Көк паспорт көп ақша тапқанша ғана керек пе?
Жақында дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах Қазақстан азаматтығынан бас тартып, өз елі – Моңғолияның паспортын қайта алуға өтініш бергені белгілі болды.
Галбадрах 2015 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсетіп, әлемдік жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған. Ең үлкен жетістігі – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдесі.
Ол 2021 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін үлкен спортпен қоштасып, туған жері Моңғолияға қайтқан. Ұланбатыр қаласында Winner judo sport club клубын ашып, жас дзюдошыларды жаттықтырып жүр.
Галбадрахтың Қазақстан азаматтығынан бас тартқанын әлеуметтік желідегі жұрт қызу талқылап жатыр. Өйткені қазақ спортында легионер және натурализация мәселесі өте өткір тақырыптардың бірі. Ел спортының болашағын емес, көз алдағы жеңісті ғана ойлайтын шенділер шетел спортшысына көк паспорт беріп, жарысқа қосады. Сол спортшы жарыста жүлде алған күннің өзінде біздің спортқа тигізер пайдасы аз. Әрі кетсе жауапты шенеунік мақтау алып, қызметі өседі.
Ең сорақысы – аттай қалап алдырған «жаңа қазақ» бірнеше жыл көк тудың астында өнер көрсетіп, мол сыйақы мен құрмет-қошеметке тойған соң өз еліне тайып тұрады. Оған артылған үміт, жұмсалған қаржы құмға құйған судай жоқ болады. Шетелден спортшы әкеліп, оның жеңісіне мастанып, марапат алған шенді легионер еліне қайтып кеткені үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды.
Кей жұрт қазақтың Галбадрахқа өкпесі жоқ, алған ақшасын ақтады, сан турнирде топ жарып, елдің әнұранын шырқатты деп жатыр. Бірақ үкілеп үміт артып, қандастарымызға қимайтын азаматтықты беріп, төбемізге көтеріп отырған спортшыдан күтеріміз әлі көп болатын. Мансабын аяқтаған соң да елде қалып, Ұланбатырда ашқан спорт клубын бізде ашып, жаттықтырушы болып жүрсе, үміттің ақталғаны сол болар ма еді?..
«Жаңа қазақтардың» тең жартысы өз еліне қайтып кеткен
Былтыр ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласына тексеру жүргізіп, біршама былықтың бетін ашты.
«Жоғары жетістіктер спортында шетелдік спортшылардың натурализация процесі қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алған, 60 пайыздан астамы, яғни 79-ы кейін туған жеріне оралды», – деп мәлімдеді антикор.
Осы есептің өзі шетелден шақырған шеберлер қазақ спорты үшін «қасық қаны қалғанша» күреспейтінін көрсетіп отыр. Оның үстіне, бұл – олимпиадалық спорт түрлерінің есебі ғана. Бұған футбол, баскетбол, хоккей сияқты шетелдік ойыншыларды сатып алу тәжірибесі кеңінен жалпыласқан командалық спорт түрлері енбеген. Шындап келгенде, футбол мен хоккейдің өзінде Қазақстан азаматтығын алып, кейін «лақтырып» кеткен спортшылар саны жүзден асатын шығар.
Мысалы, 2023 жылы 12-28 мамыр аралығында Рига (Латвия) мен Тампереде (Финляндия) өткен шайбалы хоккейден әлем чемпионатына Ресей және Беларусь ойыншылары қатыспайды деген шешім шыққан. Сол кезде Қазақстан құрамасы сапында ойнап жүрген Дмитрий Шевченко, Павел Акользин, Егор Петухов, Антон Сагадеев, Алексей Маклюков қатарлы хоккейшілер құрамадан кетеміз деп шықты. Олар Қазақстан азаматтығын уақытша алған екен, тіпті Ресей азаматтығынан бас тартпапты.
Мұндай жағдай футболда да жетіп артылады. Тіпті бір кездері құрамада Ресейдің екінші-үшінші спортты футболшыларын ойнату сәнге айналған. 2010 жылы ресейлік БАҚ Қазақстан тарапы Алексей Попов пен Казбек Гетериев Ресей азаматтығын көк паспортқа ауыстырғаны үшін әрқайсысына 300 мың доллар төледі деген ақпарат таратты. Бірақ бұл екеуі құрамада жарытып өнер көрсеткен жоқ, деңгейі ортадан төмен ойыншылар болатын. 2018-2019 жылдары Ненад Эрич (Сербия) пен Евгений Постников (Ресей) Қазақстан құрамасында бірнеше матч өткізіп, кейін өз еліне қайтып кетті.
Қазақстанда туып-өскен Андрей Карпович деген футболшы бар. Ұлттық құрамада ойнаған, кейін құрамаға уақытша бас бапкер де болды. Сол Карповичті 2022 жылы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы бірде ресейлік, бірде қазақстандық деп тіркеп жүрді. Соған қарағанда жерлесіміз футболшы мансабын аяқтаған соң Ресей асып, кейін біздің елден бапкерлік жұмыс табылғанда қайта қайтып келген сияқты.
Легионерлерден не пайда бар?
Жоғарыда олимпиадалық спорт түрлері бойынша 126 шетелдік спортшы Қазақстан атынан өнер көрсеткенін айттық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 8 жазғы және 8 қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, 87 медаль (79-ы жазғы, 8-і қысқы Олимпиадада) жеңіп алған. Соның 16-сын ғана шетелдік шеберлеріміз алып беріпті. Енді салыстырып көріңіз, 126 спортшы – 16 жүлде. Аз ба, көп пе?..
2024 жылы жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан қатысқан 80 спортшының 11-і натурализацияланған легионерлер болатын. Оның көбі – теннисшілер және Кениядан келген екі жеңіл атлет бар. Бірақ олардың ешбірі жүлдеге іліге алған жоқ, тіпті бәрі өте нашар өнер көрсетті. Желаяқ Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемейді қою шаң арасынан ғана көрдік.
Ал теннисші Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина денсаулық жайын сылтауратып, дүбірлі додаға қатыспай қойды. Ал Александр Бублик, Александр Шевченко, Александр Недовесов сияқты «жаңа қазақтар» бірінші айналымнан аса алмады.
Легионерлеріміз 2012 жылғы Олимпиада ойындарында ең көп олжа салды. Лондонда Қазақстан атынан өнер көрсеткен 114 спортшының 18-і «жаңа қазақтар» болатын. Олар 3 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, ауыр атлеттер Майя Манеза (Қырғызстан), Зүлфия Чиншанло (Қытай) және Светлана Подобедова (Ресей) алтын медаль алса, балуандар Даниял Гаджиев (Ресей) мен Гузель Манюрова (Ресей) қола медальға қол жеткізді. Бірақ кейін допинг дауына байланысты зілтеміршілер алтын медальдерінен айырылды.
Легионерлер – азаматтығын ауыстырмай, қазақстандық клубтарда ойнайтын шетелдік спортшылар. Натурализация – өз азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын қабылдайды. Кейбір елде спортшыларға бірнеше азаматтық алуға рұқсат берген, бірақ Қазақстанда кез келген азаматқа қос азаматтыққа тыйым салынған.
Біз бүгін кәсіпқой спорттағы легионерлерді емес, олимпиадалық және командалық спорт түрлеріндегі натурализация мәселесі жайлы айтып отырмыз. Иә, мәжілісте мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар легионерлерді қаржыландырмайтын заң жобасы қаралып жатыр. Бірақ бұл заң кәсіпқой клубтардағы қаптаған легионерлер проблемасын қалай шешетіні қазірше белгісіз. Біздің ойымызша, легионерлерден бұрын натурализацияға тыйым сала алсақ, соның өзі зор жеңіс болғалы тұр.
Былтыр қыркүйекте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорттағы натурализацияға шектеу қойылатынын хабарлаған. Оның айтуынша, шетелдік спортшы елге өз бетімен келіп, азаматтық алып, ел чемпионатында мықтылығын дәлелдеп жатса, көк ту астында өнер көрсетуіне ешкім тосқауыл қоймады.
«Өз спортшыларымызға басымдық береміз. Париж Олимпиадасы бәрін көрсетіп отыр. Сондықтан сырт елден тек ғылыми бағыттарды, арнайы спорт түрлеріне кеңесші мамандарды әкелуіміз мүмкін. Бірақ арнайы барып, спортшыны әкелу болмайды. Кей спортшылар өзі Қазақстан азаматтығын алып, ел ішіндегі жарыстарға қатысуы мүмкін. Оларға тосқауыл қоя алмаймыз. Бірақ нақты тапсырма бар – арнайы барып, спортшыны әкелуге болмайды. Жылдам жеңістермен өзімізді алдаудың қажеті жоқ», – деді Ербол Мырзабосынов.
Олимпиада ойындарында Қазақстанға легионерлер 16 жүлде алып бергенін айттық. Оның басым көбін балуандар (10 медаль) мен ауыр атлеттер (4 медаль) алған. Осы спортшылардың көбі кейін өз еліне оралды. Мысалы, 2008 жылы Бейжіңде алтын медаль алған (әу баста күміс болған) зілтемірші Алла Важенина кейін қайта Ресей азаматы атанған. Ал Геннадий Лалиев, Марид Муталимов, Даниял Гаджиев, Таймураз Тагиев, Нурислам Санаев сияқты экс-ресейлік балуандар да өз елінен қол үзген жоқ. Шетелдік Олимпиада жүлдегерлерінің басым көбі мансабын аяқтаған соң қазақ спортынан алыстап кетеді, олардың қайда жүргенін көп ешкім білмейді.
Қуан Өмірхан