Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:02, 26 Ақпан 2024

Қоғамдағы патерналистік көңіл-күйді қалай өзгертуге болады?

патерналистік көңіл-күй
Фото: из открытых источников

Қоғамдағы патерналистік көзқарастарды өзгерту барынша күш-жігерді, ұзақ уақытты талап етеді. Ол саяси аренада болсын, білім беруде, азаматтық қоғамды дамытуда, бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдени салаларда басты рөл атқарады. Қоғамда білім беру, хабар мен ақпарат тарату арқылы адамдарды құлақтандырып, адамдардың өзінің жеке өміріне жауапкершілік алуға, теңдік, өзін-өзі анықтау принциптерін тануға үндейтін шаралар сәт сайын өтіп тұруы қажет.

Себебі, сондай шараларға қатысу арқылы адамдар өз мансабында болсын, жеке өмірінде болсын жоғарыға өрлейді, дамиды. Бұл адамдарға пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарында азаматтық құқықтар мен міндеттер негіздерін, дербестік пен жеке жауапкершілік принциптерін оқытуды қамтитын бағдарламаларды әзірлеу және енгізу арқылы да жастардың рухын оятуға болады. Әрі қоғамға жеке бастаманың, тәуелсіздік пен таңдау еркіндігінің маңыздылығын түсінуге көмектесетін білім беретін телебағдарламаларды, радиобағдарламаларды, мақалалар мен блогтарды құру арқылы да тұтас қоғамға, кең аудиторияға әсер ете алады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы хабардар етуге, сондай-ақ патерналистік көзқарастарға қарсы тұруға бағытталған науқандарды ұйымдастыру тікелей осы патерналистік көзқарасты өзгертуге мүмкіндік береді. Жалпы біздің елімізде семинарлар мен тренингтер осы мәселелердің алдын алу үшін өтіп тұрады. Онда қоғам қайраткерлеріне, білім беру қызметкерлеріне, БАҚ өкілдеріне және басқа да негізгі тұлғаларға проблема туралы түсініктерін кеңейту және шешу жолдарын табу мақсатында таптырмайтын қадам болмақ. Қазір ақпарат заманы. Күнделікті адамдардың пайдаланатын интерактивті ресурстарында осы патерналистік көңіл күйді өзгертуге қадамдар жасау арқылы адамдардың ойын өзгертуге боладыү Адамдар өзін-өзі қамтамасыз ету, азаматтық құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат пен білім ала алатын онлайн платформалар мен қосымшаларды жасауға мемлекет тарапынан шаралар жасауға тұрарлық.

Қазақстанда патерналистік көзқарасты өзгерту мақсатында елде бұрынғымен салыстырғанда экономикалық реформалар жүзеге асуда. Кәсіпкерлікті және нарықтық экономиканы дамыту үшін жағдай жасау азаматтардың жеке жауапкершілігі мен өзін-өзі анықтауын күшейтуге көмектеседі.

Қазақстанда ұлттық деңгейде халықты жұмыспен қамту жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламалар мен жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттардың бірі – ұлттық жобалар, олардың әрқайсысының өзіндік ерекше мақсаттары мен міндеттері, соның ішінде жұмыспен қамту мәселелері бар.

«Дені сау ұлт» әрбір азаматқа сапалы және қолжетімді медициналық көмек» атты бірінші ұлттық жоба денсаулық сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құруға және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жобада жаңа жұмыс орындарын ашуға және денсаулық сақтау саласындағы мамандарға сұранысты арттыруға көмектесетін медициналық кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламалары да қарастырылған.

«Білімді ұлт» сапалы білім» – білім сапасын арттыру және адами капиталды дамытуға арналған екінші ұлттық жоба. Ол еңбек нарығына дайындалған және білікті кадрлармен қамтамасыз ету арқылы жұмыспен қамту секторына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен ғылымды дамыту үшін қолайлы инновациялық орта құру міндетін алға қойған «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын ерекше атап өткен жөн. Жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және экономиканы цифрландыру жаңа жұмыс орындарын құруға және IT және ғылыми зерттеулер саласындағы мамандарға сұраныстың артуына ықпал етеді.

Осылайша, Қазақстанның ұлттық жобалары жұмыспен қамту мәселелерін шешуде, жаңа жұмыс орындарын құруды ғана емес, сонымен қатар экономиканың әртүрлі салаларына білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындары жобаларды тиімді жүзеге асыруға және халықты жұмыспен қамту саласында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді бақылауға ықпал етеді. Мұндай бастамалар жұмыссыздықпен күресіп қана қоймай, экономиканың дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Жұмыспен қамтуды жақсарту стратегиясы аясында ЖОО мен колледждерде оқуын енді аяқтаған жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбек нарығына келген жастар көбінесе жұмыс тәжірибесінің жоқтығы проблемасына тап болады, бұл олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Осы мәселеге орай басқарма бірқатар бағдарламалар мен жобаларды ұсынып отыр. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы соңғы үш жылда оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектеріне арналған. Осы бағдарлама аясында мемлекет 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде жалақы төлеуге кепілдік береді, бұл шамамен 92 мың теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысу 12 айға дейін мүмкін, сонымен қатар жұмыс берушіде қосымша төлемдерді ұсыну мүмкіндігі бар.

«Алғашқы жұмыс» жобасы жұмыс тәжірибесі немесе білімі жоқ жастарға бағытталған. Оған қатысу 18 айға дейінгі мерзімге, сонымен қатар 30 АЕК мөлшерінде жалақымен, жұмыс берушіден қосымша төлемдер алу мүмкіндігімен жұмысқа орналасуды көздейді.

«Ұстаздық келісімшарт» жобасы жас мамандар зейнеткерлікке шығу алдында тұрған тәжірибелі жұмысшылардың орнын алуға дайындалатын инновациялық идея болып табылады. Бұл жоба ұрпақтар арасындағы тәжірибе мен білім алмасуға да ықпал етеді.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 400 АЕК-ке дейін гранттар беру жоспарлануда, бұл шамамен 1,2 млн теңгені құрайды.

Дегенмен, мемлекет жастарға арналған бағдарламалармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға да көңіл бөліп отырғанын есте ұстаған жөн. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында халықтың осы санаты үшін қысқа мерзімді оқыту, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға және субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынуға гранттар қарастырылған. Кәсіпорындарға мүгедектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыру үшін де квота белгіленді. Жастарды да, мүмкіндігі шектеулі адамдарды да жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету үшін адамдар тұрғылықты жері, мекен-жайы бойынша Жұмыспен қамту орталығына хабарласып немесе Электрондық еңбек биржасы порталын пайдалану керек. Сол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жүзеге асады.

Сонымен қатар қоғамдағы патерналистік көзқарастарды өзгертуге заңнамалық саяси шаралар, қоғамдық пікірталас арқылы, дербестікті дамыту арқылы да қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тәсілдердің үйлесімі әлеуметтік өзгерістерді құруда және патерналистік көзқарастарды азайтуда ең тиімді болуы мүмкін.

Алдымен заңнамалық және саяси шаралар алайық. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттің адамдардың жеке істеріне араласуын азайтуға бағытталған заңдар мен саясаттарды қабылдау мемлекетке тәуелділік сезімін айтарлықтай төмендетіп, жеке бастаманы ынталандыруы мүмкін.

Өзін-өзі тану мен дербестікті дамыту: Азаматтардың жеке жауапкершілігін, өзін-өзі анықтауын және өзін-өзі тануына бағытталған бағдарламаларды қолдау мемлекеттік көмектен тәуелсіздікті қалыптастыру және жеке бастаманы дамытудың негізі болып табылады. Мәдени және әлеуметтік көзқарастарды өзгерту қоғамның әртүрлі салаларынан уақыт пен күш-жігерді қажет ететінін түсіну керек.

Қоғамдағы құбылыстар мен өзгерістерлі зерттеуші, әлеуметтанушылардың пікірінше біздің қоғамындағы патернализм кеңестік дәуірден басталған. Сол тұста мемлекет халыққа гипер яғни өте үлкен, қамқорлық пен бақылау жасап отыруынан, халықтың көп бөлігі өзін-өзі тануы мен анықтау қабілетін дамытпаған. Яғни адамдар мемлекетке арқа сүйеп, көмегін күтуге дағдыланған. Сол арқылы патерналистік тәуелділік, патерналистік көзқарас қалыптасып, адамдардың болмысына еніп кеткен. Сондықтан отбасындағы үлкеннің кішіге қамқор болуы секілді, «мемлекет те халыққа көмектесуі қажет» деген қате пікірді қоғамдық санадан шығару қажет.