Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 12 Желтоқсан 2023

Көгілдір отынмен қамту ісі қарқынды жүргізілуде

Степногорск
Фото: из открытых источников

Жақында ғана Жетісу облысы Мұсабек ауылының тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Аталған ауылда 1800-ден астам халық тұрып жатыр. Бұл – Көксу ауданында газ құбыры тартылған сегізінші ауыл деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 миллион 827 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction Invest» ЖШС жүргізді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы жоғары қысымды, 31,2 шақырымы төменгі қысымды. Тағы да 4 шкафтық типтегі газ тарату стансасы орнатылды.

Көгілдір отынды көптен бері күткен ауыл тұрғындары да дән риза. Ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Алтыншаш Мұташева былай дейді:

– Бұрыннан осы ауылдың тұрғынымын. Мұнда 1969 жылдан бері тұрамын. Алты балам бар. Жылқы бақтық, қой бақтық, ұзақ жыл малда болдық. Ауылға түбегейлі тұрақтағанымызға он жылдай болды. Қазір жасым 73-те. От жағып, күл шығарған оңай емес. Газ келгенінен қуанып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарында ер азаматтар күннің ыстығына да, суығына да қарамай жұмыс істеді. Үйіме газдың нүктесін, есептегіш құралын мердігер компания тегін орнатып берді. Азаматтардың бәріне де көп рақмет айтамын, – деді көпбалалы ана.

Көксу ауданында бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыры, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан астам абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, соның 2700-ден астамы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жоспар бойынша келесі жылдың соңына дейін қалған 12 ауыл газға толық қосылып бітуі тиіс.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100 пайызға жетеді немесе 192 елді мекен қамтылады.

Ал жалпы Жетісу облысында газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қоса алғанда 298 мың адам газға қол жеткізген. Соның ішінде 16 ауыл облыс құрылғаннан кейін газдандырылған. Ал жыл соңына дейін тағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады.

       Балауса Ділдәбек