Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:54, 14 Желтоқсан 2023

Қызылордалықтар қара суықта жылусыз отыр

Қызылорда
Фото: из открытых источников

Бірнеше күннен бері Қызылордада табиғат тосын мінез танытып отыр. Ұйытқыған жел, қара суық пен сықырлаған аяз тұрғындарды әбден әбігерге салуда.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері онлайн оқуға көшірілді. Есесіне, коммуналдық саланың қызметі көңіл көншітпеуде. Көптеген шағын аудандарда әлсін - әлсін жарық сөніп, көпқабатты үй иелері мардымсыз жылуды қанағат етуге мәжбүр.

"Биылғы қыс жылы болады екен", - деп жүргенде, қара суық қызылордалықтарды есеңгіретіп тастады. Түнгі уақытта ауа температурасы - 26 градусқа дейін төмендейді. Аязды күн тұрғындарды әбден мазасын алып отыр. Әсіресе, көпқабатты үйде тұратындар өлместің күнін кешіп отыр.

"Ауа райы жылы болған соң, қазан және қараша айларында үйіміз қайнап тұрды. Тіпті терезе ашып қойған кездеріміз болды. Қазір үйіміз өте салқын, батарейді жылу тіпті сезілмейді. ПИК - ке звондасақ еш нәтиже жоқ, апаттық қызмет мүлдем жауап бермейді. Үйімізде кішкентай бөпеміз бар, балаларымыз ауырып жүр. Электр пешін қосып, бір бөлмеден шықпай отырмыз", - дейді қала тұрғыны Ләззат Әлібек.

Көгілдір отынға қосылған жер үйлерде де жағдай мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, газдың қысымы өте төмен. Үйді жылытпақ түгілі, әрең дегенде тамақ әзірлеу әзірлеуге жарап отыр екен. "ҚазТрансГазАймақ" мекемесі болса, үйдің жылымауын баспананың сапасыз салынғанынан көріп отырғанға ұқсайды. Жылудан бөлек Қызылордада жарық та жиі сөніп, ауыз су да тоқтап қала береді.

"Біз Сабалақ ауданының тұрғындарымыз. Біз жаққа көгілдір отын қосылмаған, көмір жағып күнелтеміз. Жарық сөнгенде пештің моторы өшіп, үйіміз мұздап кетеді. Сонда мына аязда біз қалай күн көреміз? Неге жел тұрса, жаңбыр жауса дереу жарық жөнеді?", - деп ашынады Жақсыгүл Тәжібаева.

Күз басталғанда Қызылордадағы тиісті сала басшылары алдағы қысқа толықтай дайынбыз деген болатын. Алайда, бұл құр сөз болғанын көріп отырмыз. Бүгінде әлеуметтік желі парақшалары тұрғындар шағымынан көз ашпайды Десе де, жауапты мамандар жағдай қалыпты деуден айнымай отыр.

"Бүгінгі күнге, қала бойынша жылу желілеріндегі параметрлер сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кестемен берілуде", - деп жауап берді Қызылорда жылу электр орталығы.

     Айнұр Төлешова