид мәселесі өте көпқырлы. Оның нақты бір себебін басып айту мүмкін емес, әртүрлі факторлар бір мезетте әсер етеді. Десек те, қандай жағдайда да оны тек ойыннан немесе анимеден көруге болмайды. Өзін-өзі өлімге қию, оған өз еркіңмен бару ең әуелі эмоционалды күйзеліспен түсіндіріледі. Бұл дегеніміз – жалғыздық, оқшауланып қалу, ішкі қиындықтар, психологиялық қысым. Оған алып келетін көп жағдайда ата-ана, мұғалім, қатарластары, буллинг немесе кибербуллинг. Яғни ортасы.

Баланың бірінші ортасы – отбасы. Баяғыдан айтылып, жауыр болған сөз бар – ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі. Біздің қоғамда ата-аналар баланы алаңдататын тақырыптарға байланысты ашылып сөйлесе бермейді. Көп жағдайда өз мәселелерімен басы қатып жүрген әке немесе ана баласының айтып тұрғандарын салмақсыз ғана қабылдайды, өз миында проблематика деп танымайды. Алайда сол нәрсе баланың жан дүниесіне, ішкі ойына, эмоционалдық фонына әсер етіп жатады... Міне, осыдан келіп жалғызсырау пайда болады. Одан бөлек, көп отбасылар деструктивті. Ұрыс-керіс көп, психологиялық зорлық-зомбылық бар, әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Осы сынды қиындықтардың салдарынан бала өзін өзгелерден кем сезіне бастайды.

Қандай жағдай болмасын, ата-ана баланың психологиялық немесе эмоционалдық жағдайын бірқалыпты ұстап тұру үшін диалогқа келуі қажет. Ашық әңгіме құрып, тыңдауды, түсінуді үйренуі керек. «Тексеремін, телефоныңды әкел» деген «стратегия» мәселені шешпейді. Бала тығамын десе, жолын табатыны анық қой. Сондықтан шынайы сенімге келген дұрыс. Бұл айтуға өте оңай. Ал күнделікті өмірде ашық қарым-қатынасқа мыңның бірі келе ме, жоқ па, белгісіз. Тағы бір айта кетерлігі, гиперқадағалау да, мүлде қараусыз қалдыру да дұрыс емес. Қажетті мөлшерді ұстаған жөн. Бірақ ата-ананы да бәріне жауапты етіп, кінәлай алмаймыз. 8 сағат жұмыс істеп, азанда, кешке кептеліспен үйге әрең жететін, өзі пәтер жалдап тұратын, әлеуметтік жағдай мен болашаққа деген сенімсіздік қажытып жіберген көпшілік қалай «депрессивный», «тревожный» болмасын?

Одан соң, мұғалімдер әдептен де, нормадан да тыс сөздер айтып, оқушыларға эмоционалды қысым көрсетеді. Өйткені олар өз басшыларынан, жүйеден соны көріп отыр. Бір салдар екінші салдарға әкеле береді. Әрі балалар арасындағы буллинг пен бұғаулық салу өте қиынға соғатын кибербуллинг тағы бар. Мұның бәрін көтеру, өзіңнен өткізу кішкентай балаға оңайға түспейді. Осы сынды күйзеліс, жалғыздық факторлары болғанда ғана интернет ойындар кері ықпал жасай алады. Олар онсызда не ойлап, не істерін білмей, өзін нашар сезініп жүрген балаға қосымша әсер беруі мүмкін. Қайғылы жағдайлардың немесе қолайсыздықтардың алдын алу үшін баламен сөйлесуді үйреніп, оны өз бетінше шешім қабылдауға үйретуге тиіспіз. Жеткіншек «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп, айнала мен ондағы құбылыстарды фильтрлеп үйренгені жақсы. «Үлкен адам айтты, достарым айтты» деп емес, өзі талдап, шешім шығара алатындай болғаны жөн.

Баян Мұратбекқызы