Қызылордалық шенеунік кәсіпкерлерге ұлының оқу ақысын төлеуге мәжбүрлеген

Қызылордалық шенеунік жеке бизнес иелеріне өзінің ұлының оқу ақысын төлеуді жүктеп қойған.
Есесіне кәсіпкерлерге заң аясынан тыс қамқорлық танытып, мемлекеттік көмек алуға қолдау білдіріп келген. Бүгінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Белгілі болғандай, аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары өз қызметін асыра пайдаланып, жеке пайдасын көздеген шенеунікке қатысты істі прокуратураға жолдаған. Тергеу барысында басқарма басшысының көптеген заң бұзушылықтары анықталған екен. Мәселен, шенеунік кәсіпкерлік нысандарын дизель отынымен қамтамасыз етуге мәжбүрлеген. Сонымен қатар, Қызылордадағы кәсіпорындардың автогаз сатып алуына заңсыз шектеулер қойып, бизнесін дөңгелетуге қасақана кедергі келтірген.
"Бүгінде күдіктіге қатысты тергеу амалдары толығымен аяқталды. Қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Бұрынғы басқармасы басшысы қамауға алынған", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, құйтырқы әрекеті құрықталған шенеунік облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына басшысы болып өткен жылдың желтоқсан айында тағайындалған еді.