Қызылшаның таралуы азайды
Шымкентте соңғы бір аптада қызылша ауруының таралуы бәсеңдеді. Қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың саны 37,3 пайызға төмендеп отыр
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жедел медициналық жәрдем станциясына қызылшаға қатысты қоңыраулардың түсуі 125-тен 94 қоңырауға дейін немесе 24,8 пайызға азайды.
Бұған дейін айтылған мәліметтерге қарағанда, Шымкентте аталған дертті жұқтырғандардың 84 пайызын балалар құрайды. Олардың 90 пайызға жуығы қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Оның ішінде 32 пайызына екпе салдыруға ата-аналары діни себептерге байланысты қарсы болған. Үшінші мегаполисте қызылша ауруының өсуі биыл қыркүйек айының ортасынан басталған еді.
Мамандардың айтуынша, қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату. Нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Сондықтан халықты қызылшаға қарсы міндетті вакцинациялау қажеттігін түсіндіру үшін мамандар аула аралау, ақпараттық-түсіндіру әңгімелесу, діни қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Нәтижесінде, ата-аналар иммунопрофилактика мәселелері бойынша емханаларға жиі жүгініп, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту көрсеткіші 80 пайызға ұлғайған.
Жалпы, Шымкенттің денсаулық сақтау саласында биыл біршама жаңалықтар бар.
«Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіштері 17 пайызға төмендеген. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім – 26 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім – 5 пайызға, ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда – 48,8 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр», – деді Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Сондай-ақ Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасын жасау сәтті жүргізілді.
- Сондай-ақ шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы және 10 LVAD отасы жасалған болатын, – деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №6 қалалық емханада үздік практика орталығы ашылды. Үздік практиканы енгізудегі мақсат – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мен халықтың медициналық қызметке деген қанағаттану деңгейін көтеру, адам және оның отбасы қажеттілігі төңірегіндегі денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру, арыз-шағымдарды төмендету, ұйымдастыру және әдістемелік жұмысты жүргізу, халықтың медициналық сауаттылық деңгейін жоғарылату, науқасты емдеу және аурудың алдын алу процесіне қатыстыру. Жоба негізінде жастар денсаулығына да басымдылық берілмек. Бұл үшін қалада жастар денсаулық орталығы ашылып, жұмысын бастады. «Сұңқар» жастар денсаулық орталығы 10-29 жас аралығындағы қала жастарына көмек көрсетеді. Жастар орталығы отбасын жоспарлау мәселелері бойынша жасөспірімдер мен жастарға жоғары білікті медициналық-психологиялық және тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы жасөспірімдердің, жастардың денсаулығын сақтау және әлеуметтенуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында ашылып отыр.
Орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетіледі. Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, адамның иммун тапшылығы инфекциясының, эмоционалдық көңіл күйлерінің, күйзелісті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі және құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен бірге бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмегі де көрсетіледі. Аталған орталық жастардың психикалық-әлеуметтік және медициналық проблеммаларын анонимді және уақытылы алдын алуға жағдай жасайды.
М.СӘУЛЕБЕК
Шымкент қаласы