Қоғамдық өмірімізде, саясатта әйелдер рөлі әлдеқайда төмен
Біздің елде әйел саясатта өте белсенді деп айту қате болар. Назарбаев кетіп, Тоқаев президент болғасын «саяси партияларда әйелдер мен жастар 30 немесе 40 пайыз болуы керек» деп шарт қойды. Кейін заңға өзгеріс енді.
Сондықтан саяси партияларға, жалпы парламентке өтетін ұйымдар ішінде әйелдер 30 пайыз тым болмаса 20 пайыз болу керек еді. Меніңше, мұндай болмады. Саясатта көбіне ер адамдар жүр. Жалпы, қоғамда әлеуметтік мәселе күшейгенде, азық-түлік азайғанда ғана әйелдер бас көтеріп шығады. Оның екі мысалын айтып берейін.
Біріншісі, тәуелсіздіктен кейін әлеуметтік жағдайымыз қиындады. Халық ішерге тамақ таба алмай қалды. Сондай кезде Қазақстанда өмірге деген тірмізіктігінің арқасында шығар, әйелдер ала қап арқалап шықты ғой. Бүкіл пойыз, автобуспен әйелдеріміз ары-бері тауар тасыды. Ер азаматтар не істерін білмей қалғанда бала-шаға асырау үшін әйелдер жүрді. Тұтас 2000 жылға дейін ала қап арқалаған дәуір болды. Бұл әйелдердің мінезінің, жанкештілігінің арқасында қазақ отбасының көбі сақталды, күнін көрді.
Екіншісі, 2017 жылы Астанада 5 сәби өртеніп кетті. Сол кезде алғаш айқайлап шыққан әйелдер. Негізі Қазақстанда 5 сәби қай уақытта өлмей жатыр. Бірақ Астанадағы өртеніп кеткен отбасы тұрмысының төмендігі қоғамның ерекше назарын аударды. Мен бұл әйелдер бас көтеруін уақытша құбылыс деп ойлағанмын. Бірақ уақытша құбылыс болмады, әйелдер талап қойды. Айқайлап көшеге шыққан кезде өкімет не істерін білмей қалды. Ақыраяғында олар Ақорданың алдына барды. Барып қана қоймай, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты да өздерімен бірге автобусқа мінгізіп алып кетті. Жалпы қарсылық акциясына шыққан адамдармен бірге министрдің автобусқа мініп кеткен кезі болған емес. Митингке шыққандардың бұтын бұт, қолын қол етіп, автобусқа лақтырып жібереді. Ал әйелдерге үкімет не істерін білмеді. Өйткені ол әйел, артында мыңдаған еркек тұр. Қаншама әйелдер көшеге шыққанда шетінен қамай беруге биліктің дәті жетпеді, қорықты. Билік әйелдерді қатты жек көрді, алдады, неше түрлі уәде берді. Бірақ әйелдер әр балаға әлеуметтік көмек бөлдіру талабын орындата білді. Бұрын да әлеуметтік көмек берілетін еді. Бірақ тиын ғана болатын. Мен әйелдердің осы талабын орындата алғанына таңғалдым. Негізінен халықтың талабы бізде дерлік орындалмайды ғой. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет билік халықтың шартына көнді. Соның арқасында 4 немесе одан көп баласы бар ата-аналар әр баласына 10-11 мың теңге берді. Бұл – біздің биліктің қорыққандығынан ғана сыйлайтынының белгісі. Қорыққаны сонша, әйелдерге ештеңе істей алмады. Қазақстан тарихында жалғыз талабы орындалған акция – «Көпбалалы әйелдер қозғалысы». Бірақ бұл бір күнде емес, 2017 жылы басталып, 2019 жылы аяқталды. Сөйтіп әйелдер екі үлкен істі орындады.
Жалпы айтқанда, әлеуметтік дүмпулерде әйел белсенділігі болғанымен, біздің қоғамдық-саяси өмірде әйел рөлі жоққа тән. Қарап отырсаң, еңбек, денсаулық сақтау министрлері ғана әйел болады. Бұл біздегі «сен шай қоясың, мен тамақ ішемін» деп, әйелдерге орын бөліп қойған сияқтының көрінісі. Бұл жерде әйелдерге «еңбек министрлігі саған болады» деген сияқты көзқарасты білдіреді. Мысалы, әйелден шыққан премьер болған жоқ. Сондықтан қоғамдық өмірімізде, саяси, басқару биілікте әйелдер рөлі әлдеқайда төмен. Біз қазақ әйелі, анау-мынау деп мақтанып айтқанымызбен, әйелге деген көзқарас бізде әлі де төмендеу. Оны мойындау керек.
Асылхан Мамашұлы