Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 07 Шілде 2023

Клиптік сана: қоғам шалдыққан дерт пе, әлде жаңа ұрпақтың артықшылығы ма?

None
None

ХХІ ғасыр адамдарының өмір сүру қарқыны алдыңғы дәуір адамдарына қарағанда әлдеқайда жылдам әрі қарбалас екені анық.

Америкалық жазушы Рей Брэдбери 1953 жылы жазған «Фаренгейт бойынша 451 градус» шығармасында америкалықтардың басым көпшілігі теледидардың не екенін білмеген кездің өзінде жазушы жаңа дәуір туатынын, ғаламды техниканың кереметі билеп, рухани байлықтың екінші орынға ығысатынын дәл болжаған еді. Жазушы атап көрсеткендей теледидардан көретін түрлі бейнебаяндар мен әлеуметтік желілердегі қысқа бейнероликтер адамның ақпаратты қабылдауына айтарлықтай әсерін тигізді. Үнемі асығыстық пен уақыттың тапшылығына байланысты біз қысқа, тез, динамикалық ақпараттарды жиі тұтына бастадық. Әдетте фильм таңдағанда да динамикалық сюжеті бар фильмдер немесе сериалдарды көріп, кітаптағы артық баяндаулар мен бос сөзден мейлінше тезірек құтылғымыз келеді. Әлеуметтік желілер мен ғаламтор пайда болғалы бері ақпарат көздерінің ағын судай екпіндеп дамып жатқаны белгілі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы үздіксіз қозғалысқа, қысқа әрі нақты ақпараттарға бейімделді. Нәтижесінде, клиптік ойлау, клиптік сана қалыптасты. Ғалымдардың зерттеуінше, адам санасындағы оперативті жады осыдан 30 жыл бұрын 15-20 минут болса, қазіргі таңда 7 минутқа дейін қысқарып кеткен. Яғни кездейсоқ адам көрген немесе естіген ақпаратты небәрі 7 минут есінде сақтауы мүмкін. Ал қазіргі «Z» ұрпақтың өкілдерінде бұл небәрі 5 минутты құрайды. Ақпарат тасқынының салдарынан пайда болған клиптік ойлау жүйесі дүниежүзіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдары пайда болған терминнің шығу төркініне үңілер болсақ, «сlip» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «фильмнен үзінді немесе газеттен алынған қиынды, бөлік» деген мағынаны білдіреді. «Клип» дегенде есімізге ең алғаш әндер мен әуендерге түсірілген бейнероликтер оралары анық. Шынында да, музыкалық клиптердің басым көпшілігі ешқандай да мағына үстейтін ақпарат жоқ, олар бір-бірімен үйлеспейтін көріністердің тізбегі деуге болады. Дәл осы ұстаным бойынша клиптік дүниетанымым қалыптасады, яғни адам әлемді тұтастай емес, бірінің екіншісіне байланысы шамалы бөліктер арқылы қабылдайды. Ақпарат тасқынына ұшыраған адам санасында талдау жасау қабілеті ақсай береді де, ол клиптік сана иесіне айналады. Себебі талдануы тиіс жағдайдың сипаты адам санасында ұзақ сақталмай, лезде бұлыңғырланып, келесі жаңа ақпарат оның орнын баса қояды. Әдетте, клиптік санаға душар болған адамның бір нәрсеге ой жинақтауы қиындап, ақпаратты сараптауы, сыни ойлау қабілеті нашарлай береді. Бұл тұжырым туралы ең алғаш 1962 жылы канадалық философ және әлеуметтанушы М.Маклюэнның еңбектерінде қозғалды. Оның теориясында ақпараттық дүниенің адам қабылдауына «суық» және «ыстық» хабарламалар мен қарым-қатынастың әсері бар екенін анықтаудан басталады. Атап айтсақ, «суық» қарым-қатынас арқылы автор алынған мәліметтерді толық түсіну үшін қайта ойлау, қиялдау және аяқтау механизмдерін байланыстыратын нақты ақпараттың шектеулі көлемін түсіндіреді. Ал «ыстық» коммуникация, керісінше, өз тұтынушыларына әртүрлі жарқын бөлшектермен толтырылған әлемнің тұтас бейнесін ұсынады. Бұдан бөлек, 2009 жылы Н.В.Азаренок қоғамда дау тудырған клиптік сананың адамзатқа әсері туралы мақаласын жариялайды. Клиптік сананың пайда болуына әсер еткен фактор ретінде медиаматериалдар деп санап, адамдардың мисаулығына да кесірі бар екенін анықтайды. Автор мақаласында алдыңғы отыз жылдықта адамдардың әлдеқайда кеңпейіл, әрі сабырлы болғанын жаза отырып, бейнероликтер мен медтаматериалдар кесірінен қоғам жаппай агрессияға ұшырағанын фактілер арқылы дәлелдейді.

Адам санасының ең асыл қасиеті – ойлану, ой қорыту, қабылдаған ақпараттың сараптау дейтін болсақ, клиптік сана жастардың дәл осы қабілетін шектейді. Олар шешім қабылдау, сыни ойлау, мәселенің ақ-қарасын айыру, есте сақтау, іздену сияқты құнды қасиеттерден ажырайды. Сондай-ақ клиптік сана ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу, пайдалы-пайдасызын сүзгіден өткізу, мазмұнын, мағынасын түсіну деген абзал дүниелерден ада. Үзік сана тек жаңа ақпарат тұтына бергісі келеді, сәйкесінше, жастар әлеуметтік желілерді аңдып, секунд сайын жаңалық көргісі келеді. Бұл – тәуелділік. Әрі ең өкініштісі, клиптік сана әлеуметтік желідегі контенттің аясынан шыққан ақпараттарды қабылдауға қабілетсіз. Бұдан балалар мен жасөспірімдер, тіпті ересектер әдебиет оқымайды, ғылым-ілім меңгере алмайды. Егер дәл осы үрдіс ары қарай жалғаса беретін болса, кітаптар керексіз мүлікке айналып кетуі ғажап емес. Мәселен, клиптік санаға шалдыққан мектеп оқушысы қарапайым оқу бағдарламасын қабылдай алмауы мүмкін. Себебі ойын жинақтауы, берілген тапсырмаға зейінін шоғырландыруы қиынға соғады, оқиғаның бас-аяғын, тұтас мазмұнын көре алмайды. Бұған қоса, клиптік сана басқаруға бейім келеді, сәйкесінше, жастар жарнама, алаяқтық, арандату сияқты келеңсіздікке жиі ілігіп қалуы ықтимал. Оның үстіне, жастар күніне алуан түрлі ақпарат тұтынатындықтан, түрлі эмоцияны, биполяр күйді бастан кешеді әрі күйзеліске, беймаза, сабырсыз күйге бейім бола бастайды. Осы орайда ғалымдар клиптік санаға ұшырамас үшін әдеби, классикалық кітаптар мен газет-журналдарды жиі оқып, ескі фильмдер көруді ұсынады. Сонымен қатар балалардағы клиптік сананың алдын алу үшін шығарма мен мазмұндама жазуды, әртүрлі тақырыптарда жиі пікірталастыруға кеңес береді.  

Қоғамның айықпас дертіне айналған бұл құбылыс туралы балалар мен жасөспірімдер психологы Лиза Нұрбердіқызы: «Балалар мен ересектер тамсанып көретін заманауи сериалдар, фильмдер мен мультфильмдер клиптік санаға шалдыққан көрермен үшін жасалады. Оларда көрсетілетін үзінділер әдетте бір-біріне логикалық байланыссыз болады және жиі алмасып отыратын шағын блоктарға бөлінген. Ал қазіргі БАҚ тек қысқа мәтіндерді ғана жазғанды жөн көреді, онда авторлар проблемалардың контурын ғана көрсетеді де, шешуші фактілерді қысқа қайырады. Теледидар бір-бірімен байланысы жоқ жаңалықтарды, содан кейін бір-біріне ешқандай қатысы жоқ жарнаманы ұсынады. Нәтижесінде, адам бір тақырыпты түсінбей, екінші тақырыпқа көшеді. Клиптік сана иесінің әлемі әртүрлі фактілер мен ақпарат үзінділерінің калейдоскопына айналады. Адам санасы ақпараттың үнемі өзгеруіне үйреніп, жаңаларын талап етеді. Қызықты тақырыптар мен вирустық бейнелерді іздеуге, жаңа музыка тыңдауға, жаңа фотосуреттерді өңдеуге құлшынысы артады. Клиптік санаға душар болған адам өзі ойланып, өзі шешім қабылдай алмайды. Ақпаратты растауды, оның шын не өтірігіне мән беруді білмейді. Өзінше ізденіп, оқиғаның мән-жайын білуді қаламайды да. Бұл қоғамға жабысқан дерт десек, қате айтқанымыз емес», – деп пікір білдірді.

Алайда, клиптік сананың дұрыс жағын да атап өткеніміз жөн. Біріншіден, ми үнемі күрделі ақпараттарды қабылдауға қауқарлы емес. Сондықтан кейде адамның миы мен нерв жүйесіне интеллектуалды демалыс керек. Екінші жағынан, клиптік санаға ұшыраған адам өмірдегі кездейсоқ қиындықтар мен оқиғаларға жылдам реакция білдіреді, шешімді тез табуға тырысады. Сонымен қатар әдетте клиптік санаға ұшыраған балалар бір мезетте бірнеше тапсырманы орындауға бейім болып келеді. Яғни олар бір уақытта ән немесе подкаст тыңдап, сабақ оқуы мүмкін. Бұл турасында америкалық психолог Ларри Розен: «Мен және менің қоғамым: Z ұрпақты тәрбиелеу» кітабында ғаламторға тәуелді ұрпақтың күші көп тапсырманы орындау қабілетінің жоғары болуында екенін атап көрсетеді. «Мұндай адамдар бір уақытта музыка тыңдай алады, сөйлесе алады, әлеуметтік желіге кіріп, фотосуреттерді өңдей алады және үй тапсырмасын орындап, кітап та оқи алады», – дейді. Бірақ бұл ақпараттар екпінінен туындаған қауіпті сейілте алмасы анық. Ал сіз қалай ойлайсыз? Клиптік сана қоғамға жабысқан кесел ме, әлде жаңа ұрпақтың  артықшылығы ма?

Тегтер: