Қызылордада мектеп мұғалімі кісі қолынан қаза тапты
Қызылорда қаласында оқыс оқиға орын алды. Мектеп мұғалімі кісі қолынан қаза тапты, күдікке марқұмның күйеуі іліккен.
Бүгінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Көз жұмған ұстаз облыс орталығындағы №261 мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасаған. Білім ордасының ұжымы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында марқұмның туыстарына көңіл айтқан. Белгілі болғандай, бақилық болған педагогтың екі баласы қалды.
“Ұжым үшін орны толмас ауыр қаза. Бірге жүрген әріптестен, достан айрылып қалу барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Артық сөзі жоқ, қатты бір дауысы жоқ, өте салмақты жан еді. Әрі біздің ата-ана болып келетін Анарымыз өз баласының ғана емес, үйден оқитын ерекше балаларға білім беріп, олардың да жүрегінен орын алған үлкен жүректі мұғалім болатын... Аллам панасына алып, балапандарына ұзақ ғұмыр берсін”, - деді марқұмның әріптестерінің бірі.
Күйеуі бүгінде күдікке ілігіп отыр. Құзырлы орган өкілдері әзірге орын алған жағдай бойынша толыққанда мағлұмат бермеді.
«Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде. ҚР Қылмыстық Кодексінің 201 бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», - деп қысқа қайырды Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметі.