Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:08

Қоғам өзгерістерге дайын

Конституция
Фото: ашық дереккөз

Республикалық референдум қарсаңында жаңа Конституция жобасының артықшылықтарын түсіндіруге арналған Жалпыұлттық коалицияның жұмысы жалғасып жатыр. Мен де оның құрамына өз еркіммен қосылдым. Өйткені менде де «Конституцияны не үшін ауыстырып жатырмыз?» деген сұрақ болды.

Осы мәселені тереңірек зерттедім, тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін тыңдадым, Конституциялық комиссияның тұжырымдарымен таныстым, құқық саласындағы мамандармен сөйлестім, содан кейін бұл реформа қажеттіліктен туып отыр деген тоқтамға келіп, соны сіздерге жеткізіп жүрмін. 

Сондай-ақ әлемдік тәжірибені де зерттеп көріп, Конституцияны өзгерту мен жалпы саяси реформалар заманауи әлемде қалыпты практика екеніне көз жеткіздім. Дүниедегі саяси реформалар белгілі бір елдерде жиі болып жатқандықтан және бірыңғай тізілім болмағандықтан, олардың нақты санын айту мүмкін емес. Алайда, тек соңғы 15 жыл ішінде елді жақсартуға бағытталған 3200-ден астам реформа тіркеліпті. Олар сайлау құқығы мен әкімшілік басқаруға дейінгі салаларды қамтыған, соның ішінде қазір біздің еліміздегі секілді маңызды тарихи жаңғырулар да болып тұрған.

Мәселен, Финляндияны алайық. БҰҰ-ның World Happiness Report баяндамасы бойынша ол сегізінші жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел деп танылды. Мұндай жетістіктің басты факторлары ретінде мемлекетке деген сенімнің, әлеуметтік қорғау қауіпсіздігінің жоғары деңгейі, тегін білім алу мен табиғатқа жақындық аталған. Ақ лалагүлдер елі жетістігінің тағы бір факторы – 1999 жылы өтіп, 2000 жылдың 1 наурызында күшіне енген конституциялық реформа. Сол кезде де қазіргі біздің Конституциямыздың жаңа жобасында көрініс тапқандай парламент рөлін күшейтуге қатысты негізгі өзгерістер болған еді. Міне, оның нәтижесі көз алдымызда.

Біздің референдумға оралсақ. Шын мәнінде республикамыз үшін тағдыршешті түзетулер көтеріліп отыр. Өзгерістер Конституцияның преамбуласында, көптеген тараулары мен баптарында бар. Ең негізгілері: адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, білім беруді, мәдениет пен адами капиталды дамыту, сондай-ақ Халық кеңесі мен бір палаталы Құрылтай секілді қоғамдық диалогтың жаңа институттарын құру. Егер қазіргі уақытқа, саяси жағдайға, жаңа әлемдік тәртіпке, экономика мен басқа да факторларға тереңірек зер салсақ, шын мәнінде мұндай өзгеріс жасауға қажеттілік бар екенін көреміз.

Мен түсіндіру жұмысы барысындағы кездесулерде адамдарға жаңа Конституция жобасын оқыдыңыздар ма деп бірнеше рет сұрап көрдім. Олардың ішінде тіпті қазіргі Конституцияны оқымағандар да көп болып шықты. Яғни адамдар өз құқықтарын толыққанды білмейді деген сөз. Мен жоспарланған референдум Қазақстан халқының Конституцияның жаңа нормаларымен танысып қана қоймай, оларды бұрынғы ережелермен салыстыруына мүмкіндік береді деген қорытындыға келдім. Біз Конституция мәтінінің 84% өзгергенін егжей-тегжейлі түсіндіруді бастап, қазіргі әлемнің жаңа сын-қатерлеріне сәйкес жаңа Ата заңның артықшылықтары мен бұрынғысының кемшіліктерін талқылағанда адамдар реформаның дұрыстығы туралы тоқтамға келді. Бұл қоғам өзгерістерге дайын дегенді білдіреді.

Рүстем ҚАЙРЫЕВ

Тегтер: