Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:04, 13 Желтоқсан 2022

Кланның көздегені – мәжіліс пе?!

None
None

Қаңтардағы мемлекеттік төңкерістері жүзеге аспай қалған соң Назарбаев кланы енді «Б» жоспарын жүзеге асыруға кірісті.

Қаңтардағысы «А» жоспары еді.

Сонымен, Алматыда Respublica партиясының құрылтай съезі өтті, еліміздің барлық өңірлерінен келген мыңдаған делегаттарының қатысуымен. Бұл партияның негізін қалаушылар және жоғары басшылығы деп бас хатшы Айдарбек Ходжаназаров пен политбюро мүшелері сықылды Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шукижанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаев аталды.

Партияның ұраны қарабайыр, «бар жақсыны жақтаймыз, жамандықты жақтырмаймыз» дегендей бірдеңе.

– Оған да таңғалмаймыз, өйткені партия құрылтайшыларының одан басқа ештеңе ұсына алмайтын адамдар екені белгілі. Олар бұрын ешқашан саясатқа араласпаған адамдар, – дейді саяси сарапшылықпен айналысып жүрген журналист Ибраш Нүсіпбаев.

Мысалы, Нұрлан Қоянбаев өмір бойы әзіл айтып, жеңіл-желпі дүниеден аспаған. Бейбіт Әлібеков – жүрген бір мажор. Қалған құрылтайшылардан да немен айналыстыңыз деп сұрасаңыз, пәлендей мақтанатын түгі жоқ адамдар.

Сонда сұрақ туындайды, бұл даурықпа кісілер неге бас салып саясатпен айналыса жөнелді екен?

Жауабы түсінікті.

– Қаңтарда билігінен айырылып қалған Назарбаев кланы енді билікті өзіне мәжіліс арқылы қайтарып алып көрмек. Сол мақсатта бұлар Назарбаевтың туын көтеретін кемінде бес партия құруды ойластырған сияқты, әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтитын. Олар алдағы мәжіліс сайлауына өтіп кетуі керек. Сосын көпшілік коалиция құрып, жаңа заңдар қабылдау арқылы Назарбаев кланының мүдделерін қорғап отырмақ. Ұрлап-тонағандарын сақтап-қорғап қалу үшін ғана емес, елді одан әрі тонауын жалғастыра беру үшін. Сондай партиялардың бірі осы Respublica болуы тиіс еді. Назарбаев кланы партия құру міндетін өтірік төраға боп отырған Айдарбек Ходжаназаровқа емес, іс жүзінде Бейбіт Әлібековке жүктеген сияқты. Бейбіт Әлібеков деген Гүлжан Қарағұсованың бұрынғы күйеу баласы. Қарағұсова 90-шы жылдары Назарбаевпен тым жақын болған. Содан тіпті одан қыз туып алдым дегендей қауесетті мәжіліс пен үкіметте өзі бәріне ашық айтып жүретін. Соған сеніп қалған Әлібеков Қарағұсованың қызын алады. Алады да, бірден бай адам болып шыға келеді. Назарбаев пен Қарағұсованың атын пайдаланған бизнесмен Әлібеков өмірі салық төлемеген. Оның ашқан-құрған компанияларының ешбірі табыс әкелмеген, бәрі тек шығынға ұшыратқан. Соған қарамастан, қайдан келетіні белгісіз, Әлібековтің шоттарына ақша ағылып түсе берген дейді сарапшы.

Мысалы, Әлібеков бірнеше рет журнал шығармақ болды. Бірақ бәрі жабылып қалған. Сосын радиостансалар ашып, олар да жабылып қалды. Оның A&D Media деген продакшн-компаниясы бірнеше жылдан бері босқа тұр. «Қазақстандық телерадиохабар таратушылар қауымдастығы» және Inform Center сияқты көптеген ЖШС-тері де сөйткен.

Қазір ол интернеттен ақша тауып жүр деп ойлап қалуымыз мүмкін. Бір сұхбатында ол интернеттен тапқан ақшама Rolls-Royce сатып алдым деп бөскен. Дәл сол Rolls-Royce көлігін бұған дейін Алматыда бір клиент автосалонда соғып тастаған. Нұрлан Смағұлов бірнеше жыл бойы, тіпті жарты бағасына да (65 миллион теңге) сата алмай жүрген көлік еді бұл.

Әй, Әлібеков интернеттен 65 миллион теңге таба қоймаған шығар енді. Қазақстандық интернеттегі жарнама сегменті белгілі ғой, жарнама берушілер кейбір постарға бірнеше мың теңге ғана төлейді, қайдағы миллион?! 260 мың оқырманы бар Әлібековтің жарнамадан табатыны – мейрамханадан тойып бір тамақ ішетіндей ақша ғана. Өзі мақтанып көрсететіндей шалқып өмір сүруіне оның интернеттен алатын табысы жетпейді. Оның шын табысы енесі Қарағұсовамен байланысты болса керек.

– Ал Қарағұсова – Назарбаев кланының қолына билікті қайтаруды ұйымдастырушылардың бірі. Мысалы, соның нұсқауымен Қайрат Сатыбалды мен Болат Назарбаевтың содырларына қосылып, Әлібеков Алматыдағы алаңдағы қаңтар оқиғаларына қатысты. Олармен бірге Дариға Назарбаеваның адамдары да болды. Мәселен, Magnum сауда желісінің басшысы Азамат Оспанов көзге түсіп қалды. Қаңтар оқиғаларына қатысқаны үшін сотталуы тиіс Әлібековті енесі Қарағұсованың құдіреті құтқарып қалды. Енді Әлібековтің қарызын қайтаратын кезі келсе керек. Мәз-мейрам өміріндегі қаптаған достарын жинап алып, партия құру тапсырылды. Назарбаев кланының Қазақстанда әлі күші мен ықпалы бар.

Жалпы, Respublica партиясы негізі осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болуы тиіс еді. Дариға Назарбаеваның «Республика» деген қоғамдық қозғалысынан. Ол қозғалыс Дариға сенат спикері боп тұрғанда және Тоқаев өз еркімен отставкаға кеткен жағдайда Дариғаға қолдау жасау үшін құрылған. Алайда сол кезде Тоқаев өз еркімен отставкаға кетуден бас тартып, әлгі «Республика» қозғалысы тарап кеткен. Енді елдегі саяси тартыс пен бәсеке қайта өршігенін ескерсек, алдағы 2023 жыл Қазақстан қоғамы үшін оңай болмайды. Ендеше, Назарбаев кланының «Б» жоспары да жүзеге аспай қалуы үшін қоғамға қолдан келгенше қарсыласып бағу керек, – деп түйіндейді журналист. 

Тегтер: