Көлтаусар Сатыбалдылардың Алматыдағы Таусоғар бауыры

2025 жылғы 24 мамырда Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Жаңа әкімнің келуімен бірге қоғам тарапынан үлкен үмітпен қатар сын да айтыла бастады. Алматы тұрғындары жаңа әкімнен ашық диалог пен нақты іс-қимыл күтетіндерін бастапқы күннен-ақ білдірді. Сатыбалды қызметке кіріскен сәтте-ақ өзі басқарған өңірлердегі кейбір даулы оқиғалар (мысалы, Түркістан облысындағы «хан ием» оқиғасы) және отбасының бизнес байланыстары туралы ақпараттар әлеуметтік желіде қайта көтерілді. Сонымен бірге әкім болып келген бойда Сатыбалдының өзі қала халқына тікелей үндеу жасамағаны, тек ресми баспасөз релиздерімен шектелгені сынға алынды.
Қала белсенділері «Алматыға пафос керек емес, жаңа әкім халықпен шынайы сөйлесіп, шынайы жұмыс істейді деп үміттенеміз» деп пікір білдірді. Яғни жұртшылық әкімнің әлеуметтік желілер мен Open Almaty қоғамдық қабылдау алаңы арқылы тұрғындармен тұрақты әрі ашық байланыста болса деп жатты. Өкінішке қарай, қызметінің алғашқы күндерінде Дархан Сатыбалдының аты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та негізінен сыни себептермен ғана аталды. Оның ең басты себебі – «Кортеж дауы» еді.

Сатыбалды мінбеген кортеж
Дархан Сатыбалды Алматыға әкім болып келе салысымен-ақ қаладағы ең танымал туристік бағыттардың бірі – Медеу мұзайдыны мен Шымбұлақ тау курортына апаратын жолда ұзын сонар кортеж көзге түсті. Куәгерлер бастапқыда мұны Мемлекет басшысының күтпеген келуі деп ойлаған: «Егер президент келген болса, бізді бұған жолатпас еді» дейді видео авторы. Алайда бұл президенттің кортежі болмай шықты. Мұндай салтанатпен жүретін басқа кім болуы мүмкін? Тұрғындардың ойына бірден жаңа әкім Дархан Сатыбалды келгені анық. Бір қызығы – бұл аумақта қатардағы туристерге жанармаймен жүретін көлікпен кіруге тыйым салынған. Мұнда тек электромобильдер мен арнайы экотакси жүруі керек.
Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та жаңа әкімді алғашқы күннен-ақ өткір сынға алған жазбалар көбейді. Көпшілік «аяғы жаман – төрді былғайды» деген мәтелді алға тартып, бірінші күннен осындай даңғазалық көрсеткен әкім болашақта халықтан алшақтай ма деген ащы мысқыл айтты. «Сатыбалды өзін президент сезініп кетті ме» деген де пікірлер айтылды. Яғни бұл кортеж дауы Сатыбалдының беделіне қатты нұқсан келтіріп, алматылықтардың біразын оның командасына қарсы қойды.
Кейін әкімнің баспасөз хатшысы бұл колоннаның Дархан Сатыбалдыға еш қатысы жоғын ресми түрде мәлімдеді. Бірақ жұрт бұған сене қойған жоқ. Әлі күнге «Президент келгендей жаяу жүргінші мен жол қозғалысын бөгеген кім» деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Журналистердің тікелей «сол автоколоннада әкім болды ма» деген сұрағына анық жауап берілмеді. «Жас Алаш» әкімдік өкілдерінен бірнеше мәрте «кортеж кімдікі» деп сұрағанда, аты-жөнін айтқысы келмеген жауапты тұлға бір-ақ ауыз «әкім кортежде болған жоқ» дегенді қайталаумен шектелді. Мұндай бұлдыр жауаптар жағдайды одан әрі ушықтырып, түрлі болжамдарға жол ашты. «Егер кортежде Сатыбалдының өзі болмаса, ондай салтанатпен тау ішінде бүкіл Алатауды шулатқан кімнің керуені» деп жұрт шамданды. «Біреу әуежайға асығып бара жатыр, енді бірі кішкентай балаларымен жол үстінде. Ал шенеуніктердің кортежі үшін қаланың жартысы кептелісте тұруы керек пе? Бірде әлдекімді жерлеп, әл-Фараби бойын жауып тастайды, енді бірде әкімнің кортежі жолды бөгейді. Шымкентте жолды жапса, көлік аз болған соң оны ешкім байқамауы мүмкін. Ал Алматы – ірі қала. Мұнда әр айналма жолдың өз бағыты бар. Жаңа әкім осыны түсініп, қаланың жол қозғалысына мұқият қарауы керек» деген сынды пікірлер жиі айтылды.
Алматы әкімдігінің оп-оңай сұрақты сонша қиындатып отырғаны қызық. Әйтпесе, кортежде әкім емес, Астанадан келген (немесе аспаннан түскен) бір мықты болды деп айта салуға не кедергі? Кейбір бейресми деректерде кортежде расында Сатыбалды болмағаны, оның мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа тиесілі екені айтылады («Жас Алаш» бұл туралы мәжіліске арнайы сауал жолдады). Сатыбалды сонша жасырып-жабатындай не басына күн туғанын кім білсін, әйтеуір «мен емеспіннен» арыға баспай отыр. «Ал қолыңнан не келер екен көрейік» деп, бүкіл ел жолына қарап, әр қимылын қапысыз аңдып отырған сәтте оның мұндай үнсіздігі – жауапкершіліктен қашу сияқты көрінеді. Ал өзі тұратын қалаға көлеңкесінен қорқып, ешкімнің атын атай алмайтын, бұғып қалатын адамның әкім болғаны кімге керек? Оның үстіне, Сатыбалды әкім болып тағайындала сала, қала ішінде әр көшені бөгеген полиция, сол бөгелген көшемен зулап өтетін кортеж жиі көзге түсе бастады. Түркістанда хан атанып, Алматыға әкім болғалы өзін президенттей сезініп жүрген (олай емес деп үміттенеміз) Дархан Сатыбалдыға халық тарапынан әлі нақты баға берілген жоқ, бірақ алғашқы күннен-ақ сенімсіздік пен күдік басым.
Сатыбалдылар әулетінің жуан ата екенін жұрт біледі. Шетінен бизнесмен, шетінен құрылысшы. Анау-мынау емес, Астанада бір көлді құрғатып тастап, Көлтаусар атанған белді құрылысшылар. Жұрт мұны жақсы біледі, қоғамда «Сатыбалды отбасының активтері енді Алматыға көшіріле ме» деген сөз қазірдің өзінде айтылып жатыр. Астанаға барып, Көлтаусар атанған Сатыбалдылар Алматыға келіп Таусоғар атануы әбден мүмкін ғой. «Жас Алаш» бұл әулет туралы біраз зерттеу жасаған, алдағы уақытта «Сатыбалдылар және Алматы» тақырыбын назарда ұстайтын болады.

Дархан Сатыбалдының туыстары қандай бизнеспен айналысады?
Дархан Сатыбалдының мемлекеттік қызметтегі жолы ғана емес, отбасылық байланыстары да қоғам назарында. Әкімнің өзі көпбалалы отбасынан шыққанын, бір әпкесі және алты ағасы бар екенін айтқан. Осы ағайындылар республика көлемінде ірі бизнесмен ретінде танымал. Сатыбалдының жақын туыстары Астана қаласында құрылыс және девелопмент саласында ауқымды бизнес жүргізеді. Әулеттің бүкіл бизнесін түгендеп отырсақ бір мақалаға сыймайды. Әйелінің өзі бизнеспен айналысатын Сатыбалдының ағайындарының құрылысқа қатысы бар кейбір бизнестеріне тоқталып өткенді жөн көрдік.
Мұхтар Сатыбалды – Дархан Сатыбалдының үлкен ағасы. Ол Астанада «Құрылысшы LTD», FITNESS PALACE, Nomad Stroy Company, Prestige AST, Home Builders, Ultra Build, New Home Build жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің негізін қалаушы (құрылтайшысы) саналады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік нысаны ретінде Sat Tower компаниясын басқарады. Мұхтар Сатыбалды негізін қалаған барлығы 8 компанияның былтырғы жиынтық ақша айналымы 51 млрд теңгені құраған. Бұл фирмалардың кейбірі бұған дейін салық төлеуден жалтаруға қатысты сынға ұшыраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «КӨЛТАУЫСАРЛАР» ТІЗІМІНДЕГІ АҒАЙЫНДЫ САТЫБАЛДЫЛАРДЫҢ МИЛЛИОНДАРЫ # 1
Сұңқар Сатыбалды – Дархан Сатыбалдының тағы бір ағасы. Ол құрылыс секторында Smart Construction KZ, Sat Build, Sat Group Project, Kaz Building сияқты ЖШС-ларды басқарады. Аталған кәсіпорындардың барлығы жылжымайтын мүлік және құрылысқа маманданған. Sat Group Project компаниясының қызметі ерекше көзге түседі. Ол 1997 жылы құрылғанымен, 2023 жылы қайта тіркеуден өткен соң қаржылық көрсеткіштері күрт өскен. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы бұл компанияның ақша айналымы 310 млрд теңгеге жетіп, сол жылы 5,87 млрд теңге салық төлеген. Сұңқар Сатыбалдының өз атына тіркелген бес компаниясының 2024 жылғы жиынтық айналымы да шамамен 183,5 млрд теңгені құрап отыр. Төлеген салығы да 3,5 млрд теңгеге жуық. Бұл астрономиялық көрсеткіштер С.Сатыбалды кәсіптері елордадағы ірі құрылыс жобаларына қатысқанын аңғартады. Дегенмен кей деректерде оның кейбір компаниялары (мысалы, Kaz Building) мүлде салық төлемегені және қаржылық ақпараты ашық емес екені айтылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «КӨЛТАУЫСАРЛАР» ТІЗІМІНДЕГІ АҒАЙЫНДЫ САТЫБАЛДЫЛАРДЫҢ МИЛЛИОНДАРЫ #2
Ғабит Сатыбалды – Дархан Сатыбалдының інісі. Ғабит Сатыбалды ағайындылар ішінде «ең бай құрылтайшы»саналады. Оның бақылауында 9 компания бар. Атап айтқанда, Sat Group Project, «Кенада», FITNESS PALACE, Sat Group Construction, New Company AST, Astana Stroy LTD, Астана Констракшн LTD, CBC Group, Wanshengceramic секілді компаниялардың және Palace жеке кәсіпкерлігінің иесі ретінде тіркелген. Ғабит Сатыбалдының осы аталған бизнес құрылымдары 2000 жылдары Астана қаласында көптеген құрылыс жобаларын жүзеге асырған. Айта кетерлігі, Ғабит Сатыбалды бұрын ҰҚК органдарында қызмет еткен деген ақпарат бар. 2022 жылы БАҚ Ғабит пен Сұңқар Сатыбалдиевтердің атын елордадағы Кіші Талдыкөл көлін құрғатып, заңсыз құрылыс бастауға ұмтылған даулы жобаға байланысты атады.
Ғ.Сатыбалдыны ең бай құрылтайшы деп атау тегін емес, себебі оның атындағы компаниялардың былтырғы ақша айналымы 515 млрд теңгеден асады. Кейбір компаниялары бірнеше млрд теңге салық төлейді.

Түркістанда «хан» атанған
Дархан Сатыбалды Түркістан облысын басқарған кезінде тағы бір ерекше резонанс тудырған оқиға – халық арасында «Хан» оқиғасы аталып кеткен жағдай орын алды. 2022 жылғы қазан айындаТүркістан облысының бірнеше ауданынан келген 50 шақты диқан жаңа әкімге мұң-мұқтажын айтып, жолығуға тырысты. Аграрлы өңірде негізгі мәселе – мақта бағасының күрт төмендеуі мен жер даулары еді. Фермерлер облыс әкімі Сатыбалдыдан мақта өнімінің сатып алу бағасын реттеуге қатысты дауды шешуге араласуын сұрамақ болды. Алайда әкімдік ғимаратына жиналған жұртты Дархан Сатыбалды қабылдауға шықпай қойды. Сонда наразылық білдірушілердің бірі: «Бізге әкім емес, хан келді. Ханға тізерлеп тұрып сұрау керек. Сол үшін тізе бүгіңдер, сонда, бәлкім, ол сыртқа шығар» деп дауыстады. Мұны естіген көпшілік бір кісідей тізерлеп отыра қалып, «О, хан ием!» деп айғайлады. Осы сәтті түсірген видео әлеуметтік желілерде лезде таралып, көпшіліктің наразылығын туғызды.
Бұл оқиға республикалық БАҚ-та кеңінен талқыланып, Дархан Сатыбалдының имиджіне елеулі соққы болды. Әкімдіктің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, жиналғандардың Түркістан облысының шаруа қожалық иелері екенін, олардың мақта шикізатын сатып алу бағасына мемлекет тікелей араласа алмайтынын айтты. Д.Сатыбалды дәл бір ай бұрын – 2022 жылғы 21 қыркүйекте – осы диқандармен кездесіп, субсидия бөлуді уәде еткен, бірақ жеке компаниялар иелігіндегі мақта зауыттарының баға саясатын әкімдік реттей алмайтынын түсіндірген. Дегенмен әлеуметтік желілерде Дархан Сатыбалдыға халық қойған «Хан» деген ат желдей есіп, бейресми лақапқа айналды. Кейіннен Сатыбалдының өзі бұл жағдайға қатысты: «Мен сол сәтте ғимаратта болған жоқпын, әйтпесе сыртқа шығып, олардың мәселесін тыңдар едім» деп ақталды.

Қолы қасиетті, аяғы құтты жаяу әкім
Енді Алматыға қайта оралсақ.
«Кортеж» дауы әкімге қатты тиген болу керек, көп өтпей «Сатыбалды қаланы жаяу аралап жүр» деген ақпараттар бірінен кейін бірі шыға бастады. Асылы,Сатыбалды мырза қаланы жаяу аралап жүргенін айтып, мақтанып жүр деген дұрысырақ болатын шығар. Арнайы фотографтар мен операторлар соңынан қалмай – қолмен көрсеткен гүлзар, көз тастаған бордюр, қадағалаған жоба бәрі суретке түсіріліп, желіге салынды. Мысалы,әл-Фараби бойындағы көпірге барған – «жобаны көркем етіп аяқтаңдар» депті. Гагарин көшесіндегі орындықты сипаған – «керемет» деген. Сайран су қоймасымен танысқан – «уақытында бітсін» деген. Гандидегі скверді аралаған – «шөп қурап кетпесін» деген! «Ақаусыз жолжиекті ауыстырмаңдар» деп тапсырма берген. Осыдан кейін хан-әкім қолы тиіп кеткен жеріне қасиет даритын әулие-әкім атанса таңғалмаңыз.
Енді алдағы уақытта не болады? Тағы да осылай жалғастырып, блогерлер мен медиа-платформалар арқылы өз бейнесін «реформатор», «халықшыл әкім» етіп көрсетуге тырыса ма? Әлде, БАҚ беттерінде айтылып жатқан қалаға бөлінген 2,2 триллион теңгені тиімді пайдаланып жатқандай боп көріне ме? Осылайша «қаланы өзгертіп жатқан әкім» образына кірісе ме? Егер олай болатын болса, ел мақтайды. Ақорда риза болады. Болды! Келесі күні әкімдіктің әлеуметтік парақшасында: «Әкім халықпен бірге!» деп жазылған пост тұрады. Бәрі де «отчет» үшін... Әрі қарай «кортежіне» мініп, биіктен қаладағы қарқынды құрылысқа көз салып отыратын шығар...
Айтпақшы, «Жас Алаш» Медеудегі кортеж ішінде кім болғанын және халықтың көкейінде жүрген «Сатыбалды туыстарының құрылыс компаниялары Алматыға көшірілмей ме» деген сауалдардың жауабын білу үшін әкімдікке бірнеше сауал жолдады. Бұдан бөлек, Алматы қалалық полиция департаменті, «Медеу» спорт кешеніне арнайы сұрақтар жолданды. Ресми сауалдың жауабы жылдам келе қалмайтыны белгілі, сондықтан алдағы уақытта арнайы сұрақтарымыздың жауабын міндетті түрде жариялаймыз.
Тұрсынбек БАШАР