Қызылордада жаңадан ашылған Оқушылар сарайы бір айдан бері бос тұр
Қызылорда қаласында осыдан бір ай бұрын Оқушылар сарайы салынып біткен. Салтанатты түрде ашылған сарайдың лентасын қиған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл кешеннің облыс үшін маңыздылығына тоқталып, ата-аналарды құттықтады.
Жаңадан салынған Оқушылар сарайы заманауи үлгіде бой көтерген. Көп функционалды кешенде техноорталық, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары бар. Сонымен қатар жеткіншектер экологиялық зертхана, жылыжай, телестудия және шығармашылық үйірмелерінде білімдерін жетілдіретін болады деген Оқушылар сарайы 350 орынға арналған.
Араға ай салып, орталықтың жұмысымен танысу үшін оқушылардың пікірін білу үшін арнайы барғанбыз. Біз күткендей емес, ғимараттың іші де, сырты да тым-тырыс.
Білімін толықтырып жүрген жеткіншектерді де, үйірме жұмысын үйлестіріп жүрген ұстаздарды да көрмедік. Орталық директорының міндетін атқарушы жұмған аузын ашпады, нақты мәлімет беруден бас тартты. Бір байқағанымыз, жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайының орналасқан орны өте қолайсыз. Сол жағалауға жасөспірімдердің қатынауы қаншалықты ыңғайлы болатыны белгісіз. Оның үстіне дәл мекеме алдынан қатынайтын қоғамдық көліктерді аңғармадық. Қызылордалық ата-аналар да жаңа білім беру мекемесінің орталықтан қашық салынғанына алаңдаулы.
«Менің балаларым А.Тоқмағанбетов көшесіндегі Оқушылар сарайына барады, бірнеше үйірмелеріне қатысып жүр. Әрине, жаңадан ашылған орталық туралы естідік, бірақ біз үшін өте алыс. Қазір жұмыс істеп жатқан жоқ екен. Балаларымды ол жаққа тіркей алмаймын, қатынауы қиын болады», – дейді Еркін есімді тұрғын.
«Әрине, балаларымыздың жақсы жерге барғанын қалаймыз ғой. Бірақ сол жағалауға қатынау қиын, автобус мәселесі де шешілмепті», – дейді тағы бір тұрғын (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады).
Қызылорда қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайының жұмысының басталмауына бірнеше жағдай себеп болған көрінеді. Шенеуніктер әкімшілік жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржылық мәселелер мен заң тұрғысында құжаттарды әзірлеуге уақыт кетті деп ақталуда.
«Негізінен, аталмыш нысан 2024-жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда құрылыс жұмыстары уақытынан бұрын аяқталғандықтан, 1-қазан күні ашылу салтанатын өткіздік. Қазіргі күні арнайы конкурс ұйымдастырылып, мұғалімдер жұмысқа қабылданды. Штат мәселесі толықтай шешілді. Қараша айынан бастап оқушыларды тарту жұмыстарымен айналысатын боламыз. Өздеріңіз білетіндей, сол жағалауда бірнеше білім беру мекемелері жұмыс істейді. Оқушылар сарайына келушілер көп болады деп ойлаймын», – деп мәлімдеді Жаннат Сәдуақасова.
Жеткіншектерге жаңа қосымша білім беру орталығының қажеттілігі туралы әңгіме біраз жылдан бері айтылып жүрген. Заманауи нысанның құрылысы осыдан шамамен бір жыл бұрын басталды. Бас демеуші «ҚазГерМұнай» компаниясы, жоба құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Есеп үшін ашылып, қаңырап бос тұратын ғимараттардың бірі болып қалмай, орталықта тіршілік қыз-қыз қайнап жатады деп үміттенеміз. Ол үшін, әрине, ең алдымен қатынас мәселесі шешілу керек. Орталықтың шалғайда орналасқанын, қоғамдық көліктің жоқтығын ата-аналар қазірден бастап айтып жатыр.
Айжан Төлешова
Қызылорда облысы