Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 25 Қаңтар 2024

Қоғамның құты байлар болған

Есбол Нұрахмет
Фото: Есбол Нұрахмет

Бұрынғы қазақ қоғамында байлардың рөлі ерекше болды. Әр ауылда бірден үлкен бай болды да, оның барша байлығы сол ауылдың қазынасы ретінде жүрді.

 Байдың малын баққан жалшы, қосшылардың баршасының ішіп-жемі, той-томалақ, өлім-жітім шығыны, кейінгі кезде бала оқыту, алыс қалаларға жол жүру, қажылық деген секілді шығындардың барлығы да байдың қазынасынан алынатын болған. Былайша айтқанда, бай тұтас қазақ даласының экономикасының негізі болатын. Олардың байлыққа жету жолы да ең әуелі еңбек пен ақылдың арқасында жүзеге асты. Әкеден қалған еншіні өсіріп, өркендете алғаны байыды, ұстай алмағаны шашып тынып, байыған туысының малын бақты.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақтың ірі байларының біршамасы ескі мал шаруашылығын жаңа өндірістерге айналдыра бастады. Олар заман ағымына қарай әрекет етті. Мектеп ашып, бала оқытқан Шорман әулеті, соның ішінде аға сұлтан болған Мұса, оның ұлы Сәдуақас Баянауыл өңірінен болашақта қаншама ғалымдардың шығуына себепші болды. Жетісуда Маман байдың әулеті тұтас қала салды, мектеп ашып, қыздар сыныбына дейін ашты. Семейде Қаражан Үкібаев алғаш телефон аппаратын әкеп орнатты, Ақмолада Құрманғали Қосшығұлов алғаш боп қазақ даласына автомобиль әкелді. Балқашқа алғаш кеме жүргізген Бижанның Хасені деген тұлға болды. Зайсанның ескі ғимараттарының тең жартысына жуығын салдырған Бидахмет Бобкин деген керемет бай өтті. Бұлар тек өз байлықтарын молайту үшін ғана әрекет жасаған жоқ, саяси, әлеуметтік салаларда өз ұстанымдары болды. Алашорданы қолдап, алаш жасағын құруға қаржылай жәрдем беріп, беделін салып, көмек көрсетті. Олардың ішкі ниетінде ел оңалса, ел жақсы болса деді, ел жақсы болса өздері де, ұрпағы да жақсы өмір сүретінін түсінді. Яғни бұлардың мүддесі елмен бірге болды, олар қалыптасып келе жатқан ұлттық буржуазияның басы еді. Большевиктер 1928 жылы алдымен байлардың көзін құртты. Олардың әулеттері қуғын-сүргінде жүріп басынан кешкен тағдырды естісеңіз, жүрегіңіз тілім-тілім болады. Сол арқылы қазақтың экономикалық тұғырын құлатты, алашты сүйенішінен айырды, аштық та, қырғын да содан кейін басталды.

Қазақта «құт» деген сөз бар, оның ішіне «бақыт, байлық, теңдік, бейбітшілік, тірлік» деп келетін жақсы ұғымның бәрі сыйып тұр. Осы «құт» сөзін еліне игілік жасаған, елін асыраған ірі байларға қаратып та айтатын болған, соның бір мысалы «Маман құт». Осыларға қарап «бай қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап тауып, үлгі етуге болады.

Ал қазіргі байлардың көбі тоқсаныншы жылдардағы бір мүмкіндік кезінде қарманып үлгерді, бірі оң жолмен, бірі теріс жолмен байыды. Байыған қазақтардың өзі кейінгі 20 жылдықта Назарбаев әулетінің қатаң сүзгісінен өтіп, іріктелді. Сол жолда талан-таражға түсіп қалғандары да жетерлік. Сондықтан бүгінгі байлардың бәрі бұрынғы қазақ байлары секілді деп қарауға келмейді. Әрине, бәрінің ниеті қисық, тек өзін ғана ойлайды десек те қателесеміз. Біздің елде дұрыс ниетті адамның ісі оңға баспайды, өйткені қоғам ластыққа толы, әділет жоқ. Біздің елде әділеттің барлығынан гөрі жоқтығы біраз адамға үміт сыйлайды. Сондықтан жалпы жұрттың көбіне әділеттің болмағаны ыңғайлы, сөйтіп бәрі әділетсіздікті қорғайды. Ізгілікті ойлаған бір адамды шалып құлатуға дайын мың адам бар, сондықтан қазіргі кездегі байлардан бұрынғы дархандықты, адамгершілікті күтудің өзі орынсыз. «Заманына қарай адамы» деген сол. Елдің көпшілігінде жақсы ниет болып, қоғамда әділет өркендесе, байлар да көпшіл, елшіл болады. Біздің елдегі адамдардың көбі осы елден басқа елде өмір сүріп, ақша таба алмайтын болған соң ғана амалсыз осы елде жүр, елдің тең жартысы өзі ойлаған мол байлыққа қолы жеткен күні шетел асып кеткісі келетіндер деп ойлаймын. Шетел асуды ойламайтындардың өзі аса алмайтынын білген соң ғана ойламай жүр, мүмкіндік берсе, ешкім аянып қалғысы жоқ (дәлел-дерексіз сөйлеп отырғандаймын, алайда күнделікті өмір осыны аңғартып тұрады, келіспеуге қақыңыз бар). Бұның басты себебі – қоғамдық сана қалыптаспаған. Бір ел – өзімізді бір организм ретінде сезіне алмаймыз. Кеуде керіп ізгілік жолына түссең, екінші біреудің қолдай кетеріне сенім жоқ, әркім өз басына тартады. Әр азамат «осы елмен жаным бірге» деген күні барлық ізгілік біздің елде болады. Нағыз құтты қоғам болады. Ал оны қалыптастырудың тетігі биліктің қолында бар.

Есбол Нұрахмет, жазушы