Қызылордада жасөспірім қызды зорлап келген 1000 еркек кім?
Қызылорда қаласындағы №7 мектептің жоғары сынып оқушысы мәжбүрлі түрде жарты жылдан астам уақыт жезөкшелік қызмет көрсетіп келгені туралы ақпарат тарады.
Болжам бойынша қаршадай қыздың тәнін саудалаған өзінің сыныптастары мен құрбылары. Бүгінде күдіктілер қамауға алынған. Ал жыл басынан бері әбден қорлық көрген оқушы ауруханада ем алып жатыр.
Бұл жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Баласын мектепке білім алсын деп жіберіп отырған ата-аналар бүгінде алаң күйде. Ал құрбыларынан қорлық көрген оқушының анасы тіпті есеңгіреп қалғанын жасырмайды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдіктілер әуел баста 16 жастағы қыздың интимді суреттерін түсіріп, бопсалаған. Кейін бойжеткен туралы ақпаратты интимді қызмет көрсететін түнгі көбелектердің сайтына орналастырған. Сол арқылы қорлық көрген қызға «клиент» тауып, кәсіптерін жүргізіп келген.
«Бұл сұмдық жағдай осы жылдың басынан басталған. Қызым екі-үш күндеп үйден жоғалып кететін. Мүлдем тұйықталып, ашық сөйлесуден қалдық. Қызымның мәселесімен мектеп басшылығына бірнеше мәрте бардым. Алайда ондағылар шағымдана берсем, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытты. Қызым да әбден үрейленіп қалған. Оны да құрбылары қорқытып, ұрып-соққан. Кейбір кезде екі тәулік бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткен», – дейді қорлық көрген қыздың анасы.
Қазіргі таңда осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Екі жасөспірім қыз бен бір ер бала күдікке ілінген, алайда бүгінде олар үй қамаққа шығарылған. Белгілі болғандай, жарты жылдың ішінде оқушы қыздың «қызметін» 1000-нан аса еркек пайдаланған екен, олардың арасында құзырлы орган қызметкері де бар деген ақпарат бар. Бұл мағлұмат қаншалықты рас екенін құзырлы органдар анықтайтын болады. Жыныстық қатынас түріндегі қызметті пайдаланғандар ақшаларын күдіктілердің бірінің анасының есепшотына аударып отырған. Алдын ала есеп бойынша, 10 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Бүкіл қоғамды елең еткізген жағдайдың анық-қанығын полицейлер зерттеуде. Қазір күдіктілерден бөлек олардың ата-аналарына да заңға сәйкес тергелуде.
«Жәбірленуші тарап 6 ай көлемінде құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, іс жан-жақты объективті түрде зерделенуде. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде таралып, қоғамдық резонанс тудырған жағдай әкімдіктегілерді де ұйқысынан оятқандай болды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әдеттегідей, бірнеше сағатқа созылған жиналыс жасап, білім саласының кейбір жауапты тұлғаларын қызметінен босатты. Билік басындағылар проблеманың алдын алудың орнына, салдарымен күресуден жалықпады. Айта кету керек, осы уақытқа дейін де креслосымен қоштаспаған облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов осы жолы да ескертумен құтылды.
«№7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологы, әлеуметтік педагогы, сынып жетекшісі жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жарты жылдан астам уақыт қорлық көрген қыздың бүгінгі жағдайы өте ауыр. Шошынып қалған, ұйықтай алмайды дейді. Ал кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскендердің есімі әлі анықталып жатыр.
Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы