«Қызылжар» футбол клубында 127 млн теңге жымқырылған

Петропавлда «Қызылжар» футбол клубындағы қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты сот процесі басталды.
Петропавлда «Қызылжар» футбол клубындағы қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылар қатарында клубтың бұрынғы бас бухгалтері Ольга Замелацкая бар. Тергеу мәліметінше, ол клубтың экс-президенті Григорий Лориямен бірге 127 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған.
Прокуратураның мәлімдеуінше, 2023 жылы «Қызылжар» клубының бюджеті 1,7 млрд теңгеден асқан. Сол жылы басты бухгалтер атанған Замелацкая президент Лорияның тапсырмасымен жалған құжаттар жасап, жалақы мен премияны негізсіз аударып отырған. Қомақты қаржы оқу-жаттығу жиындарына, әкімшілік қызметкерлерге және қазіргі Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиевке заңсыз төлем ретінде жұмсалған. Алиевке 60,5 млн теңге негізсіз төленгені анықталды.
Сондай-ақ, клубтың администраторы Виктор Ставскийдің шотына 43 млн теңгеден астам қаражат аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бұған қоса, бухгалтерлер өздеріне де премия тағайындап, «жоқ» экономистің орнына қосымша ақы алған.
Мемлекеттік айыптаушының дерегінше, 2023 жылы клуб салықтан жалтарып, мемлекетке 287 млн теңге қарыз болған. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы (КПН), жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бар.
Ольга Замелацкая өз кінәсін мойындамай отыр. Ал клубтың бұрынғы президенті Григорий Лорияға қатысты басқа іс қозғалған, оның Қазақстаннан шығып кеткені туралы мәлімет бар.
Сотта жәбірленуші ретінде дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Қызылжар» ФК мен Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы танылған. Іс бойынша келесі отырыста куәлар мен жәбірленушілердің жауабы тыңдалады.