Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 06 Тамыз 2024

Қоқыстан қалай электр энергиясын өндіруге болады?

1
Фото: dzen.ru

Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемдегі материалдарды, темірбетон бұйымдарын қайта өңдейтін және қоқыс жағу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт ашылады.

 Жақында ғана аталған кешеннің іргетасын қалау рәсімі өткен. Бұл бастаманы Іле ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының басқарушысы «ADC TAZA А 'Lem» ЖШС өз қарауына алыпты.

Жобаның жалпы құны шамамен 32,6 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 24,3 миллиард теңгесін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» қарастырады. Негізінен, үкімет қалдықтарды қайта өңдеу мен басқаруға қатысты жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру көзін бекіткен. Облыстық баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғарыда аталған «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыз және қарыз беру мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін деп белгіленіпті. Алғашқы 3 жыл ішінде бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі – 18,5 миллиард теңге. Өз кезегінде жаңа жоба 70-ке жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Бұл орайда бірнеше бағдарламаны «Жасыл даму» АҚ жүзеге асыратынын айта кеткен жөн.

Осындай ірі жобаны бастамас бұрын ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жобалау тобы барлық әкімдіктермен, салалық бизнес өкілдерімен кеңес өткізген. Соның қорытындысы негізінде әртүрлі өңірде құны 232,2 миллиард теңгені құрайтын 94 жоба іріктелді. Бұл қоқыс өңдеу саласына оң ықпалын тигізетін бастама болмақ. Соңғы есептерге қарасақ, 2023 жылы елімізде шамамен 4,1 миллион тонна коммуналдық қалдық жиналған, оның ішінде тек бір миллион тоннасы ғана қайта өңделді. Ал қалғаны арнайы полигондарда көмілген. Бұл өте аз көрсеткіш екені айтпаса да белгілі. Қоқыс шығаратын мыңға жуық көлік жетіспейді. 60 мың контейнер тапшы. Осы мәселелерді шешу үшін «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы әзірленген. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай елімізде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 40 пайызға жетуі керек.

Бұл орайда жұмыстың басым бөлігі жергілікті әкімдіктер тарапынан орындалуы тиіс. Әкімдіктер өткен жылғы қарашаға дейін мәселерді зерделеп, іс-шаралар жоспарын жасау үшін арнайы бағдарлама құрастырып, бекітуі қажет еді. Дегенмен жыл соңына қарай олардың 75 пайызы бұл жұмысты атқаруға кіріспеді де. Желтоқсанда министрлік бұл мерзімді биылғы шілдеге дейін ұзартуды ұсынды. Сол уақыт аралығында әкімдіктер полигондар үшін жер телімдерін бөлу және есепке алу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сұрыптау желілері мен қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды бастаған. Енді арнайы бағдарламамен несие алып, жобаларына кірісуде.

Бұл жобадан тыс та қоқыс өңдеу мәселесі әрдайым өзекті екенін есте ұстаған абзал. Өйткені қоқысты қайта өңдеу алдымен ресурс үнемдеуге көмектеседі. Бұл өз кезегінде кейбір табиғи ресурстарды үнемдеуге сеп болады. Оларды жерге көме беру де ең оптималды нұсқа емес. Токсинді қалдықтар топыраққа зиян әрі инфекция тарау қаупін де жоққа шығаруға болмайды. Ірі көлемдегі қоқысты бірнеше онжылдықтар бойы көме беру күндердің күнінде жерасты суын, артынша ауыз суды ластауы ықтимал. Әрі олар ыдыраған кезде зиянды газдар бөлінеді. Сондықтан болашақта көмілетін қоқыс көлемін ең төменгі көрсеткішке жеткізу қажеттілігі туындап отыр.

Балауса Ділдәбек

Алматы облысы