Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 24 Қыркүйек 2024

Қызылорда мектебінде балалар уланады, басшылық жауап беруден қашады

1

Қызылорда қаласында оқыс оқиға болды. Облыс орталығындағы №253 мектептің оқушысы қоңырау уақытында бұрыш баллонын шашқан. 4 жасөспірім зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Ата-аналар жауаптыларды қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.

Төтенше жағдай таңғы 10:30 шамасында, қоңырау кезінде болған. Белгілі болғандай, 8 және 10-сыныптың оқушылары зардап шеккен. Мектепке жедел-жәрдем қызметі шақырылып, оқушылар Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір жасөспірімдер дәрігерлердің бақылауында.

Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар аурухана есігін торуылдап жүр. Оқыс оқиғаның қалай болғаны әлі де зерттеліп жатыр.

«Менің қызым Айша Бектібай ауруханаға өте ауыр жағдайда жетті. Денесі дірілдеп, тыныс алуы қиын болды. Дәрігерлер кислород қосқан, қазір бөлімшеге жатқызылды. Бастапқыда мектептегілер одеколон себілді деп алдағысы келді. Осы кезге дейін мектептен немесе қалалық білім бөлімінен ешкім хабарласқан жоқ. Тіпті полициядан да ақпарат, түсініктеме алмады. Сонда биліктегілер үшін балаларымыздың өмірі маңызды болмағаны ма?» – деп ашынады Бақыт Бектібай.

«Мектептен хабарласып, немерем Қарақат Өміртаеваның ауырып қалғанын айтты. Болған жағдайды ауруханаға келген кезде ғана білдік. Бұл масқара ғой! Сонда балаларымызды мектепке жіберуге қорқатын болдық па? Денсаулықтарына кінәрат келіп тұр, кім жауап береді?» – дейді енді бір ата-ана.

Расымен, зардап шеккен оқушылардың ата-аналарымен сөйлесуге де, балалардың жағдайын білуге де білім бөлімі басшылығынан немесе мектеп әкімшілігінен ешкім келмеген. Журналистерге де ресми ақпарат беруге құзырлы орган мамандары құлықсыз болды. №253 мектепке барғанымызда басшылар жауап беруден бас тартып, көлеңкелерін де көрсетпеді. Мектеп директорының орынбасары білім беру мекемесінде арнайы турникеттің бар екенін, бірақ бірде-бір бейнебақылау камерасы орнатылмағанын айтты.

«Биыл мектеп толықтай күрделі жөндеуден өткен болатын. Қазір камераларды орнату үшін мемлекеттік байқау жарияланды, мердігер мекеме әлі анықталмады. Орын алған жағдай бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жерде тек мектептің ғана кінәсі емес, әрбір ата-ана өз баласына жауапты болуы тиіс», – деді Нұрқанат Амантаев.

Қазір дәрігерлер балалардың жағдайын бақылауға алған. Екі жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Полицейлер бұрыш баллонын кім шашқанын анықтамақ.

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы

Тегтер: