Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:08, 21 Қазан 2024

Қоғамда заң жүйесі орнамайынша, Шерзаттың қазасы қайталана береді

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Талғардағы оқиғаның табиғаты, тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Қай қоғам болмасын, жастардың қылмыстық мәдениетке жақын боп, қылмыстық топ өкілдерін романтизациялау процесі ерте кезден бар, қалыптасқан құбылыс.

 Бұл құбылыс әртүрлі мемлекетте, әртүрлі деңгейде дамыған. Бірақ өзім бұл оқиғаның басты себебі осы құбылыс деп қарастыра алмас едім. Сонымен қатар мәдени фактор ретінде қылмыстық топ өкілдерін романтизациялаумен күресу мүмкін емеске жақын дүние. Кез келген елге, оның ішінде дамыған, дамушы елдерге де ортақ құбылыс. Себебі қай қоғамда да қылмыс болады. Мектеп, балабақшадағы тәрбиеден бөлек, күрес жұмыстарымен құзырлы құқық қорғау органдары айналысқаны жөн. Ал Талғардағы Шерзаттың оқиғасы бізге одан да күрделі мәселелерді ашып берді. Атап айтсақ, қоғамдағы әділетсіздік, соның ішінде саяси әділетсіздік мәселесі. Оқиғаның негізгі себебі де осы – саяси әділетсіздік. Яғни қолында билігі мен байлығы бар жандардың заңды белінен басып, өзінің мәселесін шешуге мүмкіндік алуы – қоғамдағы жемқорлықтың айқын көрінісі. Бұл оқиға айналып келгенде құқық қорғау органдарының мардымсыз жұмысы мен жемқор жүйенің келбетін тағы бір мәрте анықтап берді. Адам өмірі құндылық саналмай, «ақшаң болса, барлық мәселені шешуге болады» деген түсініктің кесірінен екінші тараптың ештеңеден қорықпай, айуандықпен адам өлтіруіне сеп болып тұр. Бұл кінәлілердің мәдени деңгейін ғана көрсетіп қоймай, күллі қоғамдық сананың деңгейіне анық мысал болып тұр. Бұл оқиғадағы негізгі мәселе – жалпы құқық қорғау органдарының дұрыс жұмыс істемей, функциясын дұрыс атқармауы салдарынан туындаған алғашқы оқиға емес. Полиция полиция ретінде өз жұмысын дұрыс атқармайды, сот жүйесі де әділеттілік орнатпай, прокуратура заң жүйесінің орындалуын дұрыс қадағаламай, осындай оқиғалардың бола беруі заңды да. Аталмыш институттар өз функциясын дұрыс атқармай, жұмысы жолға қойылмағандықтан қоғамда құқық, мораль, норма туралы түсініктер бұрмалана береді.

Егер танысың мен ақшаң болса кез келген мәселені шешуге болады деген сенім мен «бармақ басты, көз қысты» мінез дәл осылай басқа адамдарды оп-оңай өлтіре салуға болады деген түсінікке апарады. Мысалы, тараған ақпаратқа сәйкес Шерзатты өлтірген жандардың ішінде бұрын қылмысқа тартылғандары да бар екендігі анықталған. Сәйкесінше, олар қылмыс жасауға әу бастан қатысы бар. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін білетін адамдар деуге толық негіз бар. Керек болса, кез келгенін сатып аламыз деген түсініктің артында да шіріген жүйенің жатқаны рас. Оқиғадан соң, бұл мәселені болдырмау үшін не істемек керек деген сұрақты талқыға салып, кей депутаттар тәрбиеге мән беру керек, арақ сатуға тыйым салу керек деген пікірге тоқтаған еді. Десек те, менің ойымша, бұл жай ғана мәселені басқа жаққа, басқа тақырыпқа бұрып әкету ғана. Қоғамда заң жүйесі орнамайынша, адам құқығы бірінші орынға қойылып, қүндылық саналмайынша және құқық қорғау институттары өзіне жүктелген міндетті толыққанды орындамайынша, өкінішке қарай, дәл осындай жағдайлар қайталана беретін болады. Азаматтық қоғам ретінде біз талап етілетін басты шаруа – құқық қорғау органдарының реформасы, бұл айналып келгенде саяси реформалардың жүзеге асуына кеп тіреледі. Құқық қорғау органдарының дұрыс жұмыс атқармауының бірден-бір себебі – биліктің, мемлекеттің мүддесін жүзеге асырумен айналысуы. Егер біреу оппозициялық пікірін білдіріп, митинг жасап, көшеге шықса, полиция бірден табыла кетеді де, ал қылмыс жасалып жатқан кезде полицияны таппай қаласың. Біреуді қудалау керек болса полиция кеп, аяқ-қолын байлап алып кетеді. Осындай сәйкессіздік пен әділетсіздік болған жерде Талғардағы оқиға сынды жағдайлардың жиі қайталануы заңды құбылыс.

Бір ғана оқиға, өкінішке қарай, іргелі өзгерістерге жол ашады деп ойламаймын. Бірақ «Тамшы тас теседі» демекші, құқық қорғау органдарының реформасын талап ететін қоғамдық топтың пайда болуына ықпал етеді деп үміттенемін. Себебі құқық қорғау органдарының реформалануы кеше я бүгін емес, бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Бірақ азаматтық қоғамның ресурсы аз. Белсенділер мәселені көтергенімен, жоғары жақтан нақты саяси шешім болмаса, жүйенің өзгеріске ұшырауы өте қиын. Егер сот ашық түрде өтіп, біз қылмыс туралы барлық детальдарды білетін болсақ, оңтайлы өзгерістің болуына мүмкіндік туады. Ал қылмысты жылы жауып, кінәлілер дұрыс анықталмаса, кейін аяғы созбаланып, әділ үкім шықпаса, бұл оқиғаның қандай да бір оң нәтижеге алып келуі екіталай.

Серік Бейсенбаев, әлеуметтанушы