Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 25 Қазан 2024

«Көкектің ұясы» – біз өмір сүретін қарапайым әлемнің макеті

Кен Кизи
Фото: dzen.ru

«Бұл құлыптаулы, тар қапастың ішіне көпшіліктің пікірінше ақыл-есінен айырылған жандар қамалған. Қоғам оларды есі сау адамдардан оқшаулап отыр. Себебі оларды өзінен бір саты төмен деп есептейді. Ал есіктің арғы жағында адамдардың басы алынып, балалар зорланып, қан көл болып төгіліп, соғыс жүріп жатыр. Осының бәрі ақыл-есі мен психикасы сау деп есептелетіндердің әрекетінің нәтижесі...» Милош Форман «Гойи елестері»

Ойлау өлшемі басқа адамдар қашан да қоғамға, анығында, билікке ұнаған емес. Оларды ерекше санағаннан гөрі, «кем» етіп көрсеткен кім-кімге де ыңғайлы болса керек. Кешегі өткен көп тұлғаның ғұмыры осының айғағы. Америкалық жазушы Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романының қаузаған тақырыбы да – осы, қоғамдағы кез келген жүйеге бас көтеру, бағынбау, өз хақыңды қорғау. «Көкектің ұясы» ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары жарық көрген бойда оқырмандар арасында үлкен резонанс тудырған шығармалардың біріне айналып үлгерді. Күні бүгінге дейін әлемдік классикадағы ең жақсы психологиялық роман саналатын Кизидің аталмыш шығармасы турасында тартысты пікірлер әлі де тоқтаған емес. Мұны негізінен әлем романды жазушының қиялынан туған шығарма деп танып келді. Оқиғаның өмірден алынғаны жайлы алыпқашпа әңгімелер айтылғанымен, автор өзі көзі тірісінде бұл ақпаратты растамаған екен. Бірақ 2001 жылы жазушы дүниеден өткен соң оның әйелі Фей Кизи күйеуінің күнделіктерін жарыққа шығарды. Жазушының жазбасынан 1960 жылы Станфордта оқып жүрген жылдарында Пол-Альтодағы психиатрлық ауруханада медбикенің көмекшісі болып жұмыс істегенін, сол ауруханадағы сырқаттар мен бас медбикенің арасындағы оқиғаларды роман сюжетіне арқау еткенін білдік. Кен Кизи аурухана тұрғындарымен жиі сөйлесіп, бірте-бірте олардың аурулары ойдан шығарылған деген қорытындыға келеді, яки қоғам ойлау жүйесі мен мінез-құлқы өзіне ұқсамайтын кез келген жанның пікірін жоққа шығарып, патология деп ат қойып, айдар тағатынын алға тартады. Шығарма кейіпкерлерінің біразы өмірден алынғаны, тіпті оқиғаға қатысты адамдардың көзі тірі екені де анықталды. Осы тұста шығарманың шынайы оқиғаға негізделіп жазылуы да кітап құндылығын арттыра түссе керек. Бүгінде роман әлемнің отыздан астам тіліне аударылып, дарынды режиссер Милош Форманның режиссурасымен фильм желісіне арқау болған. Тіпті аталмыш фильм «Оскар» жүлдесінің бес номинациясын жеңіп алған.

Хош, роман бүгінде әлемдік классикада ойып тұрып орын алған туындылардың бірі де, бірегейі. Кизидің бұл романының құдіреті де – осы, оқырманын Орегондағы әлгі шығармаға арқау болған психиатрлық емханаға жетелеп апарып, барлық оқиғаны өз көзімен көргендей әсерге бөлейді. Романда сипатталатын кеңістік – психикалық ауруға ұшырағандардың үйі, біздің қоғамға түсірілген проекция тәрізді. Оқырманның алғаш назарын аударатын романның атауы да ешқашан ұя салмайтын көкек құсымен байланысты болуы тегін емес. Романның ағылшын тіліндегі «One Flew Over the Cuckoo's Nest» атауын қазақ тіліне «Көкек ұясының үстінде ұшып жүрген әлдебіреу» деп тікелей тәржімаласақ та болады. Осы тұста, ағылшындарда «Көкек ұясы» тіркесінің тағы бір мағынасы «жындыхана» екенін де ескергеніміз жөн. Оқиға өтетін кеңістік, яғни психиатриялық аурухана кәдімгі өмірге, кез келген орта, қауым, қоғамға анология. Шығарманы алғаш парақтағанда санамда қылаң еткен кермек ой осы болды. «Көкек ұясы» тұрғындарының ақылы алжасқан ресми атағы ғана болмаса, кейіпкерлер болмысынан тура өзіміздің қоғамды кездестіріп қалуға болады. Оқиға көңілсіз әрі сұрғылт, әр күн сайын бір көрініс қайталанатын күңгірт аурасы бар емханаға жаңа емделуші қызылбас Рэндл Макмерфидің кіріп келуімен басталған. Қызылбас Макмерфи – өткен ғасыр басында Америка әдебиетінде жасалған таңдаулы кейіпкер, кесек образ. Оның сарказмы мен юморы, адамдарды тануы, мәселенің мәйегін дөп тауып қана қоймай, оны шешу үшін тырбанып, тыраштануы өзгелер сызып қойған шекараны бұзуға талпынысы мен бүлігі оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Қорықпастан өз ойын ашық, батыл айтып, күлуді ұмытқан «халықты» еркіндікке шақыруы кешегі билікке жақпай қуғындалып кеткендерді еріксіз еске түсіреді. Макмерфи емхананың табалдырығынан аттаған сәттен бастап басшылыққа, анығында, мыстан медбикеге жақпады. Оқиға барысында емдеу жүйесіне (билікке) қарсы шығатын Макмерфиді дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер дөрекі әрі бүлікшіл деп таниды. Ол емханада шерменде өмір кешкен жандарға «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейтін қағиданың шындығын ашып берді. Шығармада:

«…Осы жерге келгелі еститінім – шағым, тек қана шағым. Бас медбикеге, дәрігерге, қызметшілерге, ауруханаға қатысты айтылатын таусылмас шағым… бірақ ешкім кінәні өзінен іздемейді. Сканлон емханамызды бомбалағысы келді, Сефелт болса, ұстамаға қарсы дәріні күстаналайды. Фредриксон даудың күрмеуін таппай, әйелін жазықты санайды. Менің ойымша, кінәліні сырттан емес, ішімізден іздеу керек! Барлығымыз бас медбикені жүйкесі жұқарған жүрексіз қақпас деп сөгеміз. Бүкіл бақытсыздығымыздың кесірі сонда жатыр деп ұғамыз. Бірақ өзімізге үңілмейміз. Өзімізге жүктелген жауапкершілікті сол кемпірге артамыз. Бұдан ол мыстанның ештеңесі де кетпейді және жағдайымыз да өзгермейді….» дейді.

Бұл жолда Макмерфи құрбан болып кеткенімен, оның азаттыққа деген сүйіспеншілігі басқалардың сана-сезіміне айтарлықтай қозғау салды. Шын мәнінде, Қызылбас бүлікші емес, бар болғаны өз кеудесін бастырмауға, өзін қорғауға ұмтылған адам еді. Қоғам сызып берген шекараларға сыймай, талапқа көнбегендіктен «Көкектің ұясына» қамайды. Қай қоғам болсын, өзіне қарсы адамдардан құтылудың ұтымды тәсілі – оған «жынды» атағын іле қою. Қызылбас та сол, талапқа қарсы болғандарды психиатрлық ауруханаға тоғытып құтылу әдісінің құрбаны. Оның әр әрекеті «көкек ұясының» байырғы тұрғындарының сауалына жауап берді. Қорқыныш күйінде адамдық танымды жоғалтпай қалай сақтауға болады, құлап жатқан жеріңнен өзіңе дем беріп, қалай көтерілген жөн, өзіңді сүюге деген күшті қайдан аласың, өз өміріңді уысыңнан шығарып алуға кім кінәлі деген сұрақтардың жауабын білу үшін «Көкектің ұясын» парақтаңыз.

Макмерфиден бөлек, романда сан қырлы кейіпкерлер көп-ақ. Сол биліктің ығына әбден жығылып, дегеніне көнетін қоғам – емделушілер бар. Жындыхана дегеніміз – біз өмір сүретін қарапайым кішкентай әлемнің макеті. Біз тек кімнің қай образды сомдап жүргенін ұқпаймыз. Бәріміз бір жүйе, бір шеңберде өмір сүреміз. Ал қоғамның ең нашар әдеті – көнбістік емес, рухани енжарлық болса керек. Яғни немқұрайлылық пен немкеттіліктен туған көнбістік пен енжарлық. Өзі-өзіне жұтылып, өз ішіне өзі еніп кетуі. Өз сөзін өзі айта алмай, өзгерістен қорқуы. Дауысын шығармауы, көз жасын көрсетпеуі. Шығармадағы оқиғаны баяндайтын үндіс көсемі Бромденнің қоғамнан, мәселелерден өзін алшақ ұстап «бәрібірге» салынуы, сен тимесең, мен тиме деп сырттай бақылауы – қазір екінің бірі ұстанатын өмір сүру салты. Оқиға да дәл осы үндіс Бромденнің атынан баяндалады, күллі дүниені сіз үндіс көсемінің танымы арқылы танисыз. Үндіс тілі мен ділі, бары мен нары жоғалған ұлттың өкілі. Талай азап пен айуандықтан соң, абзалы ести тұра естімеу, тіл қатпау, ой бөліспеу деп шешкен Бромденді бұл әрекеті үшін оны жазғыра да алмайсың. Әсілінде, көнбістік пен бұйығылық барын жоғалтқан жанның шарасыздығынан туса керек. Сол қоғамда ушығып тұрған нәсілдік алалау мен қысымнан қорғанды үндіс көсемі жындыхана қабырғасынан табамын деп ойлайды. Бромден мейлінше күрделі образ, ақылы түзу, есі дұрыс болғанымен, қоян тәрізді қорқақ. Саңырау әрі мылқау кейіпте жүретін оның да бір басына жетіп артылатын «жыры» бар. Америка өкіметінің үндістерге көрсеткен басқыншылығынан психологиялық жарақат алған. Оған қоса, қанындағы қос таным: әкесі үндіс, анасы ақ нәсілді болуының салдарынан санасы да екі түрлі түсініктің тайталасында дамыған. Романның бір тұсында:

«Мұнан соң ешкім жоқ кезде дәретханаға кіріп, ондағы айнадан өзіме қарадым. Айнадағы бейнеме үңіліп, өзімді өзім қалағандай қалай басқарамын деп ойландым. Айна менің қоңыр-бозғылт бет терімді, шықшытты кең бет сүйектерімді, адырайған тамырларымды одан әрмен әйгілеп көрсетеді. Қара көздерім әкемнен келген, сондықтан барлық үндіс еркегінің көзіндей өткір және мейірімсіз. Бұл менің бетім емес деп ойладым. Себебі мен өзім қаламаған өмірді сүрудемін. Қазіргі жағдайым табиғатыма мүлде қарама-қайшы. Сондықтан бұл менің түрім емес. Таңдауын жоғалтып алған басқа біреудің түрі. Мен осы уақытқа дейін өзім ұнатқан жолмен емес, олар қалаған, олар мені көргісі келген жолмен жүрдім. Демек, мен ешқашан МЕН болмадым. Ал Макмерфи қалай өз МЕН-ін сақтап қалды?» дейді. Ойланатын сұрақ.

Жазушының қағаз бетінде сомдаған әр кейіпкері – бөлек образ. Мыстан медбике – тоталитарлық жүйенің көрінісі болса, Макмерфи – жүйеге қарсы шыққан жалғыз. Ал емхана емделушілері – сол жүйенің құлдары, кім білсін, бәлкім, партия мүшелері болар… Құрбандардың жанды жерін тауып, оны тырнаған кезде, сөзсіз, бірінші орынға билік шығып, ол адам, қоғам болмысына өз билігін жүргізе бастайды екен. Сондықтан қатаң жүйенің жалған моральға толы ұстанымы кім-кімді де оңай сендіре алады. Мысалы, Чесвик пен Хардингтің «көкектің ұясынан» ұзап кеткісі жоқ. Себебі өзінше ғұмыр кешсе, ауыр механизмнің астында тапталып өлемін деп қорқады. Ал біз билік деп отырған мыстан мен оның үш көмекшісінің де өз қасіреті өзінде. Еркіндікте жүр демесең, олардың да өмір жолы «көкектің ұясын» мекендейтін тұрғындардың тағдыры іспетті. Әсіресе үш қараның ең ергежейлісі бала кезінде анасының азапты өлімін өз көзімен көріп, психологиялық жарақат алып, бойы бір елі де өспеген. Әр кейіпкер – бір тағдыр, әр тағдырда мың қасірет. Кітаптың соңы сіз күткендей болмауы мүмкін. Бірақ біреудің өлімі мың тірі өліктің тірілуіне, өмірге басқаша қарауына сеп болады. Макмерфидің азапты өлімі дала баласы үндіс Бромденнің «көкектің ұясынан» қашып шығып, табиғат құшағына қайтуына айтарлықтай ықпал етеді. Романнан әркім өз керегін алары анық. Бұл ауруханаға «сырқаттардың» өз аяғымен келуі, қонақүйде жүргендей өмір сүруі, түрлі озбырлыққа етін үйретуі – қазіргі қоғамдағы жағдайдың өз таңдауымыздың, талабымыздың, шартымыздың айнасы екенін көрсетеді. Жазушының кейіпкерлері бұл сөзімізді нақтылай түседі. Жазушының шығарманы баяндау тәсілі де ерекше, басы артық сөзі жоқ роман оқырманды басынан аяғына дейін тапжылмай ұстап тұрады. Ауыр атмосфераны жеп-жеңіл қарқынмен сипаттаған жазушының шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Осы тұста аудармашы Лира Қоныстың да шеберлігін баса атап өткен жөн. Қазақы контекстке сай тұрақты тіркестері, идиомалары, сөз тіркестері, анықтамалар да бар. Аудармасын қиналып емес, қызығып оқисың.

Америка үкіметі 1970-1990 жылдар аралығында бұл шығарманың оқып, таралуына тыйым салған екен. Қайта басу тоқтатылып, кітапхана сөрелерінен алынып тасталды. Нәсілшілдік, жаттанды стереотиптер, феминизацияға қарсылық секілді мифтерді насихаттайды деп түсіндірді. Кітапқа тыйым салынуының басты себебі бұл емес. Өткен ғасыр басындағы АҚШ қоғамының ирониялық трагедиясын суреттегені үшін жазықты болса керек. Ауруханадағы адамдардың елден ерек ойлары, ұстанымдары, ессіздіктері мен әзілдері, кітап сюжетін қызғылықты қыла түседі. Әр кейіпкер соншалықты екшеленген.

Сөз соңында, біз сүріп жатқан қоғамда да белгілі бір мәселенің тамырын қазып, қозғалуы үшін міндетті түрде біреу(лер)дің жаны құрбандыққа шалынуы керек. Қанша жылдар бойы қалыптасқан үрдіс – осы. Түйткілді мәселенің шешімін іздеу – жанкештілік пен құрбан болудан кейін ғана жүзеге асатын процеске айналып кеткелі қашан. Дәл осы қасіреттің әу басында атап өткен рухани енжарлықтың кесірінен туындайтынын білсек қой шіркін. Әттең, оны да білеміз деп жүргенде біреуімізді не бірдеңемізді жоғалтып алмасақ екен.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: