Қызылордада жасөспірім сыныптасына суық қару сұққан
Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Ы.Жахаев ауылында жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. 11 - сынып оқушысы кикілжіңнен кейін, қатарласының сол жақ кеуде тұсына суық қаруды сұғып алған. Абырой болғанда зардап шегуші аман қалды. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетті, бүгінде тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Қызылордада жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азаймай тұр. Өткен оқу жылының өзінде үш оқушы топтық төбелес кезінде көз жұмып, бір жасөспірім қыздың өз еркінен тыс жезөкшелікпен айналысқандығы анықталды. Енді тағы бір қылмыс Шиелі ауданына қарасты Ы.Жахаев ауылында орын алып отыр. Белгілі болғандай, сол күні №149 мектептің оқушылары облыс орталығына ҰБТ -ға дайындық аясында сынама тест тапсыруға барған. Ауылға қайтып келгеннен кейін, екі оқушының арасында кикілжің туындаған. Нәтижесінде бір жасөспірім сыныптасына пышаққа ұқсас затты сұғып алған екен.
“Науқас кешкі уақытта ауруханаға жеткізілді. Есін білді. 1 тәуліктен аса “Жансақтау” бөлімінде жатты, одан кейін “Хирургия” бөлімшесіне ауыстырылды. Тиісті ем - домдарын алып, сегізінші тәулікте үйіне шығарылды. Жағдайы қанағаттанарлық”, - деп мәлімдеді Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бахтыгүл Мұсағалиева.
Жахаев ауылы Шиелі ауданына жақын орналасқан. 4200 халқы бар елді - мекен тұрғындары болған жағдайдан кейін есеңгіреп қалғандарын жасырмайды. Мектеп әкімшілігі қазір оқушылардың сабаққа қатысып жатқандарын айтады. Екеуінің де сабақ үлгерімдері жақсы екен.
“Бұл балалықпен жасалынған әрекет деп ойлаймыз. Сол күні оқушылар облыс орталығынан сынама тест тапсырып келген. Мұғалімдео балаларды үйлеріне таратқан, бұл жағдай содан кейін болып тұр. Қазір екеуі де мектепте. Оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүруде, психолог - мамандар өз міндеттерін атқарып жатыр”, - деді мектеп директоры Айнұр Архабаева.
Бүгінгі күні құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізуде.
“Аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері басталған. Күдікті үй қамаққа алынған.
Жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді, жағдайы бір қалыпты.
Басқа да ақпараттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес жария етілмейді.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы көлемінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан әкімдігінен, аудандық білім бөлімінен, аудандық полиция бөлімінен, жастар ресурстық орталығынан қызметкерлер бөлініп, білім беру мекемелерінде профилактикалық түсіндірме жұмыстар жүргізілуде”, - деп мәлімдеді Шиелі ауданының полиция бөлімі.
Айта кету керек, соңғы жылдары Шиелі ауданы білім бөліміне басшы тұрақтамай келеді. Осыдан 20 күн бұрын қызметіне тағайындалған басшы жұмысынан өз еркімен кеткен. Мұның сыры неде екен?