Қоғамның әділетсіздігіне көп тап болған халық кітап оқымайды

Кітап оқу мәдениеті деген – адам жанының рухани азықтануға тұрақты түрдегі құштарлығы дер едім. Осы тұрақты түрдегі құштарлық болғанда, кітап оқудың тәртібі де, әдебі де, бәрі де қалыптасады. Тәртіпсіз мәдениет жоқ.
Меніңше кітап оқу насихатпен келмейді, белгілі деңгейде кітап оқушылардың санын насихаттау арқылы көбейтуге болатын шығар, бірақ біз ойлаған деңгейге насихаттау жолымен жету қиын. Қазір заманның форматы басқа. Өткен ғасырларда кітаптан басқа дүние туралы орнықты, сенімді, жүйелі ақпарат алатын құрал болмады, ал қазір оның көздері көп, сондықтан кітап оқудың жаңа форматын, әдістерін іздестіру керек. Кітап оқу күнін белгілеу, басқа да шаралар меніңше көп нәтиже бермейді, бірақ ықпалы болады, әрине. Белгілі бір бастамаға сын айтқан соң, әрине, оған өз тарапыңнан шешім де ұсыну қажет. Кітап оқудың, оның ішінде көркем әдебиет оқудың мынадай бір жолын ұсынар едім. Ол кітап оқу мәнері қалыптасқан, жағымды дикторларды тәрбиелеу керек те, соларға көркем әдебиетті жанына, жүрегіне жететіндей етіп оқытып, электронды форматта әзірлеу қажет, оны интернет желісінде тарату керек, сонда инстаграм, фейсбук, басқа да әлеуметтік желіден қысқа видеоларды көретін жастар оны көбірек оқитын болады. Өлең мәтіндерін арнайы клип түрінде түсіріп, соны жастарға ұсыну керек. Менің ойымша, мұның нәтижесі қағаз кітапты оқудан әлдеқайда көп болады. Сосын біз «кітап оқу» деп нені айтамыз, соны нақтылау қажет. Кітап оқу деген көркем әдебиет оқу ма? Әлде өмірге, тіршілікке, ғылымға керек кітаптарды да оқу ма? Кейбір адамдар «кітап оқу» деп көркем әдебиет оқумен шатастыратын сияқты. Ал ғылыми әдебиеттер мен өзге де кітаптарды адамдар қажетіне қарай оқып жүр.
Кітап оқитын ұлт – гуманист ұлт, тұрмыстың қамы санасын жеңген, қоғамның әділетсіздігіне көп тап болған халық кітап оқымайды. Өйткені олар әділет пен тұрмыстың қамын кітаптан іздемейді. Сондықтан біз халқымызды, ұлтымызды кітап оқитын ұлт ету үшін ауруды әуел бастан, түп-тамырдан емдеуіміз керек, яғни қоғамды ізгілікке, әдепке, әділдікке тәрбиелеу керек, олар адам баласының бұл құндылықтары кітапта ғана емес, өмірде бар екенін сезіну, көзімен көруі керек, сонда сол дағдыны ұстанатын болады. Руханияты жұтаң, құндылықты материалдық байлықпен өлшейтін адам ешқашан кітап оқымайды.
Кітап беретін тәрбиені ешбір мектеп, ата-ана бере алмайды. Кітап оқу деген – дүниетанымыңның кеңеюі мен адами қасиеттеріңнің оянуы, біліміңнің артуы сияқты белгілермен көрінеді. Кітап оқымайтын адамның жан дүниесі таяз, сезімін кір шалған, адами қасиеттерін мүк басқан болады, бұл сөйлесе келгенде бірден көрініп тұрады. Олардың бірінші белгісі, тарихи тұлғаларды, әсіресе адамзат руханияты тарихындағы ойшылдар мен ұлы ғалымдардың атын да білмейді; екінші, дүние тарихы мен өз елінің, ұлтының тарихын мүлде білмейді, тек бүгінгі қоғаммен ғана өмір сүреді; үшінші, оның сөзсаптауы, өз ойын ауызша немесе жазбаша жеткізу деңгейі өте төмен болады, тек тұрмыстық лексика мен қоғамда көп қолданылатын ұғымдардың атауын ғана пайдаланады. Бұдан басқа белгілері де көп, негізгілері осы.
Бізде оқуды диплом алумен шатастыратындар да бар, мұның себебін оқу бағдарламасы мен қазіргі білім берудің жүйесінен деп білемін. Өйткені оқу бағдарламасының соңғы нәтижесі – диплом берумен аяқталады. Бұл әлемде кез келген салада солай. Осы дүрмектің ішінде білімділер де, білімсіздер де араласып жүреді. Бірақ жаратылыстың заңы әділ, ол адам жүйесіне көне бермейді, өйткені қай жерде даму болса, сол жерде бәрібір диплом алғандар емес, шын білімділер болады, солардың қолымен тарих жасалады. Ал білімнің деңгейін дипломмен өлшеу – білімге деген құштарлық пен адамзат болашағын содан ғана іздеу сенімін әлсіретеді. Адамдар білім ғана – адамзат қоғамындағы барлық түйткілді шешетін құрал екеніне сенімі азаяды. Бұл қоғамда өтірік пен қателіктерді көбейтіп, қоғамның орнықтылығы мен адами құндылықтардың бұзылуына соқтырады. Сондықтан қоғамды тәрбиелеуді білімділерге құрмет көрсетуден бастау керек сияқты.
Ермұхамет Маралбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ахметтану бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор