Көктің ұлы

І
Оңынан келтіргенде Алла сәтін,
Жырлаған Гагаринді Олжас ақын.
Тоқтардай ғарышкерді – намысты ерді,
Тудырған қазақ деген ел жасасын!
Тұрғанда империя қыспағында,
Халқымның болған емес күш қолында.
Байтақ ел, байтақ дала тебіренді,
Ғарышқа тұңғыш қазақ ұшқанында.
Бөктірді айналасын отты шаңға,
Зымыран Тоқтар мінген көкке ұшарда.
Шақырып ата-баба аруағын,
Байқоңыр бата беріп жатты сонда.
Бұғаудан босағанда шын қуанып,
Бағасын бостандықтың білдік анық.
Қазақтың өз жерінен қазақ ұшпай,
Ішінен қаншама жыл тынды халық.
Ғарышқа тұңғыш рет адам ұшқан,
Тарихтың басында тұр Қазақстан!
Киеңнен айналайын, Атамекен,
Тілдесіп тылсымменен сөз алысқан.
Шығар деп түбінде бір мықты қазақ,
Тәңірден көптен тілеп, күтті қазақ.
Басқа емес, біздер үшін осы күннің,
Қадірі, қасиеті тіпті ғажап!
ІІ
Адамда арман бітпес тірліктегі,
Көп болды Әубәкірге ұл күткелі.
Ұл көрді сегізінші қыздан кейін,
Үзілмей алтын арқау кіндіктегі.
Сағынып ұл дауысын іңгәлаған,
Қаншама қазақ өтті бұл даладан.
Ыстық жас қандай ғажап ұрпақ үшін,
Сынаптай омыраудан сырғанаған.
Барлығы бұл өмірдің ұрпақ үшін,
Тұлдырды тұқымы жоқ кім танысын?
Қайшысы қылпылдаған тағдыр кейде,
Қанатын қырандардың қырқады шын.
Қуаныш ата-ананың бойын кернеп,
Қойыпты ұлдың атын Қайырден деп.
Қайырден көп ұзамай шетінепті,
Қомағай ажал қашан тойым көрмек?
Шырағы жалғыз ұлдың мәңгі сөніп,
Қайғыдан әке-шеше қалды шөгіп.
Түскендей шаңырағы ортасына,
Есіктен шыға-тұғын жол бітеліп.
Бұл өлім батты бүкіл ауылға да,
Ағайын, туған-туыс, бауырға да.
Адамды құлатады ауыр қайғы,
Жығады ақбоз үйді дауыл ғана.
Жабыла жұбатқанмен төңірегі,
Басына түспегендер не біледі?
Жүрегі жұлынғандай кеудесінен,
Көз жасы Қамияның төгіледі.
Бір өзі асыраған ауыл-үйді,
Әкенің түскен салмақ белін иді.
Айырылу жалғыз ұлдан қандай қиын,
Тілініп бауыр еті, жаны күйді.
Жабығып жатса-тұрса жарым көңіл,
Қамия қарғыс айтты өлімге бұл.
Қайтеді көбелектей ғайып болса,
Көзіне зарыққанда көрінген ұл.
Еңіреп көп жылады, көп күйінді,
Шеше алмай көңілдегі нақ түйінді.
Жүргенде есеңгіреп, есі кетіп,
Ақсақал түсіне енді ақ киімді.
Қария деді былай Қамияға:
«Тұрғанда адам өлмес жан ұяда.
Түбіне тұңғиықтың жөнелген соң,
Табылмас түскен түйме дәрияға.
Тәңірдің өзі білер не берерін,
Қашанда көпке дайын көмегі оның.
Ұзамай жұбанасың, қуанасың,
Қолыңа қайта қонар көбелегің».
Боларын жақсылықтың сезіп оңай,
Қамия жүкті болды көп ұзамай.
Ұл туды балпанақтай күні жетіп,
Түстегі әулиенің сөзіне орай.
Құдайы жарылқаса пендесі бай,
Өмірге сәби Тоқтар келді осылай.
Жаратқан бере салған бала болды,
Жүрсін деп Әубәкірдей ер жасымай.
Кім болжар не боларын алдын ала,
Жұлдызы Қамияның жанды жаңа.
Жарық күн нұрын төгер алаламай,
Байға да, жарлыға да, зарлыға да.
Сонан соң өлім ортақ тірілерге,
Сұм ажал көрсетпейді түрін елге.
Сезеді пәлекетті пенде шіркін,
Тағдырдың тұзағына ілінерде.
Тіршілік шапқылатып ойлы-қырға,
Бір күні батырады қайғы-мұңға.
Бейхабар бұл өмірден сәби Тоқтар,
Әкеден қалды жеті айлығында.
ІІІ
Кез болып екі дүние тартысына,
Қамия түсті тағдыр талқысына.
Көп екен көргенінен көрмегені,
Көз салса тіршіліктің әр тұсына.
Жайнаған ғұмырының таңғы аспаны,
Қыз күнін есіне алды он жастағы.
Үкісі үлпілдеген еркесі еді,
Атақты Еңсебайдың Қаржастағы.
Құмары тәтті өмірдің тарқасын ба,
Қозыдай маңырады марқасында.
Шортандай айдындағы шолжаңдады,
Әкенің әлпештеген арқасында.
Бітіпті он мың жылқы Еңсебайға,
Ұқсаған ақ боз үйі кең сарайға.
Құдайдың сүйген құлы болса керек,
Басқаға мұндай байлық берсе қайда?
Жаз келсе беттен сүйіп майда желі,
Баянның бөктерінде ойнап еді.
Шұрқырап Сарыарқада
шалқып жатқан,
Дариға, қайда сол бір қайран елі?
Таланып тар заманның шатқалында,
Мал кетті діні қатты жат қолында.
Ұзамай қызыл қырғын аштық келді,
Сұмдықтың сыры жатқан қатпарында.
Айдалып байлар кетті жер түбіне,
Қарады болашаққа ел түңіле.
Белгісіз қайран әке қалды қайда,
Торғайдай тозып біткен төркіні де.
Бұл күнде мүлкі де жоқ, жылқы да жоқ,
Не пайда жылағанмен жұртына кеп?
Жоғалған жер бетінен талай қазақ,
Атысып бір-бірінің сыртынан оқ.
Заманның бірі келер, бірі кетсе,
Арман не, еркін ойнап-күліп өтсе?
Қызығы қыз ғұмырдың таусылар ма,
Жырлауға төгілдіріп тілі жетсе!?
Күндерде артта қалған алыстағы,
Ойында Әубәкірмен танысқаны.
Тербеліп алтыбақан ай астында,
Тілдесіп қос жүректің табысқаны.
Әубәкір Сарыарқаның серісі еді,
Жігіттің түнде жортқан бөрісі еді.
Ойнаған домбырада он саусағы,
Өнердің сарқылмайтын кеніші еді.
Екеуін Құдай өзі қосқан еді,
Куәсі қара жер мен аспан еді.
Ғашық жар жүрегінен жалын төгіп,
Бауырына балапандай басқан еді.
Тіріліп қайта келмес асыл жары,
Қайғысын кімге айтады басындағы?
Арқаға өз кезінде аңыз болған,
Тосыннан екеуінің қосылғаны.
ІV
Еңсебай сөзге шешен, іске мықты,
Сол түні ерекше бір түс көріпті.
Түсінде қолындағы балдағына,
Аршын төс, ақ қанатты құс қоныпты.
Әлгі құс әлде сұңқар, әлде қыран,
Ұшпапты үркітсе де балдағынан.
Қанатын дүр-дүр қағып сілкінгенде,
Есіпті салқын самал жан-жағынан.
Анттан айнып кету қандай жаман,
Еңсебай адам еді арды ойлаған.
Түндегі көрген түсі бекер емес,
Жасауға нартәуекел бел байлаған.
Маза жоқ ұйқысынан оянғалы,
Жүйрік ой бір желіп, бір аяңдады.
Шақырып ақыл қосар жақсыларын,
Көргенін көпшілікке баяндады:
«Қойған ем серт берісіп, құдаласып,
Қалыппын қара басып, шын адасып.
Түп-түгел қалың малын қайтарыңдар,
Қайтеміз өкпелесіп, кінәласып.
Ағайын қинамаңдар текке мені,
Бұл жерде бөтен сөздің жоқ керегі.
Иіліп Қамияның қолын сұрап,
Әубәкір кеше алдымнан өткен еді.
Меселін қайтарып ем жас баланың,
Қызымның байқамастан қас-қабағын.
Адамға берген антты қайтып алып,
Алланың әмірімен басқарамын.
Арқаға абыроймен атым асты,
Қосамын бата беріп екі жасты.
Мыңғырған қалың жылқы,
дүние-мүлік,
Қызымның тырнағына татымас-ты».
Осылай билік айтып тоқтам қылған,
Басына баласының бақ қондырған.
Қызының қызығынан нені аясын,
Той жасап, жасауымен аттандырған.
Қамия ұзатылып келген солай,
Тұра ма өткен күнін енді аңсамай?
Бір кезде байдың қызы болса-дағы,
Тірліктің тауқыметін көрген талай…
V
Секілді Тоқтар өсті жетім қозы,
Қалтырап қарлы боран өтінде өзі.
Қарайды жарқыраған жұлдыздарға,
Бұлқынған бесігінде батыр көзі.
Қамия тал бесікті тербетеді,
Көз жасын ауық-ауық көлдетеді.
«Тай басар ат тұяғын» деуші еді ғой,
Тоқтары әлі-ақ өсіп ер жетеді.
Сәбидің кешетұғын ғұмыры алда,
Шөлдейді қымыз бенен қымыранға.
Күні ертең көкке ұшарын қайдан білсін,
Айналып тал бесігі зымыранға.
Әкесіз бала Тоқтар өсті, міне,
Пенденің жаутаңдамай ешбіріне.
Ұлының сүйсінеді байғұс ана,
Өзіне тартып туған кескініне.
Қамия кең иықты, зор денелі,
Қайраты жігеріне дем береді.
Еңкейіп ат үстінен жерден алып,
Алдына құнан қойды өңгереді.
Колхозда көппен бірге еңбек етті,
Шаруасын шырқ үйіріп дөңгелетті.
Білдірмей жесірлігін, жетімдігін,
Өмірі жүк арқалап, терлеп өтті.
Арадай жан-жағынан талап, мына,
Дүние алды-артына қаратты ма?
Қыздарын тұмсықтыға шоқытпады,
Тоқтарын қақтырмады қанаттыға.
Марқұмның жарық болсын
жатқан жері,
Аймалап топырағын көктем желі.
Әйелдің ішіндегі ол-дағы бір,
Шаң жұқпас шашасына ақтангері.
Жарылқап, жебемесе Хақтағала,
Адамға өздігінен бақ қона ма?
Жасайды жүрегінде ел-жұртының,
Тоқтардай ғарышкерді тапқан ана!
VI
Бармақтай бақ сыйғанда
кең маңдайға,
Адамды жетелемес арман қайда?!
Атақты Тоқтардың да шыққан тегі,
Атасы балуан болған Оңғарбай да.
Қосағал, Сеңкібайдай бабалары,
Даланың болған дейді даналары.
Ту тігіп, тұлпар мініп
өткендерден,
Тектілік қалмағанда не қалады?
Бермейді сұрағанмен өмір сауға,
Түсесің от пен суға денің сауда.
Қолында Бикен деген әпкесінің,
Өткізді бала күнін Теміртауда.
Шықса да шырқап ұшып көк төсіне,
Қарыздар қайран сол бір әпкесіне.
Бауырын балапандай бағып-қаққан,
Кіргізбей қара шөгір өкшесіне.
Өмірде жаға алмайсың көпке бірдей,
Нәпақа таба алмайсың топқа кірмей.
Қыздырып қызыл шоққа төске салып,
Теміртау шыңдады оны көк темірдей.
Жүргенде жастық оты желіктіріп,
Сыған қыз бал ашыпты еліктіріп.
«Самғайсың самұрықтай» деп
айтыпты,
Күректей алақанын көріп тұрып.
Алқады қайсар ұлды көп тілегі,
Тіл-көзден аман қылғай деп тіледі.
Көргенмен адамдардан көп жақсылық,
Алладан басқа бірақ жоқ тірегі…
Қашпады қиындықтан көштен қалып,
Тастады талай ауыр тасты аударып.
Болам деп Бигелдинов ағасындай,
Оқыды оза шауып, Мәскеу барып.
VII
Атылып шықты көкке, міне, тағы,
Құдайдан басқа оны кім құлатады?
Жылдамдық оқтан ұшқыр зуылдаған,
Жігіттің жігітін тек шыдатады.
Құлағы тас бітеліп шыңылдады,
Шығардай болды кенет
шыбын жаны.
Ұшақтың бір жерінен ақау шықты,
Секір деп жердегілер шырылдады.
Қатердің бұл емес қой ақырғысы,
Өлімнен сескене ме батыр кісі?
Алдынан сақ-сақ күліп арсыз ажал,
Келеді құшағына шақырғысы.
Кірсе де сұрапылға оқ бораған,
Көне ме батыр туған Тоқтар оған?!
Ғайыптан кеңес берді сонда біреу,
Сескенбе, қаласың деп оттан аман.
Пендеге кездестірмес тағдыр нені,
Ұшақты қайтсең-дағы қондыр деді!
Аспаннан әмір берген ақылшының,
Айтқанын орындады бар білгені.
Мінді де бір сұрапыл долы күшке,
Сұрланып тартып алды демін ішке.
Сарт етіп крейсерге қонған кезде,
Көргендер сенбеді бұл көрініске.
Көрсетіп адам сенбес зор қайратты,
Ұшақты қысылғанда қолда ойнатты.
Басқарған генералдар басын шайқап,
Орыстар аузын ашып, таңдай қақты.
Сілтесе кесіп түсер шын асылдай,
Барады тәуекелге кім осындай?
Ажалмен қырық мәрте амандасқан,
Күн сайын көріп жүрген құдасындай.
Тоқтарға тылсым өзі жарлық берді,
Жасатып не керемет ерліктерді.
Жанармай құйып көкте екі мәрте,
Солтүстік шарлап қайтқан ендіктерді.
Аспанға оқтай зулап қанша шыққан,
Қатерлі сәттер аз ба қан тасытқан?
Ұшқыштар тарихында болмаған еш,
Сұрапыл мұндай ерлік жан шошытқан.
VIІI
Киелі Байқоңырдың баспалдағы,
Құдаймен тілдестірер аспандағы.
Көңілі астан-кестең аласұрып,
Ұшарда жанарынан жас парлады.
Ағайын, ойлашы осы ғаламатты,
Азамат арқалаған аманатты!
Ғарышқа тұңғыш рет Тоқтар емес,
Қазақтың арманы ұшып бара жатты.
Доптай боп дөңгелеген жердің шары,
Кетпейді көз алдынан сол бір шағы.
Сегіз күн самғаса да сапар шегіп,
Ғарышта көрінбейді жолдың шаңы.
Қашанда аманат қой жан Құдайға,
Артыңнан ажал күнде аңдымай ма?!
Анасы келе қалды көз алдына,
Құлыным барасың деп енді қайда!?
Тілекші қайран ана елмен қатар,
Жатса да о дүниеде қорғап жатар.
Баласы шырылдаса шеше, шіркін,
Сор кешіп, қасіретке белден батар.
Тірліктің өткізсе де мың дәуірін,
Еш қазақ із салмаған мұнда бұрын.
Қарсы алды ғарыш қолын шапалақтап,
Өзінің кіндігінен туған ұлын.
Ашпаған жұмбақ сырын ешбір жанға,
Тұңғиық тіл қатпайды қас қылғанда.
Адамзат жерге қалай сыйып келген,
Ғаламат мынау ғалам бос тұрғанда?
Надандар жоққа сенген жылайды нақ,
Көз жеткен ақиқаттан кім айнымақ?
Адамдар Құдай көкте деп айтады,
Жаратқан көктің өзін Құдай бірақ.
Шалқыған емін-еркін кең далада,
Сезінді өмір барын жерде ғана.
Не жетсін қара жердің құдіретіне,
Тіршілік атаулыға болған ана?!
Ғарыштан лүпілдетіп жан жүректі,
Табынып жер-анаға тағзым етті.
Түбі жоқ, шексіз-шетсіз бұл ғаламға,
Деп жатқан тірі жан жоқ келді-кетті.
Тылсымның ашылмаған көпке сыры,
Ешқашан жердегіге жоқ кесірі.
Тұрақ жоқ онда бірақ табан тірер,
Қара жер – адамзаттың ақ бесігі.
Ғарыштан көрінеді жер бұлдырап,
Бермеген жерге тыным тағдыр бірақ.
Төгіліп жататұғын тебіренгенде,
Көз жасы қара жердің – мөлдір бұлақ.
Ұшқаны кеше ғана болса-дағы,
Жүрегі сағыныштан ән салады.
Суындай туған жердің болсын қайдан,
Басқаның мөлдіреген бал шарабы?
Жер мынау, қайда дейді Қарқаралы,
Алтыннан үкі таққан Арқадағы.
Ойларға жеткізбейтін жетелейді,
Ғаламның түпсіз, терең шартарабы.
Түсінді көзбен шолып кең ғаламды,
Жарысқан жүйрік қиял жолда қалды.
Шегі жоқ кеңістікте тіршілік жоқ,
Жер екен асырайтын мәңгі адамды.
Жер екен ең жақыны, қымбаттысы,
Сұлуы ғаламшардың, сымбаттысы.
Бір уыс топырағының қасиетін,
Мың жылда түгесе алмас жырлап кісі.
Ағады арындаған зулап құсы,
Келмейді таң атқысы, күн батқысы.
Тоқтардың келді сол сәт
осыны айтып,
Ғарыштан адамзатқа тіл қатқысы.
Жұлдыздар жаққан отын
жарқыратып,
Құс жолы созылады шаң шұбатып.
Алысып, арпалысып алты құрлық,
Мұхиттар мөңкіп жатыр толқын атып.
Қай заман жер жаралып, су аққалы,
Бұрқырап жас топырақ бу атқалы.
Шешілмей келе жатыр содан бері,
Өмірдің не бір қиын сұрақтары.
Бар ма еді кәпірі мен мұсылманы,
Адамның көне заман тұсындағы?
Бере алмай соған жауап мұңаяды,
Мүлгіген пирамида Мысырдағы!?
Ұлиды Ұлықорған не себептен,
Шоши ма дәуірлерден
кешегі өткен.
Ұлардай шуылдаған Үндіс қайда?
Құрлығын Америка мекен еткен.
Адамзат қара жерді қоныстанған,
Не тапты жұлысқаннан, алысқаннан?
Кім білсін қалалардың қанша екенін,
Қираған сан сұрапыл соғыстардан.
Сондықтан жер ызалы, жер ашулы,
Адамзат ақылынан адасулы.
Ғарышта қаңсып жатқан дәнеңе жоқ,
Табасың жерден ғана қара суды.
У шашып зымырандар жанып ұшқан,
Қара жер қамығады жарылыстан.
Отырған өз тұғырын талқандаған,
Өзіне адамзаттың өзі дұшпан.
Созады бар тіршілік күнге қолын,
Қадірін кім бар бірақ білген оның?
Қатерлі кеңістікте қалт-құлт етіп,
Адамзат үстінде тұр бір кеменің.
Байқаса ғалам шексіз, жер аядай,
Бола ма оны қорғап, оны аямай?
Құс екеш құс та тірлік кеше алмайды,
Ағаштың жапырағын саяламай.
ІХ
Тұрғанда күнді айналып жер тұрақты,
Сөндірмес Тәңір көкте шамшырақты.
Оралып Тоқтар қайта қонғанында,
Аспанға бүкіл қазақ бөркін атты.
Адамға әрі батыр, әрі күшті,
Даңқ та, абырой да бағынышты.
Ғарышқа ұшқан жоқ ол жалғыз өзі,
Намысын туған елдің алып ұшты.
Өткеннің көз жіберсең сілеміне,
Сүңгисің соқыр тұман түнегіне.
Тоқтарлар тумағанда қайтер едік,
Халықтың Құдай берген тілегіне.
Келмеске аттандырған азап күнін,
Халқының кие тұтты Азаттығын!
Сақтады сары алтындай ата салтын,
Сатпады қазақтығын – қазақ тілін!
Заманның сапар шегіп, тар жолында,
Көтерді зілден ауыр салмағын да.
Разы ұлан-байтақ туған елі,
Ғарышқа тұңғыш түрен салған ұлға!
Үйренген ірі сөйлеп, ірі турап,
Тарихтан ерлер қалай ұмытылмақ?
Дүние шайқалғанда дауыл тұрып,
Алапес арамзаның күні тумақ.
Тарихта болған талай ақтаңдақтар,
Кетпейді оңайлықпен қатқан дақтар.
Тонындай тоғышардың тоғыз қабат,
Тағдырдың құпиясы қатпар-қатпар.
Бұл заман қу түлкідей бұлаңдады,
Кім білсін не боларын күн алдағы?
Жасытқан жақсыларын қайран қазақ,
Қадірін Тоқтардың да біле алмады.
Қоғамнан қошемет пен сый күтпеді,
Бармады шақырса да билік төрі.
Көкжалдай кең далада жалғыз жортып,
Байлыққа, басқаға да илікпеді.
Қазақтың көбейгенмен іштарлығы,
Тоқтарға бола қоймас дұшпандығы.
Үйіне іздеп барып сәлем бердім,
Гагарин ғарышқа алғаш ұшқан күні.
Терінде толқып отыр асыл аға,
Кісіге анау-мынау бас ұра ма?
Құшағы, есігі де кең ашылған,
Халықтың келген кәрі, жасына да.
Құттықтап үлкен-кіші келіп жатыр,
Достары қызмет етіп жолында тұр.
Осылай болу керек біздің қазақ,
Осылай болу керек нағыз батыр!
Қалыпты қайтар кезде екінді боп,
Толқыды, тебіреніп ақын жүрек.
Көрінді сонда маған қақпасы оның,
Ғарышқа шығар қақпа секілді боп!
Басқадан биік біткен бақ тұғыры,
Танылар тұрпатынан тектілігі.
Алланың аянымен туа қалған,
Турасы, Тоқтар анық – Көктің ұлы!